Қоғам

Атырау әкімінің бұрынғы екі орынбасары қылмыстық қудалаудан босатылды

Атырау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Шәкір Кейкин мен Мейіржан Мұқасовқа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды.

Фото: Pixabay.com

ҰҚК-нің Атырау облысы бойынша тергеу басқармасы оларды тағылған айыптарға қатысы жоқ болғандықтан қылмыстық қудалаудан босатқан. 

Прокуратура бұл шешімнің заңдылығын растады. Бұл туралы "Ақ Жайық" басылымына адвокат Нұрлан Жолболов хабарлаған.

Ал іс бойынша қалған екі фигурант – "Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету" ЖШС бас директорының бұрынғы орынбасары Бейбіт Мағзұмов пен Әнуар Күншығаров алаяқтық жасады деген айыппен сот алдында жауап береді.

Күдіктілер әр кезеңде кәріз жүйесіне қызмет көрсетумен айналысатын бір компанияны басқарған.

Адвокаттың айтуынша, бұл істің Атырау әкімінің тағы бір орынбасары Тілек Махуовтың ұсталуына қатысты басқа қылмыстық іске қатысы жоқ. Махуов 100 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген.

Еске салайық, Шәкір Кейкиннің қала әкімі қызметінен кеткені туралы ақпарат қыркүйекте тараған еді. Ол 2023 жылғы 10 шілдеден бастап Атырау қаласын басқарды.

Сайт Әкімшілігі