Қоғам

Атырауда мемлекеттік органдардың 800-ден астам жалған қызметтік куәлігін дайындаған күдікті ұсталды

Атырау облысында мемлекеттік органдардың жалған қызметтік куәліктерін жасап, сатумен айналысқан заңсыз арна әшкереленді.

Фото: ІІМ

Полиция күдіктінің үйінен 800-ден астам жалған құжат пен оларды әзірлеуге арналған техникалық құралдарды тәркіледі.

ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбектің мәліметінше, оқиға 23 қарашада басталған. Сол күні полицейлер Lexus 470 көлігін тоқтатып, салондағы төрт адамды тексерген. Автокөліктен тапаншаға ұқсас зат пен ҰҚК қызметкерінің қызметтік куәлігі табылған. Кейін құжаттың қолдан жасалғаны белгілі болды.

Осы дерек бойынша жүргізілген жедел-іздестіру шаралары кезінде жалған куәліктерді әзірледі деген күдікпен Атырау облысының 39 жастағы тұрғыны анықталды. Оның үйін тінту барысында 803 жалған қызметтік куәлік табылған.

Тәркіленген құжаттардың 606-сы ҰҚК-ге, 95-і Ішкі істер министрлігіне, 47-сі мемлекеттік кірістер органдарына, 46-сы прокуратураға, ал тоғызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тиесілі болып көрсетілген.

Бұдан бөлек, полицейлер ҰҚК-нің 367 эмблемасын, мөр, компьютер, принтер, қатқыл диск және құжаттарды қолдан жасауға пайдаланылған басқа да заттарды тәркілеген.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті жалған куәліктерді сатып келген. Көлікте болған ер адамдардың бірі одан осындай құжатты сатып алғаны анықталды.

Қазір полиция заңсыз әрекеттің барлық мән-жайын, күдіктінің сыбайластарын және жалған куәліктерді сатып алған өзге адамдарды анықтап жатыр. Тергеу-жедел шаралары жалғасуда.

Сайт Әкімшілігі