Әлеумет

Ауқатты отбасылар жәрдемақыдан қағылуы мүмкін: Үкімет жаңа тәртіпті бекітті

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгереді.

Фото: ашық дереккөз

Үкімет бекіткен жаңа талаптарға сәйкес, кейбір төлемдер отбасының әлеуметтік жағдайына қарай беріледі.

Жаңа тізімге жалпы 10 мемлекеттік жәрдемақы енгізілген. Олардың қатарында бала тууына байланысты біржолғы төлем, бала күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға және марапатталған көпбалалы аналарға берілетін төлемдер бар.

Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға, асыраушысынан айырылған азаматтарға, І топтағы мүгедектігі бар адамға немесе мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдарға арналған мемлекеттік жәрдемақылар да тізімге кірген. Бұдан бөлек, арнаулы және арнаулы кәсіптік жәрдемақылар қарастырылған.

Алайда әлеуметтік жағдайды бағалау аталған төлемдердің барлығына бірдей қолданылмайды. Жаңа жүйеде отбасының материалдық және әлеуметтік жағдайы жан-жақты ескеріліп, оның қажеттілік деңгейі анықталады.

Әлеуметтік әл-ауқатты бағалау кезінде отбасының табысы, тұрғын үйі, автокөлігі, жұмыспен қамтылуы, несиелері, әлеуметтік тәуекелдері және басқа да көрсеткіштері есепке алынады.

Отбасылар бес санатқа бөлінеді:

  • А санаты – әл-ауқаты жоғары отбасылар. 1 800 және одан жоғары балл;
  • В санаты – жағдайы қанағаттанарлық отбасылар. 730-1 799 балл;
  • С санаты – әлеуметтік жағдайы қанағаттанарлықсыз отбасылар. –30-дан 729 балға дейін;
  • D санаты – дағдарыстық деңгейдегі отбасылар. –460-тан –29 балға дейін;
  • Е санаты – шұғыл көмекке мұқтаж отбасылар. –459 баллдан төмен.

Мәселен, жоғары табысы, бірнеше жылжымайтын мүлкі мен көлігі, бизнесі немесе басқа да активтері бар отбасылардың әлеуметтік әл-ауқат деңгейі жоғары санатқа жатқызылуы мүмкін. Ал табысы төмен, тұрақты жұмысы жоқ, қарыз жүктемесі жоғары немесе тұрғын үй жағдайы қиын отбасылар төменгі санаттарға енгізіледі.

Жаңа тәртіп бойынша әлеуметтік жағдайы А және В деңгейіне жататын ауқатты отбасыларға кейбір жәрдемақылар мен жерлеуге берілетін біржолғы төлем тағайындалмайды.

Мемлекеттік төлем алу үшін азаматтар жеке деректерін жинауға және өңдеуге келісім беруі керек. Оның ішінде банк және өзге де заңмен қорғалатын құпияға жататын мәліметтер, сондай-ақ қарыздар мен кредиттер туралы ақпарат қамтылады.

Осылайша, 2027 жылдан бастап мемлекеттен берілетін бірқатар әлеуметтік төлемді тағайындауда отбасының тек табысы ғана емес, жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайы да ескерілетін болады.

Сайт Әкімшілігі