Әлеумет

«Авраам Линкольн» әуе тасымалдаушы кемесі Таяу Шығыстан кетті

АҚШ-тың «Авраам Линкольн» әуе тасымалдаушы кемесі Таяу Шығыстағы миссиясын аяқтады.

Фото: Gabriel R. Piper / U.S. Navy

 Кеме 250 күннен астам уақыт бойы теңізде үздіксіз болып, рекорд орнатқан. Иранмен соғыс созылған сайын экипаж мүшелері азық-түлік тапшылығы, антисанитария мен демалыстың аздығына шағымданған. Кейбір теңізшілердің психологиялық жағдайы нашарлап, өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені де хабарланды.

20 тамызда Таяу Шығысқа АҚШ-тың «Джордж Вашингтон» әуе тасымалдаушы кемесі келді. Ол аймақта қаңтар айынан бері жүрген «Авраам Линкольнді» алмастырды.

«Авраам Линкольн» АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операцияларына қатысып, жалпы 250 күннен астам уақыт жауынгерлік кезекшілікте болған. Осылайша, кеме теңізде портқа кірместен үздіксіз жүру ұзақтығы бойынша бұған дейінгі рекордты жаңартты.

Фото: Reuters

250 күнге созылған миссия

«Авраам Линкольн» кезекшілігін 2025 жылдың қарашасында бастаған. Алғашында ол Венесуэла жағалауына жіберілген еді. 2026 жылдың қаңтарында кеме Таяу Шығысқа ауыстырылды. 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағына соққы бере бастағаннан кейін әуе тасымалдаушы кеме Иран нысандарын бомбалау және порттарды қоршауға алу операцияларына қатысты.

Бастапқыда қысқа мерзімді науқан болады деп жоспарланған Таяу Шығыстағы соғыс жарты жылдан астам уақытқа созылды. Осы уақыт бойы бортында бес мыңға жуық адам бар «Авраам Линкольн» негізінен теңізде болды.

Шілде айында кеме теңізде үздіксіз жүргеніне 207 күн толтырып, 2020 жылы пандемия кезінде «Дуайт Эйзенхауэр» әуе тасымалдаушы кемесі орнатқан рекордтан асып түсті.

Stars & Stripes басылымының мәліметінше, әдетте мұндай кемелердің экипаж мүшелеріне әр 30-45 күн сайын портқа кіруге мүмкіндік беріледі. Алайда әскери міндеттерге байланысты бұл кесте өзгеруі мүмкін.

Теңізшілер ауыр жағдайға шағымданған

Ұзаққа созылған әскери операциялар, жоғары жұмыс қарқыны мен демалыстың жетіспеуі экипаж мүшелерінің жағдайына әсер еткен.

«Біздің психикалық және физикалық денсаулығымызға қауіп төніп тұр. Бізге көмек қажет», – деп жазған теңізшілердің бірі шілдеде отбасына жолдаған хатында.

Басқа экипаж мүшелері де қатты шаршағандарын айтқан. Сондай-ақ гигиеналық құралдардың жетіспеуі, дәретханалардың істен шығуы, душ бөлмелерін зең басуы және ұзақ уақыт ыстық судың болмауы туралы шағымдар түскен.

Азық-түлік мәселесі де көтерілген. Кейбір теңізшілер дұрыс тамақтанбаудан салмақ жоғалтқандарын айтқан.

Шілде айында «Авраам Линкольн» Оман порттарының біріне қысқа уақытқа тоқтаған кезде CNN журналистері кемеге барып, онда үш күн болған. Олардың жазуынша, жағдай сырттан қарағаннан әлдеқайда күрделі болған. Бір жағынан, экипаж нақты қиындықтарға тап болса, екінші жағынан теңізшілер ұзақ миссияға төтеп беріп отырған.

Бұл кезде азық-түлік мәселесі біршама жақсарған. Кемеге бірнеше айдан бері болмаған жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөністер жеткізілген.

Психологиялық жағдай алаңдатқан

Алайда экипаж мүшелерінің психологиялық жағдайына қатысты проблемалар сақталған.

CNN журналистері кемеге барғаннан кейін теңізшілердің бірі құтқару кеудешесін киіп, борттан суға секірген. Кейін ол кеудешесін шешіп тастаған. Теңізшіні тікұшақпен судан алып шыққан.

Экипаж мүшелерінің туыстары мұндай басқа да оқиғалар болғанын мәлімдеген.

«Ұлым қазір осы кемеде. Оның және әріптестерінің бәрінен құтылу үшін кемеден секіру туралы үнемі ойлайтынын есту өте ауыр», – деген теңізшілердің бірінің ата-анасы Stars & Stripes басылымына.

Туыстары ауыр еңбек пен қауіпті тапсырмалар әскери қызметтің бір бөлігі екенін түсінетінін, алайда экипаждың физикалық және психологиялық тұрғыдан әбден қажығанына жеткілікті көңіл бөлінбегенін айтқан.

Пентагон шағымдармен келіспеді

АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет теңізшілердің туыстары айтқан шағымдарға жауап беріп, кемедегі нашар жағдай туралы ақпарат «мүлде бұрмаланғанын» мәлімдеді.

Оның сөзінше, АҚШ билігі әрбір кеме мен экипажды қажетті жағдаймен қамтамасыз етуге тырысады. Ол кейбір әскери миссиялардың басқаларына қарағанда ұзағырақ жалғасатынын айтып, «Авраам Линкольн» теңізшілеріне алғыс білдірген.

АҚШ президенті Дональд Трамп та журналистердің теңізшілер отбасыларының алаңдаушылығына қатысты сауалына мұндай проблема жоқ екенін айтқан. Ал кеменің Таяу Шығыстағы миссиясы тым ұзаққа созылған жоқ па деген сұраққа миссияның «әлі жеткілікті ұзақ болмағанын» мәлімдеген.

Дегенмен 20 тамызда «Авраам Линкольннің» орнына Таяу Шығысқа «Джордж Вашингтон» әуе тасымалдаушы кемесі келді.

Осы аптада Дональд Трамп АҚШ Иранға қарсы «ең жойқын экономикалық операция» жүргізетінін мәлімдеді. Иран тарапы бұл қоқан-лоққыны айыптады. Ал Ислам революциясы сақшылары корпусы соғыс қайта басталған жағдайда бұдан да қауіпті қарулар қолданылуы мүмкін екенін ескертті.

Сайт Әкімшілігі