Атырауда Жангелдин ауылындағы отбасы өліміне қатысты тергеу аяқталды
Атырау облысындағы Жаңгелдин ауылында бір отбасының қаза табуына байланысты резонансты іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды.
Негізгі күдікті – Сұлтан Сәрсемалиев кінәсін мойындап, қазір Атыраудағы тергеу изоляторында сотты күтіп отыр.
Дереккөздердің мәліметінше, айыпталушы қылмыстық іс материалдарымен танысып, төрт адамды өлтіргенін мойындаған.
Сәрсемалиевке ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы – “екі немесе одан да көп адамды өлтіру” бойынша айып тағылған.
Сонымен қатар тергеу аясында Қылмыстық кодекстің 188 және 190-баптары – “ұрлық” және “алаяқтық” бойынша қосымша істер тіркелген. Әңгіме қаза тапқан отбасының малын сату және олардың банк карталарындағы ақшаны иемдену туралы болып отыр.
“Барлық тергеу әрекеттері аяқталды. Іс толық дайын, жақын арада сотқа жолданады. Сот процесі осы айда басталады”, – деді дереккөз.
Бұған дейін Атырау облыстық прокуратурасы психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Сұлтан Сәрсемалиев толықтай есі дұрыс деп танылғанын хабарлаған еді.
Бұл оның заң аясында толық көлемде жауапқа тартылатынын білдіреді.
Тағылған айыптарды ескерсек, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айының соңында туыстары төрт адамның жоғалғанын хабарлаған. Олар:
66 жастағы Мақсот Қарабалин;
64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
35 жастағы Мирамгүл Қарабалина;
32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев.
Кейін 6 қаңтарда зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйіттері өз үйлерінің ауласындағы қорадан табылды.
9 наурызда тағы екі адамның денесі Атырау маңындағы Геолог шағынауданынан табылды.
Күдіктілер және қашу әрекеті
Негізгі күдікті ретінде отбасының күйеу баласы – 29 жастағы Сұлтан Сарсемалиев танылды. Ол отбасының кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден кеткен.
Кейін олар Индонезия еліндегі Сенару ауылында ұсталды. Қазақстанға экстрадицияланды.
Тергеу барысында Сәрсемәлиев екі адамды өлтіргенін мойындап, олардың жерленген орнын көрсеткен.