Саясат

Атырауда әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы өлі күйінде табылды

Атырауда облыстық әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Бауыржан Асаинов өлі күйінде табылды.

Фото ашық дереккөз

 Шенеуніктің мәйіті 18 қазанда өзі тұрған пәтерден анықталған. Бұл туралы "Ақ Жайық" басылымы жазды.

Бауыржан Асаинов Атырау облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментін басқарған. Оның қайтыс болғанын әріптестері растады. Ведомствоның ресми парақшасында марқұмға арналған қазанама жарияланған.

Бейресми мәліметтерге қарағанда, шенеуніктің мәйіті табылғанға дейін пәтерде шамамен екі апта жатқан болуы мүмкін. Осы аралықта үйге жылу берілген. Бұл мәйіттің ыдырау процесін жеделдетіп, өлім себебін анықтауды қиындатуы ықтимал.

Басылым дереккөздері Асаинов пен оның ағасы немесе інісі арасында жанжал болуы мүмкін екенін хабарлаған. Алдын ала ақпарат бойынша, ағайынды екі азамат бірге алкоголь ішкеннен кейін сөзге келіп қалған. Болжам бойынша, бауыры Асаиновты ұрып, ол әлі тірі кезде пәтерден кетіп қалған.

Дереккөздердің мәліметінше, ақпарат алынған сәтте оның бауырының қайда екені белгісіз болған.

Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ. Ағайындылар арасындағы болжамды жанжалдың шенеуніктің өліміне қатысы бар-жоғы және нақты өлім себебі белгісіз.

Бауыржан Асаинов 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап Атырау облыстық әлеуметтік қорғау департаментін басқарған. Бұған дейін прокуратура органдарында, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жұмыс істеген. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ішкі қауіпсіздік басқармасын басқарған.

Т. РАУШАНҰЛЫ