Әлеумет

Атырауда жүк көлік жүргізушілеріне миллиондаған айыппұл келе бастаған

"Бір аптада 12 миллион теңгені қалай табамыз?"

Фото: ЖИ

Қазақстанда жүк көлігі жүргізушілеріне салынған миллиондаған теңге айыппұлға қатысты дау туындады. Олардың айтуынша, кейбір жүргізушілерге 20 миллион, 24 миллион, тіпті 100 миллион теңгеге дейін айыппұл келген.

Белсенді Рүстем Баязиевтің сөзінше, мұндай айыппұлдар КамАЗ және өзге де жүк көліктерінің жүргізушілеріне салынған.

"Айыппұлдар 20 миллиондап, 24 миллиондап, тіпті 100 миллиондап келіп жатыр дейді. Бір аптаның ішінде төлесең, 50 пайыз жеңілдік қарастырылған екен. Мысалы, 24 миллион теңгенің жартысы – 12 миллион. Қазақстанда бір аптада 12 миллион теңге табатын жүргізуші бар ма? Осы сұрақты билік өкілдеріне қойғым келеді", – дейді ол.

Белсенді мұндай соманы қарапайым жүргізушілердің қысқа мерзімде төлеуі мүмкін емес екенін айтып, жауапты мемлекеттік органдардан жағдайға назар аударуды сұрады. Сонымен қатар оның айтуынша, кейбір жүргізушілерге жүк көлігі таразыға жетпей жатып, тіпті мемлекеттік нөмірі көрінбеген жағдайда да айыппұл келген.

Әзірге аталған сомалардың әр жүргізушіге жеке салынған айыппұл ма, әлде бірнеше құқық бұзушылық бойынша жиналған жалпы берешек пе екені белгісіз.

Жүк көлігі жүргізушілері құзырлы органдардан айыппұл есептеу тәртібін түсіндіріп, олардың заңдылығы мен негізділігін тексеруді талап етіп отыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жүк көлігі