Әлеумет

Атырауда отбасы мүшелерін өлтірді деп айыпталған Сәрсемалиевтің ісі бойынша жаңа деректер белгілі болды

Атырауда бүтін бір отбасын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты басты сот процесі 28 мамырда басталады. Іс материалдарында оның қайын атасы Мақсот Қарабалин мен қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны қалай өлтіргені туралы жаңа мәліметтер жария болды.

Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Бұл туралы "Курсив" басылымы жазды.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 2025 жылғы 3 қарашада Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында болған. Айыпталушы ол жерге әйелі және қызымен барған. Тергеу мәліметінше, жанжал балаларға байланысты шыққан. Қайын енесі немерелерін ауылда қалдыруды талап еткеннен кейін Сәрсемалиев балаларынан айырылып қаламын деп ойлап, кісі өлтіруге бел буған.

Прокурор Мирас Бауыржановтың айтуынша, қылмысқа дейін айыпталушы қайын атасының банк қосымшасына кіріп, кейін үйдің коммуналдық төлемдерін төлеу үшін деректерін көшіріп алған.

Тергеу нұсқасы бойынша, Сәрсемалиев үй ішінде екі адамға бірдей шабуыл жасау қиын екенін түсініп, сарайда күткен. Ол жердегі пышақты алдын ала байқап қойған.

«Сағат шамамен 19:00-де Сәрсемалиев аулада отырып, Қарабалин немесе Өтешқалиеваның сарайға кіруін күткен. Алғаш болып Өтешқалиева шыққан. Айыпталушы оның артынан сарайға кіріп, арт жағынан келіп, арқасына пышақ сұққан», – деді прокурор.

Әйел сол жерде көз жұмған. Осыдан кейін айыпталушы сарайдың кіреберісінде қалып, қайын атасын күткен. Қарабалин ішке кіргенде оған кеуде мен арқа тұсынан бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Ер адам да оқиға орнында қайтыс болған.

Іс материалдарына сәйкес, Сәрсемалиев қылмыстың ізін жасыру үшін сарайды жауып қойған. Түн ортасында қайта келіп, мәйіттерден құтылуға әрекеттенген.

«Шамамен түнгі 00:00-де ол кереуеттің астындағы жерді 1 метр 30 сантиметр тереңдікке дейін қазып, екі мәйітті сол жерге көмген. Үстіне линолеум төсеп, қылмыс іздерін толық жасырған. Сарай ішіндегі қан іздерін де сүртіп тазалаған», – делінген іс материалдарында.

Осыдан кейін айыпталушы марқұмдардың алтын бұйымдарын, телефондарын, банк карталарын және 60 мың теңге қолма-қол ақшасын алып кеткен.

Бұған дейін Сұлтан Сәрсемалиев кінәсін толық мойындап, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дайын екенін айтқан еді.

Сайт Әкімшілігі