Қоғам

Атырауда мектеп дәретханасына камера орнатылғаны анықталды

Атырау облысындағы мектептердің бірінде оқушылар пайдаланатын дәретханаға бейнебақылау камералары орнатылған.

Фото: видео-скрин

Прокуратураның мәліметінше, мұның салдарынан 1 400-ден астам баланың жеке өміріне қол сұғылған.

Облыстық прокуратура бұл жағдайды өрескел заңбұзушылық деп бағалады. Ведомство өкілдері дәретханаларда бейнебақылау жүргізу балалардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Алайда тексерілген мектептің атауы, камералардың қанша уақыт жұмыс істегені және бейнежазбаларға кімдердің қол жеткізгені әзірге жарияланған жоқ.

Тексеру барысында балалардың дербес деректеріне қатысты өзге де заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, өнер мектебінің бірінде 400-ден астам оқушының жеке мәліметтері шетелдік цифрлық платформаға орналастырылған.

Ал Жылыой ауданындағы № 6 мектепте ата-аналардың келісімінсіз 2 мыңнан астам оқушының деректері сабаққа қатысуды есепке алу жүйесіне енгізілген.

Жалпы, Атырау облысында анықталған заңбұзушылықтар 4 мыңнан астам баланың құқығына әсер еткен. Прокуратураның хабарлауынша, балалардың құқықтары қалпына келтіріліп, кінәлілер жауапкершілікке тартылған.

Сайт Әкімшілігі