Ауғанстан алыс-беріске алтын көпір бола ала ма?
«Май береміз, ұн аламыз»190 млн доллар. Бұл – Қазақстан мен Ауғанстан келісімшартының құны.
Әңгімені тереңінен тарқатайық. 3 тамыз күні елордада екі ел кәсіпкерлерінің бірлескен бизнес форумы өтті. Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи бастаған бизнес-делегацияны қазақ үкіметі құшақ жая қарсы алды. 210 адамнан тұратын делегация құрамында «Да Афганистан Брешна Шеркат» энергетикалық компаниясының, ауылшаруашылық өнімдері мен мал шаруашылығы палатасының, сауда-инвестициялық палатасының өкілдері және Ауғанстан орталық банкінің жетекшілері бар. Кілең ығай мен сығайлар. Ауғанстан билігін басқыншылықпен басып алған тәліптер шуының сейілгеніне ұзақ уақыт өте қоймады. Алайда біздің үкіметтің үркер ойы жоқ. Керісінше, кездесудегі алғашқы сөзін «тәліптер терроршы емес, санкция салынған адамдар», – деп бастап, Ауған тарапына шаң жұқтырмады.
Сапардың жоспары – серіктестік. Кілемін көтеріп, шай-пұлын арқалап келген ауған кәсіпкерлері «май береміз, ұн аламыздың» мәселесін көтерді. Ал біздің тарап «Ауғанстанды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеміз», – дейді. Көтере алмас шоқпарды беліне байлаған билікке таңғалмайтын болдық. 1 ай бұрын ғана цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің қазақстандықтарды мобильді интернетті үнемдеуге шақырғаны қайда?
Ауғандардың да айтары бар
Тәліптердің елордадағы сапары 3 күнге созылды. Алғашқы күні қазақ-ауған компанияларының таныстырылым шаралары өтті. Екінші күні бизнес форум жұмысын бастап, сауда-саттық бойынша құны 190 млн долларға бағаланған келісімге қол қойылса, үшінші күні ауғандықтар көрмесі өтті.
«Бүгінгі біздің мақсат – Қазақстан инвесторларын тарту, өйткені біздің ел – мүмкіндіктер алаңы. Сонымен қатар арамыздағы тауар айналымы мен бизнес қарым-қатынастарын дамытқымыз келеді. Әсіресе бағалы тастар, қазбалы байлықтар бағытында серіктестік орнатқымыз келеді. Сол үшін бүгін бар жақсымызды көрмеге әкеліп отырмыз», – деп форумда Нуриддин Азизи көсіле сөйлеп, транзиттік тарифке, яғни тауарларды жеткізу құны бойынша жеңілдік беруін сұрады. Біздің үкімет Астанаға ат терлетіп келген қонақтарының сөзін екі етпеді. Тәліптердің жеңілдік сұрауы артық кеткендік сияқты. Себебі қазірдің өзінде бір ғана Алматы қаласында 5000-нан аса астық тасымалдайтын ауған делдалдары бар. Бізге бұл туралы редакциямызға хат жазған оқырманымыз Болат Жанберген айтып берді.
– Еліміз тәуелсіздік алғалы 32 жылдан бері нәтижесіз форумдардың куәсі болып келе жатырмыз. Бұл жолы да солай. Қазақстан ұн мен астықтан басқа, Ауғанстан май мен кілемнен басқа ешнәрсе жеткізе алмайды. Ұн мен астық бойынша Қазақстаннан Ауғанстанға жеткізетін делдалдар жетеді. Олар, тіпті қай жерден арзан бағаға алу керек екенін де біледі. Олардың Өзбекстанның теміржолдарымен тікелей жеткізуге болатын келісімдері бар. Қазақстан үкіметіне қарағанда тауарларды әлдеқайда арзан бағада жеткізеді. Сондықтан бұл форум – биліктің кезекті шоуы, – дейді Б.Жанберген.
Естеріңізде болса, 2019 жылы Африканың оңтүстігінде өлімі ең көп ел саналатын Зимбабве елінің президенті Эммерсон Мнангагва іс-сапарлатып келген еді. Кездесуде Қазақстан Зимбабвенің транспорт-логистикалық желісін жетілдіру мәселесіне араласуға ықтияр екендігін айтқан. Сол кезде де «өзің диуанасың – кімге пір боласыңның» күйін кешкенбіз. Содан бері 4 жыл уақыт өтті. Нәтижелі жұмыстың жемісін де, Зимбабвенің президентін де көрмедік.
Сонымен, «Ауғанстанға ұн береміз, инвестиция құямыз» дедік. Қазақстанға не пайда? Қаржыгер-маман Ілияс Исаевтың айтуынша, еліміз бұл әрекетімен жаңа нарыққа шығуды көздеп отыр.
– Қазіргі таңда Ауғанстаннан Пәкістанға қарай теміржол салынып жатыр. Сол теміржол іске қосылғаннан кейін Қазақстан жаңа нарыққа шығуы мүмкін. Бұл дегеніміз – елімізге Ауғанстан арқылы Пәкістанға, Индияға жол ашылады. Қазақстанға осы елдердің нарығымен танысуына мүмкіндік туады, – дейді ол.
Бұл жолы да басты мақсатымыз – транспорт-логистикалық желіні жетілдіру. 4 жыл бұрынғы картина тағы қайталанып жатыр дерсің. Біздің үкіметтің «айтылған сөз айтылған жерде қалсын» деген тіркеспен жұмыс істейтінін ескерсек, бұл жолғы мақсатымыздың да межесінің қай жерге барып тоқтарын топшылай аламыз. Саясаттанушы Әзімбай Ғали бұл сөзімізді салмақтап отыр.
– Ауғанстанмен орнатылған қарым-қатынастар өте тиянақсыз. Бұл елдің перспективасы жоқ деуге болады. Себебі Ауғанстан жоғары технологиялармен жұмыс істей алмайды. Жалпы айтқанда, технология жағынан артта қалыңқыраған мемлекет. Оның үстіне, тәліптерден келер қауіп-қатер көп. Біздің үкімет Ауғанстанның қатерінен келер қауіптің жоғары екенін біледі. Сондықтан экономикалық қатынастар ары қарай дамымайды. Алға жылжығанның өзінде ауқымы өте төмен болады, – дейді саясаттанушы.
Анашаға араша
Ауғанстан әл-ауқатының негізгі көздерінің бірі – есірткі. АҚШ 20 жылдың ішінде есірткі саудасымен күрескенімен, нәтиже көңіл қуантпады. Себебі есірткі экспорты күн санап арта берді. Бүгінге дейін Ауғанстан героин мен апиындардың әлемдік жеткізілімдерінің 80%-дан астамын қамтамасыз етіп келген. БҰҰ мәліметінше, коронавирус өршіген жылдары Ауғанстанда есірткі егіс алқабының көлемі 37%-ға артқан. Тәліптер билікке келгелі алқаптың аумағы 6000 га-ға қысқарған. Алайда 865 га алқап әлі де жұмысын жалғастыруда. Бұл да – форумнан кейінгі үлкен қауіптердің бірі. Ілияс Исаевтың айтуынша, есірткі саудасы – кедей ауған халқының күн көрісінің қамы.
– Ауғанстанның Қазақстанмен келісімге келуінің бірден-бір себебі – есірткіден бас тартып, халықтың әл-ауқатын сауда-саттықпен көтеру. Себебі Ауғанстан халқының көбі – кедей. Олар есірткінің зиян екенін білсе де, табыс көзі болғаннан кейін бас тарта алмай отыруы мүмкін. Сондықтан Ауған үкіметі табыстың басқа да жолдарын іздеп жатқан сияқты, – дейді қаржыгер.
Демек, есірткі саудасын тамырымен жою үшін Ауғанстан халқының жағдайы реттелуі керек. Ал халықтың әл-ауқаты қалыпқа келу үшін кемінде 10-15 жыл уақыт қажет. Сондықтан «Қазақстанға 10 жылдан аса уақыт бойы есірткі жасырын тасымалдануы мүмкін» деген қауіп бар. Бұл дегеніміз – «анашаға түбегейлі араша жоқ» деген сөз.
«Тәліптерді түгендейміз»
Қазақстанда 450 ауған студенті оқып жатыр. Оны аз көрген сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин биыл Ауғанстаннан келген студенттерге 30 грант бөлуге дайын екенін мәлімдеді. Студенттерді былай қойғанда Ілияс Исаевтың айтуынша, Қазақстанға ауған елінен жұмыскерлер де ағылып келуі мүмкін.
– Екі ел арасында форумның тағы бір мақсаты – Ауғанстаннан жұмыс күшін тарту болуы мүмкін. Себебі ол елде жұмыссыздар саны көп. Бізге жұмысшылар керек. Сондықтан алдағы уақытта екі тарап осындай келісімдерге келуі ықтимал, – дейді маман.
Finprom сарапшыларының статистикасына сүйенсек, ағымдағы жылы елімізде жұмыссыздардың саны 453,5 мың адамға жеткен. Біздікілер жарты миллион халқын жұмыспен қамти алмай отырғанда ауғандарды жарылқай қоймас дейміз. Бірақ жылдам интернетке уәде етіп отырған үкіметтен бәрін күтуге болады.
Қазақстан үкіметі ресми дерек бойынша Ауғанстанда 200-дей қазақ бар екенін жариялаған. Ал Ауғанстанда тұратын қандастарымыздың айтуынша, ол жақтағы қазақтардың саны әлдеқайда көп. «Азаттықтың» зерттеуіне сүйенсек, Ауғанстанның солтүстігінде орналасқан Құндыз қаласының өзінде 15-ке тарта қазақ отбасы тұрады екен. Бұның өзі 100-ге жуық адамды құрайтын көрінеді. Ауған қазақтарының бірі – Құдіретолла Тұрап Құндыз қаласына жақын орналасқан ауылдарда тағы да бес отбасының бар екенін айтады. Ауғанстандағы қазақтар Құндызда ғана емес, Тахар, Мазари-Шариф, Бағлан уәлаяттарында және ел астанасы Кабулда да бар. Бұл – Ауған еліндегі қазақтардың бір бөлігі ғана. Анықталмаған қазақтардың саны жетіп артылады. Қандастарымыздың Отанына оралуына қазақ билігі бұл кездесуде жасырын айтпаса, ашық түрде ештеңе демеді. Иә, бәлкім, бұл – тек бизнес серіктестік үшін жасалып жатқан шаруа деп, форумның саяси астарын көмескілендіріп баққан билік бұл жағына онша барыса қоймаған шығар.
Бұл форумның Қазақстанға экономикалық тұрғыда қаншалықты пайда әкелетіні, Ауғанстанға қаншалықты инвестиция тартылатыны онша бір бәрекелді дейтіндей болмайтыны қазірдің өзінде түсінікті бола бастады. Ал біздің ауғаншыл болуымыз өзгелерге қалай әсер етеді? Мұның Қазақстанның халықаралық саяси аренадағы салмағына алып-қосары бола ма, жоқ па? Негізгі бір тақырып – осы, ол туралы сәл кейінірек әңгімелейміз.