Қоғам

Атыраудағы қылмыс: Сұлтан Сәрсемалиевтің шетелге қалай қашқаны белгілі болды

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында бір отбасының төрт мүшесін аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот процесі басталды.

Фото: atpress.kz

Сотта тергеу материалдары жарияланып, күдіктілердің қылмыстан кейін шетелге қалай қашқаны туралы жаңа мәліметтер айтылды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Сәрсемалиев қылмыстан кейін марқұмдардың мүлкін заңсыз иемденген. Ол туыстарының сенімін және отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайына байланысты туындаған жағдайларды пайдаланған. Тергеу дерегінше, алынған қаражат оның материалдық жағдайын жақсартуға және шетелге қашуды ұйымдастыруға жұмсалған.

Іс материалдарында қаза тапқан туыстары жоғалып кеткеннен кейін олардың балалары Сәрсемалиевтің анасының қарауында қалғаны көрсетілген. Тергеу мәліметіне сай, құқық қорғау органдары адамдардың жоғалып кетуіне байланысты іздестіру жұмыстарын бастағанын түсінген Сәрсемалиев Атыраудан шұғыл кетуге шешім қабылдаған.

Тергеу дерегі бойынша, онымен бірге Ақбаян Мұқанғалиева да елден кеткен. Айыптау қорытындысында күдікті оны Қазақстанда қалдыру қауіпті деп санағаны айтылған. Себебі жақын туыстарының жоғалып кетуі мен отбасының мүлікті рәсімдеу үшін шетелге кетуі тергеу органдарының күдігін тудыруы мүмкін болған.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 9 желтоқсанында Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева «Қапланбек» өткізу пункті арқылы Қазақстаннан шығып, Өзбекстанға өткен. Ал 13 желтоқсанда Ташкент – Куала-Лумпур – Бали бағыты бойынша Индонезияға ұшып кеткен.

Тергеу мәліметінше, ерлі-зайыпты Бали аралында екі айдан астам уақыт бойы жасырынған. Алайда 2026 жылдың 24 ақпанында оларды Индонезияның көші-қон қызметі виза мерзімін бұзғаны үшін ұстаған. Кейін күдіктілер Қазақстанға депортацияланған.

Сайт Әкімшілігі