Ауыт МҰҚИБЕК, ақын: Үш министрліктің бұйрығы ұлы көшті тоқтатты
Үш министрліктің бұйрығы ұлы көшті тоқтатты
– Қазақ көші үлкен дағдарысқа ұшырады. Биыл ақпан айынан бастап үш министрлік енгізген пилоттық жоба ұлы көшті тоқтатты деуге болады. Қазір ең көп қиналып жатқандар – Қазақстанға көшіп келгенімен, азаматтық немесе тұрақты тұруға рұқсат алып үлгермеген қазақтар.
Пилоттық жоба дегеніміз – үш министрліктің бірлескен бұйрығы. Осы бұйрық қолданыстағы заңдардың бәрін тірідей өлтірді. Жалпы, көші-қон саласын реттейтін заңдарымыз кемел еді. Оны мен жақсы білемін. Азаматтық алу, қандас мәртебесін рәсімдеу, тұрақты тіркеуге тұру, виза алу мәселелерінің бәрі заңмен реттелген. Қандастарымыз бірқатар төлемдерден де заң бойынша босатылған. Енді сол заңдардың бәрі жұмыс істемей қалды. Бүкіл көші-қон саласы бір мезетте үш министрліктің бұйрығымен басқарылатын болды. Бұл пилоттық жобаның құрбаны тек қандастарымыз емес. Атқарушы билік өкілдері де қолданыстағы заңдарды орындай алмай, пилоттық жобаның құрығына түсіп қалды. Біз заң үстемдігі орнаған мемлекет құрып жатырмыз дейміз. Президентіміз "Заң мен тәртіп" қағидатын айтып жүр. Бірақ осы пилоттық жобаға келгенде "Заң мен тәртіп" қағидаты да жұмыс істемей қалды. Мұның неліктен осындай дәрежеге түскеніне ақылым жетпейді.
Үндемей отырған жоқпыз. Мәселені дәлелдеп, хаттар жазып жатырмыз. Президент әкімшілігіне, Үкіметке, Ішкі істер министрлігіне бір емес, бірнеше мәрте хат жаздым. Бірақ шақырып, сөйлесейік деген адам жоқ. Қауіпсіздік кеңесіне де хат жолдадым. Бір министрлік екінші министрлікке сілтейді. Сөйтіп, бір-біріне сілтеумен уақыт өткізіп келеді. Меніңше, бұл пилоттық жоба – адамгершілікке жат саяси шара. Өйткені атажұртына заңды түрде көшіп келген, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы бар этникалық қазақтарды келген еліне қайта кетуге, Қазақстан аумағынан шығып кетуге мәжбүрлеп отыр.
Неге олардың азаматтық алуға заңды құқығы бар дейміз? 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заң бар. Сол заңның 7 және 8-баптарында шетелдегі қазақтарға қатысты маңызды нормалар қарастырылған. Шетелдегі қазақтардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығы бекітілген. Олардың тарихи Отанына оралуына Қазақстан Республикасы жәрдемдесетіні, шетелде жүрген қазақтардың мүддесін қорғайтыны жазылған.
Бұл – тәуелсіздікпен бірге жасайтын заң. Ал пилоттық жоба осы заңды елемей, оның талаптарын белден басып, адам құқығын шектеді. Конституцияның бірінші бабында мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені жазылған. Конституция бойынша президент – адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі. Менің пайымдауымша, пилоттық жоба Конституцияның осы нормаларын да аяқасты етті.
Сондықтан мен бұл пилоттық жобаны елімізге төнген тажал деп айтып жүрмін. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында мұндай жағдай болған емес. Мысалы, "Білім туралы" заңның 66-бабы шетелдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған. Онда Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстанда білім алуға құқығы бар екені жазылған. Осы құқықтың аясында шетелден келген қазақтардың балалары Қазақстандағы мектептерге барып, білім алып жатыр. Соның өзінде мектепке орналаса алмай қалған 102 баланың тізімі қолымда тұр.
Бала құқықтары туралы конвенция бар, балалардың құқықтарын қорғайтын заңдар бар. Бала ата-анасының қамқорлығында болып, тәрбиесін алуы керек. Ал қазір балалары Қазақстанда оқып жатқанына қарамастан, ата-аналарының визасын ұзартпай, тұрақты тұруға рұқсат бермей, азаматтық алуына мүмкіндік жасамайды. Соның салдарынан ата-аналарды балаларынан ажырауға мәжбүрлеп жатыр. Менің пилоттық жобаны "тажал" деп отырған себебім – осы.
Бұл мәселе президентке толық жетіп жатыр ма, жоқ па, оны да білмеймін. Жақында ашық хат жаздым. Онда "Қасым-Жомарт ағамыздан Сталин жасағысы келетіндерге жол бермейік" деген мәселе көтердім. Себебі шетелде алты миллион қазақ бар.
Қазіргі естіп жатқанымызға қарағанда, осы пилоттық жобаның негізінде көші-қон туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқан көрінеді. Егер пилоттық жобаның талаптары сол күйінде заңға енгізілетін болса, мұны Сталин заманындағы репрессиямен салыстыруға болады деп есептеймін. Өйткені тәуелсіз Қазақстанның тарихында адам құқығы дәл осындай ауқымда шектелген емес. Пилоттық жоба бізді осындай жағдайға алып келді.