Саясат

Атырауда Назарбаев көшесі пайда болды

Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ жаңа президент ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасын жұрттың алды болып «тастай» қылды.

Jasalash.kz
Парламентте ел Астанасының атауы өзгеріп жатқанда атыраулықтар да қарап жатпапты. Тіпті, ел-жұрттың талқысына салып жатпай-ақ бірден шешім қабылдайтын шенеуніктер жаңа президентке тезірек ұнап қалуға тырысып жатқан сияқты. Соған қарағанда, түске дейін айтқан сөзі түстен кейін орындалып жатқан Тоқаев та осал президент болмайтын секілді.Атырауда «Азаттық» атауы айдалада қалды. Бүгін өткен XXXVI қалалық сессияда Сәтпаев даңғылын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп қайта атау туралы мәселе қаралды. Депутаттар бұл ұсынысты қызу қолдап, бір ауыздан ұйымшылдықпен дауыс берді. Қазақтың ұлы ғалымының есімі енді Азаттық көшесіне берілмек. Ал тәуелсіздіктің құрметіне Азаттық деп аталған көшенің мұнайлы астанада енді болар-болмасы белгісіз.Айта кетейік, еліміздегі қалалардың ішінен облыс орталықтарындағы бас көше атауын өзгерту туралы мәлімдемені дереу қолдап, едел-жедел шешім қабылдағандар Атырау мен Шымкент екен. Шымкенттің қалалық мәслихаты өз кезегінде Астана даңғылын Назарбаев деп ауыстыру жөнінде шешім қабылдап үлгерген. Дегенмен, соңғы сөз республикалық ономастикалық комиссияның құзырында.  Естеріңізге сала кетсек, бүгін президент ретінде ант қабылдау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев облыс орталықтарындағы орталық көшелерді түгелдей Назарбаев атымен атау туралы ұсыныс айтқан.Фото автордікі.
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега