Сараптама

Ауылды қарызға батыру ағайынды құрдымға кетіру екенін неге ұқпаймыз?!

Қазір ауылдағы ағайынның басым бөлігі жанын жегідей жеген жоқшылықтың мұңын айтып, безек қағады.

Jasalash.kz

Көбісінде жұмыс жоқ, қарызға белшеден батқан. Тіпті қолындағы қарақұрым мал басын да сол қарызды өтеу үшін сатуға мәжбүр болған.

Бұған қатысты еліміздің Ұлттық кәсіпкерлер палатасының есептеуінше, еліміздегі ауылдық жерде тұратын әр отбасының мойнында 900 мың теңге несие бар екен.  Қазақстан халқының 41 пайызы ауылдық аймақтарда тұратынын ескерсек, ауыл халқының  бұлайша қарызға батуы экономикамызға төнген үлкен қауіп екенін аңғара беруге болады.   

 «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша, нақ осы мәселені тереңдеп зерттеу үшін 2019 жылы Үкіметтің қолдауымен барлық аудан орталығында скрининг жүргізілген.  Оған 2 миллионнан астам отбасы қатысып, олардың  42 пайызының ғана тұрақты табысы бар екені нақтыланған.

— Орта есеппен, әр үйдің табысы – 81 мың теңге, әр адам басына шаққанда, 23 мың теңгеден келеді. Әр отбасының мойнында, орта есеппен, 900 мың теңге кредит бар, – дейді  Абылай Мырзахметов.

 

Несібеміз несие, алдым оны несіне?!

Сөйтіп, Сенатта өткен ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланған Парламенттік тыңдау барысында Мырзахметов мырза осылай деді. Ал бұл саланы зерттеп жүрген мамандардың пайымынша, мәселе, тіптен күрделеніп бара жатқанға ұқсайды. Қазір ауылдық жерлерде жеке тұлғалардың қарызынан бөлек, фермерлердің банктерге қарызын қайтара алмау мәселесі  белең алған.  Мәселен, «Барометр» маркетингтік талдау орталығының мәліметінше, елімізде екінші деңгейлі банктерден және шағын несие ұйымдарынан қарыз алып, оны қайтара алмай жүрген шаруалардың көрсеткіші 82 пайызға жеткен. Аталмыш орталықтың маманы, қаржыгер Сая Есенғалиеваның айтуынша,  алдағы уақытта еліміздегі агронесие саласына жаңалық енгізілмесе, бұл салада кері кету қатты байқалады.

– 2010 жылдан бері екінші деңгейлі банктер агронесиені 3,8 пайызбен беріп келді. 2017 жылдан бастап, агронесие 5,5 пайыз аралығында ұсыныла бастады. Былай қарағанда, 5,5 пайыз арзан көрінгенмен, кірісінен шығыны көп шаруалар үшін бұл пайыздық мөлшерлеме көп. Себебі, шаруалар несие аларда үлкен тәуекелге барады. Мысалы, олардың біразы егіннен түсетін пайдаға сеніп, несие рәсімдейді. Ал күз айында егіні бітік шықпаса, несиелерін өтей алмай қиналады. Шаруалардың енді бірі сатылатын мал басына сенеді. Несиені қайтаратын уақытта малдың құны арзандап кетсе, тағы да ұтылады. Сондықтан өз басым, шаруаларға мемлекет тарапынан берілетін несие пайызын 3,8 пайызға,  тіпті одан да арзанға түсіру керек деп есептеймін. Осылай жасалса, шаруалар несие алу тәуекелінен қорықпайтын болады, – дейді Сая Есенғалиева.

Бізде алаулатып-жалаулату басым

Маманның пайымдауынша, біздегі ауылға арзан несие апару жобалары асқан науқаншылдыққа салынып кетті. «Біз бір бастаманы бастарда алаулатып-жалаулатып, әсірелеп кетеміз» дейді маман. Осының салдарынан,  ауылдағы шаруалар, жеке тұлғалар  кезінде несиені тегін бергендей тұтынып алып, енді «несіне алдым» деп, «аһ» ұрып отыр.  Қаржыгер айтып отырғандай, агронесие жайлы сөз еткенде, екіншідеңгейлі банктерге шаруаларға арзан пайызбен қарыз берген тиімсіз екенін де жоққа шығармау керек. Маманның айтуынша, екі жаққа да тиімді болу үшін,  болашақта мемлекеттік несие беру корпорацияларының жұмысын жандандыру керек.  

– Кезінде «Агронесие» корпорациясы құрылған кезде ауылға арзан несие баратын болды деп, қуандық. Өкінішке орай, аталмыш корпорация шаруаларды арзан несиемен толық қамти алмады. Себебі, оның активі аз, капиталы төмен еді. «Агронесие» корпорациясы арқылы бірлестіктерге берілген несиелердің көлемі мардымсыз. Несиелер небары 30-35 жобаны ғана қаржыландырып отыр. Болашақта ауыл шаруашылығына қатысты ірі жобаларды қаржыландырамыз десек, жекелеген шағын агронесие беретін ұйым  құрғаннан гөрі, мемлекеттік корпорациялардың жұмысын жандандырған жөн, – деді қаржыгер Сая Есенғалиева.

Шағын несие ұйымдарында ынсап жоқ

Жалпы, деректерге жүгінсек, дамыған елдерде сала бойынша бөлінетін агронесиелердің көлемі бізден он жеті  есеге көп және несие мөлшерлемесі 1,5 пайызды құрайды.

Бұл ретте, ауыл шаруашылғы ғылымының докторы, Аманбек Айдарханов былай деп ойын білдірді:

– Израильде бір ғана сүт өндірісін дамыту үшін жыл сайын біздің теңгемен есептегенде, 9,8 млрд теңге бөлінеді. Ал ет өндірісін дамыту үшін израильдіктер жылына 21 млрд теңге бөледі. Бұл біздегіден он жеті есе жоғары көрсеткіш. Біз шаруаларды қаржыландыруда шағын несие ұйымдарына агронесие рәсімдеуге рұқсат беріп қателестік. Қазір сол шағын несие ұйымдарынан 8-10-12 пайызбен несие алған шаруалар қарыздарын қайтара алмай, дал болуда. Бізде 1 млн мен 13 млн теңгенің арасында несие беретін ұйымдар бар. Шағын несие ұйымдарына еркіндік беру ауыл шаруашылығы саласын тығырыққа тірейді. Сондықтан елдегі шағын несие ұйымдарына бақылау қажет.

Алты бағдарлама, бір партия бұдан не ұттық?!

Негізінде, біз ауылдағы мәселелерді шешу бойынша 2004 жылдан бастап, алты мемлекеттік бағдарлама қабылдаппыз. Олардың көпшілігі моноқалаларды, ауыл шаруашылығы аймағын дамытуға бағытталды. Бұл бағыттар бойынша  2 триллионға жуық қомақты ақша бөлінген.  Бірақ осыншама қаржы бөліне тұра, экономикасы дамып, өркендеп кеткен ауылдардың саны да, сапы да тым аз. Тіпті жоқтың қасы деуге болады. Бұдан бөлек, бізде ауылдың жайын қаузап, мәселесін жоғары деңгейде көтере білуі тиіс «Ауыл» партиясы да құрылғалы біраз болды. Бірақ осы партия өкілдерінің ауыл шаруашылығы жайлы ашынып сөйлеп, Үкіметке ашығын айтқан кезін көрмеппіз. Аталмыш партия тек сайлау таяғында ғана үнін шығарып, тісінің арасынан сыздықтатып бірдеңе айтқан болады. Әйтпесе,  ауылдағы мәселелердің машақты жайлы тіліп айтар жайт көп. Рас, ауылға инвестиция салудың, инфрақұрылым тартудың машақаты көп.  Мысалы, бір ғана жайылымдық жер мәселесін шеше алмауымыздың өзі қаншама проблемалармен бетпе-бет келтіріп отыр. Елімізде 282 млн гектардан астам жайылымдық жер бар. Қынжыларлығы, сол көлемді жайылымдық жердің 30 пайызын ғана ұқсатып отырмыз. Екінші бір мәселе,  елімізде барлығы 175 аудан болса, соның ішінде, 72 аудан дамуы жағынан кенжелеп қалған. Міне, осы дамуы артта қалған ауыл аймақтардың мәселесі де бүгінде жабулы күйінде қалып барады. Мұндайда «алысқа бармай-ақ көзге ұрып тұрған осы жайттарды ауылдың атын жамылған партиялар Үкіметтің құлағының түбіне отырып алып, неге ашып айтпайды?», деген сауал еріксіз туындайды.

Әкімдер неге қызықты механизімдер ұсына алмайды?

Бұдан бөлек, сала мамандарының пайымдауынша, біздегі әкімдіктерде мәселелерді шешуге деген белсенділік жоқ.  Бұған қатысты экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов:

– Бізде ауыл шаруашылығы мәселесімен тек қана ауыл шаруашылығы министрлігі айналысып жүр. Меніңше, ауыл-аймақты дамытуды бір ғана министрліктің арқасына артып қою дұрыс емес. Бұл істе жергілікті әкімшіліктерге де өзіндік міндеттеме жүктеу керек. Жергілікті әкімдер өз ауыл-аймағының жай-жапсарын жақсы білетіндіктен, әрбір реформаны әкімшіліктер арқылы жүргізсек, жөн болар еді. Бұл үрдіс ауылға бөлінген қаржының діттеген жеріне дәл жетуіне ықпал етер еді. Себебі, қазір ауылға бағытталған қаржыны орта жолдан қағып алатын делдал холдингтер, акционерлік қоғамдар жетіп-артылады. Осыдан барып, ауылға бөлінген қаржы ақыр аяғында талан-таражға түсіп кететіні де жасырын емес. Сондықтан бұл жерде әкімдердің қауқарын арттырған абзал. Бөлінген қаржы діттеген жеріне жетсе ғана ол сала оңтайланады емес пе?! Ендеше, бізге жергілікті әкімдердің белсенділігін арттыратын кезең әлдеқашан жетті. Бұл – біз үшін өзекті мәселе, – дейді.

Маманның байыптауынша, дамыған және дамушы елдерде бұл мәселе оңтайлы шешілген. Тіпті көрші Ресейде, Әзірбайжанда, Арменияда жергілікті әкімдердің экономикалық өзгерістерге сай өзіндік шешім қабылдауы, қызықты механизмдер ұсынуы жап-жақсы реттелген.

– Өзге елдердің әкімдері ауқаттыларды ауылдарына инвестор болуға шақырып, оларға белгілі бір қызықты ұсыныстар айтып, халыққа тиімді жолдарын ұсынады. Ал біздегі әкімдерге үкімет бір ғана баға саясатын қадағалауды тапсырып еді. Соның өзінде кейбір әкімдер базардағы бағаға ие бола алмай, саудагерлерге  «бағаны өсірсеңдер, басың кетеді» деп сес көрсетуден әрі аса алмай қалды. Бұл ретте, жергілікті әкімдер неге нарыққа қатысты қызықты ұсыныстар ұсынбайды?!

Мәселен, әр әкім өз ауданында әлеуметтік жеңілдікпен тауар сататын кішігірім дүкендер желісін құруға неге қаражат қарастырмайды?! Өнім өндірушілердің тікелей өзімен кездесіп, сол дүкендерге арзан тауарларды делдалдарсыз  тікелей зауыттан арзан бағаға әкеліп самсатып қойса, өнім арзан болмағанда, қайтеді?! Міне, біздің әкім-қараларда осындай қызықты бағытта жұмыс істеу жағы кемшін, – деді ойын түйіндеген экономист-ғалым Атамұрат Шәменов.

Ойсалар: Қалай десек те, қазір ауылдағы ағайын ауыртпалықты қатты сезініп отыр. «Мал өсіріп қызығын көрейін» десе ауылда жайылым жердің көбісін сатып алып, жем-шөп дайындайтындар күзде мал азығының бағасын  аспандатып, бір әлекке салады. Көмір, отын таситындар, қыстың көзі қырауда отын-судың бағасын тағы қымбаттатып сала береді. Ауылдағы зіңгіттей азаматтар  «екі қолға бір күрек таб алмай», жұмыссыздықтың күйігіне түсуде. Ал біздің министрлер мен экономистер биік-биік мінберлерде «Қазақстан – негізінен, аграрлы мемлекет» деп есеп бергенде, алдарына жан салмайды. Бірақ сол аграрлы елдің, агро саласының титықтап тұрғанын мойындайтын шенеунік некен саяқ. Ақиқатқа тура қарасақ, ауылды қарызға батыру, экономикаға тұсау салу  екені түсінікті де. Рас, біз агроөндірісті қолдау үшін бірнеше бағдарлама қабылдадық, жобаларды жасадық, «ауылдың экономикалық әлеуетін арттырамыз» деп «Ауыл жылын» жарияладық. Ауыл шаруаларына субсидия, дотация бөлу жағын халықаралық талапқа сай еттік. Бірақ ауыл тұрғындары түсінетін агро-саясатты әлі ұстана алмай отырғанымыз өкінішті...

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Без Тега