Алдап, келісімшартқа қол қойғызған: Ресейдегі соғысқа тағы бір Қазақстан азаматы тартылғаны айтылды
Ресейге жұмыс істеуге барған тағы бір Қазақстан азаматының Украинадағы соғысқа жіберілгені туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады.
Жазба авторы оның келісімшартқа алдау және қорқыту арқылы қол қойғанын мәлімдейді.
Threads желісіндегі жазбада азаматтың аты-жөні Жүсіп Шахназар 1999 жылғы 20 мамырда туғаны көрсетілген.
«Ресейге вахталық жұмысқа кеткен. Алдау жолымен, қорқытып келісімшартқа қол қойғызған, соғысқа алып кеткен», – делінген әлеуметтік желідегі жазбада.
Жарияланған суреттердің бірінде әскери киім мен каска киген ер адам көрінеді. Сондай-ақ оның анасына жазды делінген хаттың скриншоты жарияланған.
«Мама, мен кетіп қалдым. Аман келемін деп уәде беремін! Алланың жазғаны осылай болса, оған көну керек. Мен сізді жақсы көрем, мама», – делінген хабарламада.
Әзірге бұл ақпаратты Қазақстанның ресми органдары растаған жоқ.
Айнабек Келдібек те Ресей әскеріне тап болған
Бұған дейін «Жас Алаш» Ресейге жұмыс іздеп барған Қазақстан азаматы Айнабек Келдібектің де әскери келісімшартқа қол қойып, Украинадағы соғысқа жіберілгені туралы жазған еді.
Айнабектің туыстары редакцияға хабарласып, оны елге қайтаруға көмек сұраған. Жақындарының айтуынша, Айнабекпен бірге тағы бірнеше Қазақстан азаматы Ресей армиясына тартылған.