Қоғам

Атырау мұнай өңдеу зауытында өрт шықты

25 тамызда сағат 12:55 шамасында «112» қызметіне Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағында түтін байқалғаны туралы хабар түскен.

Фото: azh.kz

Нысанның ерекшелігі ескеріліп, Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері оқиға орнына жоғары шақыру дәрежесі бойынша жедел жіберілді.

Өртті сөндіруге ТЖМ-мен қатар «Семсер өрт сөндіруші», АТМА әуежайы және NCOC компаниясының өрт сөндіру-құтқару қызметтері тартылды. Жалпы 65 адам мен 19 арнайы техника жұмылдырылған.

Оқиға орнында жедел штаб құрылып, барлық тартылған күштердің әрекеті үйлестірілді.

Мамандардың жедел жұмысының нәтижесінде сағат 13:42-де өрт оқшауланып, жалынның таралуына жол берілмеді. Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндірілді.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Жағдай ТЖ қызметтерінің бақылауында.

Сайт Әкімшілігі