«Әуе билеті арзандаған жоқ»: Бақытжан Базарбек Салық кодексіндегі түзетулерді қатаң сынға алды
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Салық кодексіне енгізілген түзетулерді сынады. Депутаттың айтуынша, ҚҚС-тан босатылуы тиіс емес салалар жеңілдік алып кеткен, ал салықтық жүктеме керісінше қарапайым кәсіпкерлер мен басқа секторларға түсіп отыр.
Базарбек Мәжіліс отырысында ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмринге бұрын берген уәдесін еске салды. Оның сөзінше, министрлік жаңа өзгерістер күшіне енгеннен кейін алты ай ішінде талдау жүргізіп, қажет болса қосымша түзетулер енгізетінін айтқан. Мысал ретінде депутат авиаотын мәселесін көтерді.
Оның айтуынша, әуе билеттерінің бағасын арзандату үшін авиаотын ҚҚС-тан босатылған. Алайда нәтиже керісінше болған.
«Билеттер арзандаған жоқ, керісінше қымбаттап кетті», - деді Базарбек.
Өз кезегінде Ұлттық экономика министрлігі биылғы жартыжылдық қорытындысынан кейін талдау жүргізілетінін мәлімдеді.
Ведомство өкілдері жаңа ұсыныстар мен түзетулер күзде Мәжіліске енгізілуі мүмкін екенін айтты.