Атырау облысы: Чапаевтың орнына Жамбыл келді
Атырау облысында бірқатар білім және мәдениет мекемелерінің атаулары өзгерді. Атап айтқанда, Исатай ауданында мектеп пен мәдениет үйінің атауы ауысты.
Бұрын Чапаевтың атын иеленген мектеп енді ақын Жамбылдың есімімен аталады. Тұщықұдық ауылындағы мәдениет үйі Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйі деп аталмақ. Көрнекті қоғам қайраткері, өнер майталманы 1968 жылы Аққыстау мәдениет үйінің басшысы және аудандық халық театрының көркемдік жетекшісі, 2000 жылдары Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейін басқарып, оның дамуына үлкен үлес қосқан.Махамбет ауданындағы Чкалов атындағы орта мектепке Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Ал Индер ауданындағы Гребенщик орта мектебі Әбіш Кекілбайұлы атындағы орта мектеп болып өзгертілген.Сондай-ақ, үкімет қаулысымен Атырау аграрлы-техникалық колледжіне Оңайбай Көшековтің есімі берілді. Мемлекет қайраткері Оңайбай Көшеков Кеңес кезінде Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. Ол облысты басқарған кезде Теңіз кен орны ашылып, Атырау-Ганюшкино жолы салынды, Атырау-Мақат-Құлсары, Индер-Сағыз-Миялы жолдары, Мақат-Индер темір жолы салынып, аймақтың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыды.Коллаж: zhasalash.kz