Ауғанстанда әйелдердің киім үлгісіне байланысты ұсталуына қарсы наразылық өтті
Ауғанстанның батысындағы Герат қаласында шамамен 100-150 адам әйелдердің дресс-код талаптарын бұзды деген айыппен ұсталып, қамауға алынуына қарсы наразылық акциясына шықты.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, полиция наразылықты күшпен таратып, демонстранттарға оқ атқан. Куәгерлердің айтуынша, кем дегенде үш адам жараланған.
БҰҰ-ның Ауғанстан бойынша арнайы баяндамашысы Ричард Беннетт Гераттағы бейбіт шерушілерге қарсы шамадан тыс күш қолданылғанына алаңдаушылық білдірді.
– «Гераттағы бейбіт наразылық білдірушілерге қарсы шамадан тыс күш қолданылуы алаңдатады. Зорлық-зомбылыққа жауаптылар жауапқа тартылуы тиіс», – деді ол.
Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы да билікті бейбіт наразылықтарға қатысқаны үшін ұсталғандардың барлығын дереу босатып, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге шақырды.
Аты-жөнін жарияламауды сұраған тағы бір құқық қорғау ұйымының өкілі бақылаушылар жұма күнінен бері Гератта кемінде 16 адамның, оның ішінде жүкті әйелдің ұсталғанын растағанын мәлімдеді. Олар киім үлгісіне қойылған талаптарды сақтамады деп айыпталған.
Өткен аптада жұма намазы кезінде Гераттағы мешіт имамдары Ауғанстанның Ізгілік пен жамандықтың алдын алу министрлігі атынан әйелдерге хиджабсыз үйден шығуға болмайтынын мәлімдеген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, осыдан кейін көшеде әйелдерді ұстау басталған.
Алайда Ауғанстанның Ізгілік пен жамандықтың алдын алу министрлігі әйелдердің ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
– «Гератта әйелдердің ұсталғаны туралы тараған ақпараттар – тек қауесет», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Сонымен бірге ведомство хиджаб тағу «құдайдың әмірі әрі міндетті түрде орындалуы тиіс заң» екенін атап өтті.
2021 жылы билікке тәліптер келгеннен бері Ауғанстанда шариғат заңдарының қатаң түсіндірмесіне негізделген ережелер енгізілді. Әйелдер мен қыздарға көптеген шектеулер қойылған. Қыз балалар бастауыш мектептен кейін білім ала алмайды, ал әйелдер көшеге тек толық хиджабпен немесе көзінен басқа жері түгел жабылған киіммен шығуы тиіс.
Бұл талаптардың орындалуы қатаң бақыланады. Сонымен қатар билікке қарсы пікір айтуға және үкімет шешімдеріне қарсы наразылық акцияларын өткізуге тыйым салынған.