Атыраудағы отбасын өлтіру ісі өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімдерімен танылған судьяға түсті
Атырау облысында тұтас бір отбасын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Сот кабинетіндегі деректерден белгілі болды.
Бұл туралы kursiv.media жазды.
Істі өңірдің мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты қарайды. Процесті судья Зарема Хамидуллина жүргізеді. Ол бұған дейін Яна Легкодимованы өлтіру ісін қарап, айыпталушыларды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен еді.
Сәрсемалиевке қатысты істің қандай белгі бойынша қаралатыны жарияланбаған. Процестің өзге де мәліметтері Сот кабинетінде көрсетілмеген.
Айта кетерлігі, айыпталушылар арасында Ақбаян Мұқанғалиева жоқ. Ол Сәрсемалиевтің жұбайы әрі қаза тапқан отбасының кіші қызы.
Бұған дейін бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғаны хабарланған еді.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айының соңында туыстары төрт адамның жоғалғанын хабарлаған. Олар:
66 жастағы Мақсот Қарабалин;
64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
35 жастағы Мирамгүл Қарабалина;
32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев.
Кейін 6 қаңтарда зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйіттері өз үйлерінің ауласындағы қорадан табылды.
9 наурызда тағы екі адамның денесі Атырау маңындағы Геолог шағынауданынан табылды.
Күдіктілер және қашу әрекеті
Негізгі күдікті ретінде отбасының күйеу баласы – 29 жастағы Сұлтан Сарсемалиев танылды. Ол отбасының кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден кеткен.
Кейін олар Индонезия еліндегі Сенару ауылында ұсталды. Қазақстанға экстрадицияланды.
Тергеу барысында Сәрсемәлиев екі адамды өлтіргенін мойындап, олардың жерленген орнын көрсеткен.