Атыраудағы тәрбиеші бұған дейін де жауапқа тартылған болып шықты
Атырауда жекеменшік балабақшада бір жарым жастағы балаға тәрбиешісі қатыгездік көрсетті деген күдік бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды.
«7 арна» мәліметінше, баланың денесінен көгерген іздерді әжесі байқап, отбасы жағдайдан хабардар болған. Осыдан кейін ата-анасы балабақшадағы бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерген.
Туыстарының айтуынша, кадрларда тәрбиешінің балаға дөрекі қарым-қатынас жасағаны көрінеді. Ол баланы қолынан сүйреп, құлағынан тартып, қолтығынан көтерген және күштеп ұйықтатуға тырысқан.
Баланың анасы Жазира Ғабиденнің сөзінше, ұлы балабақшада шамамен сағат 09:00-ден 12:30-ға дейін ғана болған. Әйел камера орнатылмаған бөлмелерде балаға не болғанын білмейтінін айтып, алаңдаушылық білдірді.
Отбасы оқиғадан кейін 27 жастағы тәрбиешінің бұған дейін де жауапқа тартылғанын анықтаған.
Ал балабақша директоры Нағима Аманқосова тәрбиешінің өткеніне қатысты ақпараттан хабарсыз болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, әйел мекемеге шамамен екі ай бұрын жұмысқа орналасып, сотталмағаны туралы анықтама тапсырған. Кейін бұл құжаттың 2025 жылы берілгені белгілі болған.
«Анықтаманы көрдік те, бәрі дұрыс деп ойладық. Берілген күніне мән бермеппіз», - деді директор.
Жекеменшік балабақша жұмысын шамамен үш ай бұрын бастаған. Қазір мұнда 24 бала тәрбиеленіп жатыр.
Отбасы полицияға жүгінгеннен кейін кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 27 жастағы әйелге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.