Әлеумет

Атыраудағы Тұздыкөлге жету қиын

Атырау облысының Индер ауданында орналасқан шипалы да көркем Тұздыкөлді толыққанды туристік нысанға айналдыру жұмысындағы жұмыстың бірі қолға алынды.

Jasalash.kz
Ол бойынша аудан орталығы Индербордан Қарабау елді мекеніне дейін салынғалы жатқан жол Тұздыкөл арқылы өтетін болды. Қазір бұл жолдың сметалық құжаттары әзірленуде.Айналасында бұлақтары, тұздан қаланған күмбездері, «Қыз әулие» сынды бала еміне дауа іздеген жандар, сәби сүйгісі келген қыз-келіншектер баратын киелі бұлағы бар Тұздыкөлдің әлі күнге «жабайы» жағажай күйінде тұрғаны талай айтылып та, сыналып та жүр. Жолының, инфражүйесінің жоғына қарамастан жазғы маусымға оған келетіндер саны мыңдаған адамға дейін артып отыр. Оның қомақты бөлігін алыс және жақын шетелдерден келгендер құрайды. Көл басында қонақ үй болмағандықтан келімді-кетімді туристер әкелген шатырларында түнейді. Аудан орталығына қатынау үшін такси жалдауға мәжбүр.-Тұзды көл аумағынан емдеу-сауықтыру санаториін салу жоспарланған. Сол себепті, біз әзірге бұл жерден туристік нысан салмақ болып келген кәсіпкерлерге жер бере алмай отырмыз. Екінші жағынан, бірнеше шақырым жерден жарық, су, жылу жеткізудің өзі кәсіпкерге салмақ түсіреді, — дейді Индер аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Бақытжан САХИПОВ.Аймақтағы ішкі туризммен айналысатын бірден бір ұйым – балалар туризмі мен өлкетану орталығының директоры Гүлжан ЕЛЕШОВА облыс басшылығына Тұздыкөлге байланысты тағы бір ұсынысын жеткізген.-Биыл туристік нысанға оқушыларды алып бардым. Соншалықты сұлу табиғат аймағына қатынаудың қиыншылығын басымыздан өткердік. Сол себепті, халық көп келетін жазғы маусым кезінде Индербордан Тұздыкөлге баратын автобус жүргізудің қажеттігін мәселе етіп көтердім. Бұл ұсынысымды жергілікті туристік мекемелер тегіс қолдап отыр, — дейді Г.Елешова.Тұздыкөл аймағында Менделеев кестесіндегі 16 элемент бары және бұл арадан жиырмадан астам буын, тыныс жолдары, тері ауруларын емдеуге болатыны әлдеқашан анықталған. Елдің батысындағы дертке дауа болатын мекенді Ресейдегі Оренбург облысындағы осындай тұзды көлдері бар Соль-Илецкімен салыстырады. Біздегі Тұздыкөл танымал курорттық аймақтан жер бедері, емі жөнінен еш кем түспейді. Бірақ, екеуінің арасындағы туристік нысан ретіндегі айырмашылық – аспан мен жердей десек артық айтқанымыз емес.Фотолар автордікі
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега