Атыраудағы атышулы отбасы өлімінің себебі сотта айтылды
Атырау облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында төрт адамнан тұратын отбасының өліміне қатысты істің себебі жария етілді. 18 мамыр күні іс бойынша алдын ала сот отырысы өтті.
Мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқып, қазақстандықтарды дүр сілкіндірген қылмыстың мән-жайын баяндаған.
Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев пен әйелінің туыстары арасында ұзақ уақыт бойы шиеленісті қарым-қатынас болған. Тергеу нұсқасы бойынша, жанжал отбасының қайда тұратыны, балалар тәрбиесі мен жеке өмірге араласу мәселелерінен туындаған.
«Осы жағдайлардың негізінде Сәрсемалиевте әйелінің туыстарына деген өшпенділік қалыптасқан», - делінген айыптау актісінде.
Тергеу мәліметінше, дау балалардың қайда тұратынына қатысты келіспеушіліктер мен бірнеше жыл бойы шешілмеген отбасылық жанжал аясында өрбіген. Іс материалдарында дәл осы факторлар кейінгі қанды оқиғалардың негізіне айналғаны көрсетілген.
Алдын ала сот отырысы — тараптар іс материалдарымен танысып, процессуалдық мәселелерді талқылайтын және істі әрі қарай қарау тәртібі белгіленетін кезең. Негізгі сот процесі 28 мамырға белгіленді.
Істі бұған дейін Яна Легкодимованың өліміне қатысты резонансты іске үкім шығарған судья Зарема Хамидуллина қарайды.
Сәрсемәлиевке қандай айып тағылды?
Сұлтан Сәрсемалиевке Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылып отыр:
— 99-бап 2-бөлімінің 1 және 13-тармақтары — екі немесе одан да көп адамды бірнеше рет өлтіру;
— 188-бап 2-бөлігі — алдын ала сөз байласу арқылы жасалған ұрлық;
— 190-бап — алаяқтық.
Прокуратура мәліметінше, ұрлық пен алаяқтық эпизодтары қаза тапқандардың жеке заттарын иемдену және олардың малын заңсыз сатумен байланысты.
Бұған дейін Атырау облысының прокуратурасы психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Сәрсемалиев толық есі дұрыс деп танылғанын хабарлаған. Демек, ол заң аясында толық көлемде жауап береді.
Айыптардың ауырлығын ескерсек, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Әйеліне неге айып тағылмады?
10 наурызда тергеу соты қаза тапқандардың қызы әрі Сәрсемалиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваны психологиялық-психиатриялық сараптамадан өткізу үшін арнайы медициналық мекемеге жібергені белгілі болды.
Кейін ол Алматыдағы Сот сараптамасы институтына ауыстырылған.
4 мамырдағы жағдай бойынша сараптама қорытындысы әлі дайын болмаған. Прокуратура мәліметінше, Мұқанғалиеваның әрекеттеріне әзірге құқықтық баға берілмеген және оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмаған.
«Қылмыстық құқық бұзушылықтарды Сәрсемалиев жалғыз өзі жасаған. Басқа тұлғалардың қатысы анықталған жоқ», - деп хабарлады прокуратура.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айының соңында туыстары төрт адамның жоғалғанын хабарлаған. Олар:
66 жастағы Мақсот Қарабалин;
64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
35 жастағы Мирамгүл Қарабалина;
32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев.
Кейін 6 қаңтарда зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйіттері өз үйлерінің ауласындағы қорадан табылды.
9 наурызда тағы екі адамның денесі Атырау маңындағы Геолог шағынауданынан табылды.
Күдіктілер және қашу әрекеті
Негізгі күдікті ретінде отбасының күйеу баласы – 29 жастағы Сұлтан Сарсемалиев танылды. Ол отбасының кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден кеткен.
Кейін олар Индонезия еліндегі Сенару ауылында ұсталды. Қазақстанға экстрадицияланды.
Тергеу барысында Сәрсемәлиев екі адамды өлтіргенін мойындап, олардың жерленген орнын көрсеткен.