Атырау шенеуніктері қызметінен «өз еркімен» кетіп жатыр
Атырау облысында жыл басындағы ауыс-түйістер басталып кеткені байқалады. Осыдан екі жыл бұрын, 2017 жылдың қаңтарында тағайындалған облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВА қызметінен кетті.
Ресми мәлімет бойынша – «өз еркімен» кеткен. Бейресми көздер Нұрсәуле Сайлауқызының соңғы кездері өзіне қарасты салаларда орын алған жемқорлық деректерінен кейін орнын босатқанын айтуда. Айта кетейік, өткен жылдың соңында Атырауда облыстық білім беру басқармасының басшысы мен орынбасары «пара алды» деген күдікпен ұсталған еді. Қалай болғанда да, арнайы шақыртылған активте өңір басшысы Нұрлан НОҒАЕВ бұрынғы орынбасары жайлы «бұл лауазымда жақсы жұмыс істеді» деген лебіз білдірді.Сонымен қатар, Индер ауданының әкімі де өз еркімен жұмысынан кетіп, орнына бұған дейін Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Мейірім ҚАЛАУИ келді. Отыз үш жастағы Мейірім Қалауи – жас та болса бас болып келе жатқан кадрлардың қатарында. Келесі кезекте – әзірге әкімі тағайындалмаған Құрманғазы ауданы тұр.Фото: juresovet.ru