Атырау әкімі қызметінен кетті – БАҚ
Шәкір Кейкін Атырау қаласының әкімі қызметінен кетті. Бұл ақпаратты бірнеше БАҚ жазды. Шенеуніктің қызметтен кетуі оның екі орынбасарына қатысты қылмыстық істер жүріп жатқан тұсқа сәйкес келді.
Шәкір Кейкіннің қызметтен кету себебі әзірге айтылған жоқ.
Шәкір Кейкін Атырау қаласын 2023 жылғы 10 шілдеден бері басқарды. Қаланың жаңа әкімі кім болатыны әзірге ресми хабарланған жоқ.
Бірнеше даудың ортасында қалды
Кейкіннің қызметтен кетуі соңғы айларда Атырау әкімдігінде болған оқиғалар аясында назар аудартады. Биыл шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қала әкімінің орынбасары Тілек Махуовты ұстаған. Ол 100 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.
Қала әкімінің тағы бір орынбасары Мейіржан Мұқасов сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс аясында жауап алуға шақырылып, кейін босатылған.
Осы іс бойынша Шәкір Кейкіннің өзі де жауап алуға шақырылған. Алайда оған қандай да бір айып тағылған жоқ.
Айта кетейік, биыл шілдеде Атырау облысының әкімі де ауысты. Серік Шәпкеновтің орнына бұрынғы энергетика министрі Болат Ақшолақов тағайындалды.