Автокөлік пен жүк тасымалы кезінде алаяқтықтың жаңа тәсілі пайда болды
Ішкі істер министрлігі логистикалық платформалар арқылы автокөліктер мен жүктерді тасымалдау кезінде алаяқтық фактілерінің жиілегенін мәлімдеді.
Polisia.kz мәліметінше, алаяқтар көбіне «Della» және «Fa-Fa.kz» секілді сервистерде жарияланған хабарландыруларды пайдаланады. Әсіресе Алматы қаласы мен Алматы облысынан еліміздің басқа өңірлеріне автокөлік немесе жүк жеткізу туралы тапсырыстар олардың назарында болады.
Қаскөйлер хабарландыру жарияланғаннан кейін тапсырыс берушілермен және жүргізушілермен WhatsApp арқылы байланысқа шығып, әр тарапқа әртүрлі ақпарат береді. Тапсырыс берушіге өзін жүргізуші немесе тасымалдауды ұйымдастырушы ретінде таныстырса, жүргізушіге жүк иесі болып көрінеді. Осылайша екі тараптың сеніміне кіріп, тасымалдауды ұйымдастырады.
Көлік Алматыдан шыққаннан кейін алаяқтар жүк немесе автокөлікті басқа көлікке тиеп алып, өз мақсаттарына пайдаланады.
Осындай жағдайлардың бірі 7 маусым күні тіркелген. Алматы тұрғыны полицияға қымбат автокөлігінің ұрланғаны туралы арызданған. Тергеу барысында белгісіз адамдардың алдау жолымен көлікті иемденіп, жәбірленушіге 60 миллион теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер ұрланған көлікті тауып, заңды иесіне қайтарды. Қылмыс жасады деген күдікпен үш адам ұсталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
ІІМ азаматтарға тасымалдаушының жеке басын және көлік құжаттарын мұқият тексеруге, байланыс нөмірлерін салыстыруға, жеткізу бағытын алдын ала нақтылауға және интернеттегі пікірлермен танысуға кеңес береді.
Құжаттарда сәйкессіздік анықталған немесе күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда, қызметтен бас тартып, бірден 102 нөміріне хабарласу ұсынылады.