Әлеумет

Атырауда өлі табылған шенеуніктің әпкесі мәлімдеме жасады

Атырауда 18 қазанда пәтерінен мәйіті табылған Әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Бауыржан Асаиновтың әпкесі Алма Мұқатова бейнеүндеу жариялады.

Фото ашық дереккөз

Ол інісінің өмірінің соңғы күндері туралы айтып, отбасының ұстанымын жеткізді.

Алма Мұқатованың айтуынша, Бауыржан Асаинов қайтыс болар алдында еңбек демалысында болған. Осы уақытта ол "Сарыағаш" шипажайына барып демалған. Кейін Атырауға оралып, тұрғылықты жеріндегі емханада ем қабылдаған.

Марқұмның әпкесі шипажайға барғанын және ем қабылдағанын растайтын медициналық құжаттар, соның ішінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бар екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, әріптестері Асаиновтың жұмыста болмау себебін білген және онымен байланыста болған.

Сонымен қатар Алма Мұқатова отбасының тағы бір мүшесіне қатысты ақпаратқа түсініктеме берді. Оның айтуынша, екінші інісі 9-10 қазан күндері отбасылық жағдаймен Атырауда болған. Ал 10 қазанда сағат 12:00-де өзі тұрақты тұратын Астана қаласына ұшып кеткен.

"Оның ұшып кеткенін растайтын құжаттарымыз бар. Ешкім тергеуге жауап беруден жасырынған жоқ. Жауап алу хаттамасы іс материалдарында бар", – деді Мұқатова.

Осылайша, туыстарының мәліметінше, отбасының тағы бір мүшесі Атыраудан 10 қазанда кеткен, ал Бауыржан Асаиновтың мәйіті 18 қазанда табылған. Дегенмен бұл деректер марқұмның нақты қашан қайтыс болғанын анықтауға мүмкіндік бермейді.

Алма Мұқатова әлеуметтік желілерде тараған кейбір мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын айтып, оларды жоққа шығарды. Әсіресе марқұм туралы жарияланымдардың астындағы пікірлер отбасы мүшелеріне ауыр тиіп жатқанын жеткізді.

"Шындыққа жанаспайтын ақпараттардың астына жазылған пікірлер оның анасына, бауырларына, менің жиендеріме қатты ауыр тиіп жатыр", – деді ол.

Еске салайық, 18 қазанда Атырау қаласындағы пәтерлердің бірінен Әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Бауыржан Асаиновтың мәйіті табылған болатын. Оның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу марқұмның нақты қай уақытта қайтыс болғанын және өлімінің алдында қандай оқиғалар болғанын анықтауы тиіс.

Сайт Әкімшілігі