Аймақ

«Ауыл құтқарушылары» деген кімдер?

Жуырда Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Сұлутөбе ауылында 262-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды.

Фото: ашық дереккөз

Жаңа өрт сөндіру бекеті Сұлутөбе, 1 Мамыр және Жаназар ауылдарындағы 2 998 тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жаңа нысан жергілікті кәсіпкер мен ауыл тұрғындарының қолдауымен салынды.

Өртке қарсы құралымның материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында ТЖМ тарапынан жауынгерлік киім-кешек жиынтықтары, қажетті өрт сөндіру-техникалық құралдар, жабдықтармен жарақтандырылған өрт сөндіру автокөлігі берілді. Сонымен қатар өрт сөндіру бекеті жақын маңдағы кәсіби өрт сөндіру бөлімшесімен тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік беретін стационарлық байланыс құралдарымен жабдықталды. Тұрақты байланыс оқиғалар туралы ақпаратты жедел жеткізуге және қажет болған жағдайда қосымша күштер мен құралдарды тартуға мүмкіндік береді. Жаңа бекеттің жұмыс істеуі ықтимал оқиғаларға ден қою уақытын қысқартуға, өрттер мен басқа да төтенше жағдайлар кезінде алғашқы шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік әкеледі.

Жалпы, бұл Қазақстандағы 262-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құрылымы екен. Ауылдық жерлердегі қауіпсіздік қай кезде де өзекті мәселе. Осы ретте біз сала маманы, ерікті Жантас Бозанбаймен тілдестік.

«Ауыл құтқарушылары» ерікті құрылымдары құрылып жатыр. Осы жөнінде не айтасыз?

– Мұндай құрылымдар әрбір ауылда болуы керек.Мысалы,кәсіби өрт сөндіру бөлімі аудан орталығында, яғни бізден 60 шақырым жерде орналасқан болуы мүмкін. Олар келгенше біраз жер жанып кетеді. Осындай сәтте еріктілерден құрылған мұндай құрылымның септігі тиеді. Басты мақсатымыз – кәсіби мамандар жеткенше өрттің бетін қайтару немесе оны толықтай ауыздықтау.

Бұл құрылымда кімдер қызмет етеді? Еріктілер қатарына қалай қосылуға болады?

Біздің қатарымызда қарапайым ауыл тұрғындары, жастар бар. Бұл – ешқандай жалақы төленбейтін, таза патриоттық сезіммен, ауылға жаны ашығандықтан жасалатын ерікті жұмыс. Қатарымызға қосылу үшін тек ниет пен күн, жігер жеткілікті. Бірақ біз кез келген адамды бірден өртке жібермейміз. Алдымен Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) мамандары бізге арнайы дайындық курстарын өткізеді, алғашқы көмек көрсетуді және техниканы қолдануды үйретеді.

Өрт сөндіру үшін арнайы техника мен құрал-жабдықтар керек қой. Жарақтандыру мәселесі қалай шешілді?

– Иә, бұл өте маңызды мәселе. Бізге жергілікті әкімдік пен ауылдағы шаруа қожалықтары үлкен қолдау көрсетеді. Қазір бізде су шашатын моторы бар арнайы тіркемелер, өртке төзімді киімдер мен байланыс құралдары бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларын (тракторлар, су тасығыш көліктер) қажет кезде бірден іске қосамыз.

Жылдың қай мезгілі сіздер үшін ең қиын және жұмыс көп болатын уақыт?

– Әрине, жаз бен күз айлары. Күн ысып, шөп құрғаған кезде дала және орман өрттері жиілейді. Тіпті кішкентай ұшқыннан немесе сөндірілмеген сіріңкеден лап етіп өрт шығып, желмен тез таралады. Қыста көбіне үйлердегі пештен, мұржадан шығатын өрттермен күресуге тура келеді. Сондықтан біз тек өрт сөндіріп қана қоймаймыз, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да белсенді жүргіземіз.

– Жұмыс барысында қандай қиындықтар кездеседі? Құрылымды дамыту үшін тағы не қажет?

– Ең үлкен қиындық – кейде техникалық мүмкіндіктердің шектеулі болуы. Бізге әлі де заманауи, өтімділігі жоғары (жүрдек) арнайы өрт сөндіру көлігі қажет. Сондай-ақ еріктілерді сақтандыру мәселесі де өзекті. Өйткені өрт ошағында жүру әрқашан қауіпті. Егер мемлекет немесе демеушілер тарапынан еріктілерді әлеуметтік қолдау тетіктері көбірек қаралса, бұл іске жастар жағы бұдан да көп тартылар еді.

– Ерікті құтқарушы ретінде ауыл тұрғындарына, оқырмандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– «Өрт – тілсіз жау» дегенді естен шығармау керек. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау сіздің де, көршіңіздің де өмірін сақтайды. Ауланың айналасын құрғақ шөптен тазарту, қоқысты өртемеу, балаларды сіріңкемен ойнатпау – әр үйдің міндеті. Ал егер өрт шыға қалса, сасқалақтамай, бірден ТЖД қызметіне (101 немесе 112) және біздің еріктілер тобына хабар берген жөн. Қауіпсіздікті бірге қамтамасыз еткенде ғана ауылымыз аман болады.

Қ.САЙЛАУОВА

Сайт Әкімшілігі