Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары түрмеден мерзімінен бұрын босатылмайды
10 жылға сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаев шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға қол жеткізе алмады.
Алдымен Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Бұл шешіммен келіспеген Таубаев апелляциялық шағым түсірген. Алайда өткен аптада Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша бұрынғы шенеунік жазасын өтеуді жалғастырады.
Оның жаза мерзімінің аяқталуына шамамен екі жыл қалған. Ол 2022 жылдың мамырынан бері түрмеде отыр, ал оған дейін екі жылға жуық уақыт тергеу изоляторында (СИЗО) қамауда болған.
Еске салайық, 2020 жылы Нұрлан Таубаев пен сол кездегі Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров өңірдегі жол құрылысы жұмыстарын жүргізген мердігер компаниядан 182 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. 2022 жылдың мамырында сот екеуін де Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу») бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған.