Сараптама

Жанасованы жолмен сына. Жол сапасы бойынша 118 мемлекеттің ішінде 93-сатыда тұрмыз

Жанасованы жолмен сына. Жол сапасы бойынша 118 мемлекеттің ішінде 93-сатыда тұрмыз

Фото ашық дереккөз

Жақында әлеуметтік желіде қызық видео жарияланды. Кадрдан жол жөндеушілердің трассадағы шұңқырларды асфальтпен емес, топырақпен жамап жатқанын көруге болады. Видео авторы бұл Жетісу облысы Алакөл ауданы Арқарлы ауылына баратын автожол екенін айтады.

"Жігіттер, мыналарың көзбояушылық қой. Өткен ғасырда өмір сүріп жатқандай, топырақ төсеп жатырсыңдар. Билік бұл жолды жаңартуға қомақты қаржы бөлгеніне сенімдімін. Бұлай жұмыс істеп, халықты алдағанша, мүлдем жөндемегендерің жақсы еді", – дейді видео авторы.

Кейін Жетісу облысы әкімдігі мәлімдеме жасап, жағдайға түсініктеме берді. Әкімдік таратқан ақпаратқа сүйенсек, облыстық маңызы бар Алматы – Өскемен – Арқарлы автожолының 39-59 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жобаға сәйкес, бұл жол бөлігінде асфальт толық жаңарады. Құрылыс жұмысын "Жетісу Жол Құрылыс" ЖШС атқарады. Бірақ негізгі жөндеу жұмыстары 2027 жылға жоспарланған. Ал оған дейін мердігер ұйым өз қаражаты есебінен шұңқырларды жамап-жасқап жүр.

Әкімдіктің жауабынан ұққанымыз – бұл күрежолға асфальт 2027 жылы күн жылынған соң ғана төселеді. Ал оған дейін жолдағы ақау топырақпен жамалған күйінде қалады. Демек, келер жылы көктемге дейін 59 шақырымдық тасжол шұрық-тесік күйінде жатпақ. Істің нақты мән-жайын сұрамақ болып, Алакөл ауданы әкімдігіне хабарласқан едік, баспасөз қызметкері "мұның облыстық маңызы бар жол" екенін айтып, Жетісу облысы автомобиль жолдары басқармасына сілтеді. Ал облыстық басқарма өкілі біздің сұраққа жауап берген жоқ. Жауап болмаған соң Е-өтініш платформасы арқылы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың атына ресми сауал жолдадық.

Ең қызығы, 30 қазан күні ғана Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданы тұрғындарымен кездесу өткізген. Сол жиында өңір басшысы жол сапасы жайлы сөз қозғап, облыстық маңызы бар тасжолдарды жөндеуге 45 млрд теңгеден аса қаржы бөлінгенін, оның 3 миллиарды Алакөл ауданы аумағындағы жолдарды жөндеуге жұмсалатынын айтқан.

Фото Ақорда/Тоқаев

Президент жолдауында не айтты?

Қазақстан жолдарының сапасы сын көтермейтіні баяғыдан белгілі. Әсіресе алыс облыстарда қара жол қармен бірге еріп, асфальтты жел ұшырып жатыр. Ендеше, Алакөлдегі жағдайға жұрт неге таңғалды? Қазақстан билігі қазір үлкен құрылыс науқанына дайындалып жатыр. Мемлекет басшысы биыл 28 қазандағы жолдауында "2029 жылдың аяғына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөліп, елдің әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуды" тапсырған. Президент жолдауда автожол саласына арнайы тоқталып, күрежолдарды сапалы салу қажет екенін айтты.

"Қазір басты міндетіміз – барлық республикалық және жергілікті маңызы бар жолдың сапасын арттыру. Атқарушы органдар ереже мен регламентті алға тартып, мәселені бір-біріне сілтеп жатыр. Соның салдарынан жағдай тіпті ушықты. Сондықтан Көлік министрлігі республикалық маңызы бар (барлық жолдың шамамен 26 пайызы) және әкімдіктердің қарауындағы жергілікті жолдарды өз жауапкершілігіне алуы керек. Тағы қайталап айтамын: бізге өте сапалы жолдар керек. Битум мен ұсақ тастың сапасын сылтау етуге болмайды", – деген еді президент.

Міне, осы жолдаудың жаңғырығы басылмай жатып, Жетісу облысында мердігерлер тасжолдағы тесікті топырақпен бітей бастапты.

Министр неге ауысты?

Мемлекет басшысы Көлік министрлігінің жауапкершілігін күшейтті. Бұған дейін республикалық маңызы бар жолдарға Көлік министрлігі, ал жергілікті жолдарға әкімдіктер жауап беретін. Осы бөлініс салдарынан мемлекеттік органдар мәселені бір-біріне сілтеп, жұмысты созып жіберетін. Енді республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың жай-күйіне Үкімет, оның ішінде Көлік министрлігі жауапты болады.

3 қараша күні Тоқаев көлік министрі Нұрлан Сауранбаевты қызметінен босатып, орнына Әсел Жанасованы тағайындады. Сондай-ақ бұдан былай көлік министрі премьер-министрдің орынбасары лауазымын қоса атқарады. Яғни министрліктің жауапкершілігі ғана емес, құзыреті де артты деген сөз. Бұған дейін вице-премьер статусы ұлттық экономика министрі мен жасанды интеллект министрінде ғана бар еді. Енді ол қатарға Көлік министрлігі қосылды.

Жанасова – билік дәлізіндегі жас шенділердің бірі. Оның мансабы өте жылдам өсті. "Болашақ" бағдарламасымен оқуын тамамдаған соң бірнеше жыл қаржы секторында жұмыс істеді. 2022-2025 жылдары "Қазпоштаны" басқарды. Содан кейін Президент әкімшілігіне ауысып, ПӘ басшысының орынбасары болды. Енді, міне, мемлекет басшысы баса назар аударып отырған көлік-логистика саласының тізгінін қолға алып отыр.

Ал Сауранбаев бұл қызметке былтыр шілдеде кіріскен. Яғни министр креслосына 1,5 жыл ғана отырды. Осы аралықта Көлік министрлігі сыннан көз ашқан жоқ. Қарызға белшеден батқан "Қазақстан темір жолын" 4 жыл басқарған Сауранбаев көлік министрі атанғанда көпшілік қатты таңғалған. Жұрт арасында "Темір жолды түзей алмаған адам, тұтас көлік-логистика саласын қалай басқарады?" деген сұрақ туындады.

Көлік министрлігінің жұмысы мен жол сапасына қатысты сын көп. 22 қыркүйекте премьер-министр Олжас Бектенов автожол саласында қағаз жүзіндегі есеп пен нақты жағдай бір-біріне сәйкес келмейтінін айтқан.

"Шешілмей жатқан проблема өте көп. Президент айтқан олқылықтардың бәрі сіздің жұмысыңызға тікелей қатысты. Жолдардың сапасы нашар. Жағдайды түзету керек. Түзетіңіз немесе бұл жұмыспен басқа адамдар айналысады. Ұқтыңыз ба?", – деген еді Бектенов "ҚазАвтоЖол" басшысы Дархан Иманашевке.

Ал 24 қыркүйекте Халық кеңесінің алғашқы отырысында Тоқаев жол құрылысына тағы тоқталып, жаңадан салынған кейбір нысанның сапасы сын көтермейтінін айтқан. Президент жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарап, құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң бақылауды тапсырған. Осы тапсырмаға орай 14 қазанда автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына бірінші вице-премьер Нұрлыбек Нәлібаев жетекшілік етеді.

2 қарашада Олжас Бектенов жол саласын реформалау мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, Нәлібаев басқаратын жұмыс тобына қарашаның аяғына дейін автожол саласын реформалау жөнінде нақты ұсыныс енгізуді тапсырды. Осы жиында Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев баяндама жасап, автожол саласындағы тексерістің алғашқы нәтижесін жариялады.

Прокуратураның есебінше, жол құрылысын жоспарлаудан бастап, оны салып, пайдалануға бергенге дейін жүйелі заң бұзу әрекеттері анықталған. Осы заңсыз әрекеттер бойынша қазір сотқа дейінгі 33 тергеп-тексеру жүріп жатыр. Заңсыз әрекеттер салдарынан мемлекетке 8 млрд теңге шығын келген. Сондай-ақ прокуратура негізсіз келісімшарттар мен мемлекеттік сатып алу жоспарларының күшін жою арқылы 36 млрд теңгені сақтап қалған. Мысалы, шенділер бұрын жөнделген жолдарға, соның ішінде мердігердің кепілдік міндеттемесі бар нысандарға қайта қаржы бөлмек болған.

Фото: Ашық дереккөз/жол

Қазақстанда жол сапасы неге нашар?

Қазақстандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – шамамен 96 мың шақырым. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде 32-орында тұрмыз. Бірақ сол жолдың сапасы бойынша рейтингте көш соңындамыз. Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегіне сүйенсек, Қазақстан бұл тізімде 118 мемлекеттің ішінде 93-сатыда тұр.

Біздің елде автожол саласына орасан мол қаржы жұмсалады. 2025 жылы 8,8 мың шақырым жолды жөндеуге 781,2 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек шенділер жыл сайын жолды күтіп ұстау үшін бюджеттен ақша алады. Мысалы, 2023 жылы – 39 млрд, 2024 жылы – 34 млрд, 2025 жылы – 34,2 млрд теңге бөлінген. Бұл – жол салуға емес, бар жолды күтіп ұстауға арналған қаржы.

Осынша мол қаржы бөлінсе де, біздегі жолдардың сапасы сын көтермейді. Мамандар мұның басты себебі –  ашық бақылаудың жоқтығында дейді. Яғни мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасау мен жол сапасын тексеріп өткізіп алу барысы ашық емес. Жауапты шенді мен мердігер қалай келіскенін, қалай жұмыс істегенін анықтау өте қиын. Мысалы, жолға битум төселеді. Оның бағасы тығыздығы мен тұтқырлығына қарай әртүрлі болады. Жобада қымбат битум жазылып, іс-жүзінде басқасы төселуі мүмкін. Оны білу үшін жұмыс жүріп жатқанда техникалық қадағалау жасалуы қажет. Ал жол дайын болған соң онда қандай битум төселгенін дәлелдеу мүмкін емес.

Ал техникалық қадағалаушының жұмыс тәсілі тіптен ақылға қонымсыз. Біріншіден, техникалық қадағалау жұмысының ақысын мердігер төлейді. Яғни жол жөндеп жатқан адам өзін бақылайтын адамға жалақы төлейді. Ендеше, қадағалаушы өзіне жұмыс беріп отырған адамға жолдың сапасыз екенін қалай айтады? Екіншіден, техникалық бақылаушылар көбіне қағаз жүзінде ғана жұмыс істеп, іс-жүзінде құрылыс жүріп жатқан нысанға бармайды. Бір инженер бір мезгілде бірнеше нысанға бақылаушы болатын, тіпті бір бақылаушы бірнеше аймақта тіркелген жағдайлар кездеседі.

"Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпеге ұқсайтын болды. Жалпы бұл салада қордаланған мәселе көп. Тендерді жыл сайын бірді-екілі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Осының бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек. Мемлекеттік сатып алуға қатысқан кей компаниялардың еңбек және материалдық ресурстары жеткіліксіз. Соған қарамастан, олар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Тіпті жұмыстың 100 пайызы басқа мердігерге тапсырылғаны жөнінде мәліметтер бар", – деген еді Қ.Тоқаев 2022 жылы шілдеде.

Сенесіз бе, автожол саласындағы заң нормалары да шикі екені енді анықталып жатыр. Биыл қазан айында Бас көлік прокуратурасы Көлік министрлігінің нормативтік және техникалық актісін тексеріп, құжатта трассаны толық жөнделмеген күйде қабылдауға жол ашатын кемшілік барын байқаған.

Атап айтқанда, тексерушілер жолды қабылдап аларда құрылыстың талапқа сай емес екенін байқаса, мердігерден ақауды жөндеуді талап етудің орнына ақша ұстап қалу, орындалған жұмыстың құнын түсіру немесе кепілдік мерзімін ұзарту сияқты шара қолдана алады екен. Тіпті жолдан кемшілік анықталса, әу бастағы жоба құжатын өзгертуге мүмкіндік болған. Яғни жолды сапасыз салып, кейін құжатқа өзгеріс енгізу арқылы әу баста жоспар сондай болғандай етіп көрсетуге рұқсат етілген.

Бір сөзбен айтқанда, автожол саласы қоғамнан бөлек, жасырын жұмыс істеп жатқандай көрінеді. Мұндай қауіп барын президенттің өзі де айтты. Сол үшін де автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасын жүзеге асыру барысында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссия құруды ұсынды. Комиссия құрамына жауапты шенділер, Құрылтай мен мәслихат депутаттары, Халық кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, журналистер кіреді.

Демек, 2029 жылға дейін жүргізілетін үлкен құрылыс науқанын қатаң бақылауға алу қажет. Әйтпесе, құрылыс салуды қалта толтырудың таптырмас жолы деп білетін шенділер көп. Мысалы, жолға алдымен асфальт төсеп, кейін сол көшені қайта күреп, жылу және су желісін жөндеу; жұмысты дер кезінде бітірмей, уақытты созып, бөлінетін қаржыны көбейту сияқты "қулықтар" бұрыннан бар. Тіпті тақтайдай тегіс жолды қырып, жаңа асфальт төсеу де, сап-сау бордюрді сындырып, жаңасын орнату да – шенділердің байырғы әдеті. Ұлттық қордан триллиондаған қаржы бөліп, "Халықтық құрылыс" деп ат қойып, айдар таққан мемлекеттік бағдарлама әлгіндей ескі әдеттің құрбанына айналмаса екен дейді жұрт.

Қуаныш ҚАППАС

Сайт Әкімшілігі