Атыраудағы қанды қылмыс: Сотта Сұлтан Сәрсемәлиевтің ата-анасынан жауап алынды
Жангелдин ауылындағы отбасы өліміне қатысты іс бойынша сотта айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің ата-анасы куәлік берді, деп хабарлайды «Ақ Жайық» басылымы.
Сот бүгін куәлардан жауап алу кезеңін бастап, алғашқы болып айыпталушының әкесі куәлік етті.
Сот залына ақсаңдап кірген Самиғолла Сәрсемәлиевке денсаулығына байланысты отырып сөйлеуге рұқсат етілді. Тергеу барысы айтылған сәтте айыпталушы Сұлтан Сұлтан Сәрсемалиев көз жасына ерік беріп, қатты толқығаны байқалды.
Әкесі ұлын сабырлы, отбасын ойлайтын адам ретінде сипаттады. Оның айтуынша, Сұлтан зиянды әдеттерден аулақ болған, жанжал шығармайтын және әрдайым отбасының жағдайын бірінші орынға қоятын.
Сонымен қатар әкесі ұлын толық ақтамайтынын айтып, бұл іске сот әділ баға береді деп үміттенетінін жеткізді. Ол болған жағдайға әлі күнге дейін сену қиын екенін айтты.
Куәгер қазіргі таңда Сұлтанның балалары әртүрлі мекемелерде тәрбиеленіп жатқанын да мәлімдеді. Бір бала сәбилер үйінде болса, қалғандары кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында жүр.
Сот барысында әке бұрынғы ерлі-зайыптылардың арасына басқалар араласқан болуы мүмкін деген пікір білдірді. Алайда мұны қылмысқа себеп ретінде қарастыруға болмайтынын айтты.
Ол ұлының бұрынғы жұбайына дөрекілік көрсеткенін немесе қол көтергенін ешқашан көрмегенін де атап өтті.
Кейін сотта айыпталушының анасы Гүлнар Азмұханова жауап берді. Ол соттағы сұрақтарға жауап беруден бас тартып, тергеу кезінде берген жауабын толық қолдайтынын айтты.
Сот залынан шығар алдында анасы ұлына қарап, қандай жағдай болса да оның бес баласына әке болып қала беретінін айтып, рухын түсірмеуге шақырды.
Қазіргі уақытта іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.