Қоғам

Атыраудағы қылмыс: Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды

Бұл туралы облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек мәлімдеді.

Фото: скриншот

Оның айтуынша, тергеу барысында Ақбаян Мұқанғалиеваның кісі өлтіру фактісіне қатысы бары дәлелденбеген.

«Әйелдің адам өлтіруге қатысы анықталмағандықтан, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Ал қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс тіркелгенімен, әзірге құқықтық баға берілген жоқ», – деді ол.

Сондай-ақ прокурор көмекшісі Ақбаян Мұқанғалиева іс бойынша күдікті ретінде танылмағанын және оған ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмағанын айтты.

Бұған дейін әйелге Алматыда психиатриялық сараптама тағайындалғаны хабарланған еді. Алайда Атырау облысының прокуратурасы сараптама қорытындысы әлі дайын болмағанын мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекетіне құқықтық баға оның психикалық жағдайы толық анықталғаннан кейін беріледі.

Ал негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты қылмыстық іс сотқа жолданған. Іс бойынша сот процесі 2026 жылғы 18 мамырда басталады.

Еске салайық, 2025 жылғы 25 желтоқсанда Атырау облысы полиция департаменті бір отбасының бірнеше мүшесінің жоғалуына байланысты іздеу жариялаған болатын.

Кейін іздеу жұмыстары кезінде ерлі-зайыпты Мақсат Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері өз үйлерінің аумағынан табылған. Тергеудің бастапқы кезеңінде негізгі күдікті ретінде Сұлтан Сәрсемәлиев танылса, оның әйелі Ақбаян Мұқанғалиева хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде іздеуге берілген еді.

Сайт Әкімшілігі