Қазақстан G20 саммитінде ЖИ-ді халықаралық реттеу жөніндегі өз ұстанымын ұсынады
Президент ЖИ технологияларын қауіпсіз әрі жауапты дамыту жөніндегі «Вашингтон моделін» қолдады
Президент стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, жуырда АҚШ президенті Дональд Трамп пен ірі технологиялық компаниялардың басшылары жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі жауапты дамыту жөніндегі ерікті келісімге қол қойған.
– Мен бұл аса маңызды әрі уақтылы бастаманы қолдаймын. Ол жасанды интеллектке байланысты тәуекелдердің ұлттық шекарадан асып түсетінін және мемлекеттер мен бизнес тарапынан үйлестірілген іс-қимылды талап ететінін көрсетеді. Вашингтонда қол қойылған келісімді сарапшылар мұқият зерделегеннен кейін, мүдделі тараптардың бәрі жасанды интеллект саласында жаһандық деңгейде енгізілуі тиіс үлгі ретінде қарастыра алады. Меніңше, «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық шарттың негізіне айналуы мүмкін. Қазақстан жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапты дамытуды қолдайды. Осыған байланысты біз бұл мәселелер бойынша конструктивті халықаралық диалог алаңы болуға дайынбыз. Біздің Кеңес өзінің практикалық маңызын дәлелдеп үлгерді. Сондықтан оның мүшелерінен Қазақстанның осы саладағы халықаралық бастамасы бойынша нақты ұсыныстарды қысқа мерзімде енгізуді сұраймын. Біздің ортақ ұстанымымыз биыл желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитінде ұсынылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.