Қоғам

Аудан мен ауыл әкімдерінің құзыреті күшеймей, ауылдың тұрмысы түзелмейді

Қазақстанды ауылдың күшімен-ақ, бақуатты тұрмысқа кенелтуге болады. Мәселен, бір ғана Қарағанды облысында агротуризмге сұранып тұрған Қарқаралы таулы орман оазисі, Ақтоғайда тарихи-археологиялық нысандар, дала сафариі, таза ауа, көркем табиғат, ұлттық тағам, Балқашта демалыс аймағы, Нұра мен Шетте әуесқой аңшылық, балық аулау, таңғажайып фауна, флор атаулысының бәрі бар.

Jasalash.kz

Еліміздің жері шұрайлы, нулы да сулы кең байтақ даласында мыңғырлатып мал өсіріп, төрт түлікті асылдандыратын да мүмкіндігі жеткілікті. Алайда, үкіметте нақты әрекет, сала министрлігінде серпіліс, облыс әкімдерінде ынта жоқ. Елдегі ауыл шаруашылығы саласының ардагері алқалы жиындарда, БАҚ арқылы көтерем боп қалған саланы тыңайтатын жолды дамылсыз айтып, көрсетіп келеді. Бірақ  жанашырлардың сөзіне құлақ асып, әрекет ететін билікте бейілдік жоқ.

– «Ауыл  –  ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс аудандарын дамытудың 5 жылдық бизнес жоспарын жақында облыс басшылығына жолдадық. Әкімдік бастаған жауапты ведомстводағылар отыз екі талаптан тұратын жобаны іске асыруды жедел бастамаса, келешекте ауылдар азып, жеріміз тозып, әр түрлі мал аурулары өршитінін ескерген жөн. Жоғарыдағы отыздан астам өзекті тармақты тарқатып талдау ұзақ уақытты алады. Соның ішінде, әр ауланы аралап жергілікті жердің скринингін жасау жөнінде тармақ бар. Ұлытау өңірі бөлінгеннен кейін облыста 7 аудан, 6 қала, 330 елді мекен, 160 ауылдық округ пен кент қалды. Бұған дейін де, бұл өңірлерде скрининг мүлдем жүргізілмеген. Қарамағындағы әр ауылдың жағдайын аудан әкімдері жетік білмейді. Сондықтан болар, президент жолдауында айтылғандай, қажетті қаражат бірінші кезекте тұрғындарға пайдалы әрі олардың өмір сүру деңгейін жақсартатын сұраныстарға бөлінбей келеді. Керсінше, қаржы сән мен имидж үшін жасалған саябақтарға, аллея ашуға, су бұрқақтар орнатуға жұмсалған фактілері әр өңірде қылаң беретіні жасырын емес. Біз ұсынған талапқа сай жол картасы жасалса, әр ауданның ауылдары бірінші кезекте, орта мерзімде, болашақта атқаратын жұмыстарды рет-ретімен іске асыруға болады. Сонда басшылар шатаспайды, бюджет қаржысы тиімді жұмсалады. Ол үшін алдымен маңызды мәселенің басын ашып алу қажет. Тоқ етерін айтсақ, ендігі жерде қаржы тетігін жергілікті әкімдердің құзырына беруі керек. Ендігі жерде «Аудан әкімі сайланды, осымен жағдай түзеледі» деген қасаң қағида жүрмейді. Бұл құр шөппен ауыз сүрткенмен бірдей.  Былтыр сайланған 12 ауыл әкімі өз өтініштерімен қызметтен кетті. Ал тақтан алыстаған бұрынғы әкімдердің орнына кадр табылмау фактілері орын алып жатқаны жасырын емес. Өзекті проблема қоғам мен жоғары биліктегілерді ойландырғаны жөн! Бар гәп мынада: қазір ауылдық жердегі әкімдердің 80 пайызының  өкілеттігі жойылған. Бүгінгі аудан әкімдердің бюджетті игеру мен көше тазалап, гүл отырғызуға ғана өктемдігі өткір жүреді. Шынтуайына келгенде, шаруашылық, кәсіпкерлік, құрылыс, өндіріс салалары олардан сырт айналып кеткен. Білім, медицина, жергілікті полиция, салық, төтенше жағдай, өрт сөндіру қызметі секілді жұлынды салалардың барлығы облыс, республикалық деңгейдегі құзыреттілердің қарамағына көшті. Сөйте тұра, аталған салалардағы кемшіліктер аудан әкімінен сұралады. Прадокс емей немене?! Дейтұрғанмен қаhарлы дауылға қарсы тұрып, бұқараның жағдайын шешіп жүрген кейбір қайсар ауыл әкімдердің қажырлы еңбегіне қайран қаламын. Жүйкені жұқартатын мұндай азапқа екінің бірі төзе бермесі анық, – дейді, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, қоғам қайраткері Ниқанбай Омарханов.

Ауыл шаруашылығы саласы маманының айтуынша, қазақ ауылдарында билікаралық тепе-теңдік әлі орнамаған. Спикердің ойынша, оны шешудің бір-ақ жолы бар. Ол президент айтқан әлді президент-әкім, ықпалды парламент-мәслихат, есеп беруші үкімет-бөлім, басқармалар қағидасын аудандарға енгізу керек! Сонда барлық деңгейдегі әкімдердің ықпалы, жауапкершілігі, құқығы күшейеді. 

Айтбала Сүлейменқызы
Тегтер: Без Тега