Әлеумет

Депозиттің "қышқылтым дәмі". Ұлттық банктің функциясы қашан өзгереді?

Әдетте күз келгенде халықтың қазаны толып, дастарқаны да молаятын. Жаз бойы жиналған өнім үйге кіргізіліп, қыстың қамы жасалатын. Дегенмен биыл қаржы нарығында жағдай сәл басқаша б

Фото ЖИ / JasAlash

Қазір қарапайым халық банктегі жинағын көбейтуге ұмтылғанымен, депозиттен түсетін "өнім" азайып барады. Себебі банктер депозиттік салымдар бойынша пайыздық мөлшерлемелерін төмендетіп жатыр. Бұған Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 16,25 пайызға дейін түсіруі әсер еткен. Бүгінде нарықта 20 пайыздан жоғары табыс ұсынатын депозит қалмады. Қыркүйекте депозит үшін 20,50 пайыз мөлшерлеме ұсынған банктер қазірде оның мөлшерін 19,51 пайызға дейін түсірді.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) мәліметінше, депозит мөлшерлемелерінің алдағы динамикасы банктердің өз шешімдеріне және Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кейінгі қадамдарына байланысты болады. Енді алдағы шешімдер инфляцияның нақты динамикасы мен инфляциялық тәуекелдерге байланысты қабылданады.

Фото: obk.kz/Депозит

Депозиттің дәмі қандай?

Жалпы, былтырдан бері Ұлттық банк "Қазақстандағы депозиттер халыққа тиімді бола бастады" деп жиі мақтанатын. Бұл ретте бас банк Қазақстан халқының банк депозиттері 27 трлн теңгеге жақындап қалғанын, бір жыл ішінде олардың көлемі 17,6 пайызға немесе шамамен 4 трлн теңгеге артқанын, депозиттерге орташа сыйақы мөлшерлемесі де өскенін, сөйтіп, қарапайым халық депозиттердің "дәмі" тәтті екенін сезе бастағанын жарыса мәлімдейтін. Ұлттық банктің мәліметінше, депозиттердің басым бөлігі – 20,6 трлн теңге (77,42 пайыз) ұлттық валютада сақталуда. Қалған 6 трлн теңге (22,58 пайыз) шетел валютасындағы салымдар.

Алайда бас банк осылай дегенмен, сала мамандары алдағы уақытта банктік қызметтердің бағасы өсіп, керісінше, депозиттердің пайызы одан әрі түсетінін болжап отыр. Оған себеп, әрине, банктерге арналған корпоративтік табыс салығының (КТС) өскені, аударымдар қызметіне қосымша құн салығының қосылғаны.

"Аналитик" талдау және сараптау орталығының экономист-сарапшысы Марал ТӨРТЕНОВАНЫҢ сөзіне сүйенсек, бірқатар салықтық жеңілдіктің алынып тасталуы банктік қызметтердің құнын келесі жылдан бастап тіптен арттыруы мүмкін. Сондықтан енді халық депозиттердің "қышқылтым" дәмін сезіне бастауы мүмкін.

Экономист маманның пайымдауынша, қазір банктердің корпоративтік табыс салығы 20 пайыздан 25 пайызға дейін көтерілді. Бұған қоса, банктердің операциялық қызметтеріне қосымша құн салығы енгізілді. Мысалы, қазір есепшоттағы қаражатты бір картадан екінші картаға аударғанның өзінде 200 теңгеден басталатын комиссия төлейсіз. Аударым сомасы артқан сайын оның құны да қымбаттайды.

"Мұндай операцияларға ҚҚС салынса, пластикалық карталарға қызмет көрсету, картадан картаға, шоттан шотқа ақша аудару сияқты күнделікті банк қызметтерінің бағасы едәуір өседі. Мұның барлығының салдарын келер жылдан бастап көре бастаймыз. Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС халыққа емес, банкке салынатынын айтады. Алайда банк бұл қосымша шығынды өз қалтасынан өтейді деу қиын. Өйткені кез келген бизнес болсын, банк болсын, шығынын оңтайландыруға тырысады. Сондықтан енді банктер комиссияның өсуін, қызмет құнының қымбаттауын, КТС-ның көтерілгенін желеу етіп, тұтынушыға салмақ салады. Депозиттердің пайызын төмендету де сол тәрізді дүние. Банк базалық мөлшерлеменің төмендегенін желеу етіп, депозиттердің пайызын төмендетіп жатыр. Бірақ оның артында банктердің шығынды азайту схемасы тұр", – дейді Марал Төртенова.

Шешім әділ ме?

Сарапшының пайымынша, "базалық мөлшерлеме төмендеді" деп депозиттердің пайызын төмендету әділ шешім емес. Мұндайда нақты әділдік болуы үшін халыққа берілетін несиенің пайызы да төмендеуі керек. Сол кезде бұл әрекетке түсіністікпен қарауға болады. Өкінішке қарай, бізде әлі де халыққа берілетін несиенің пайызы қымбат. Ал халықтың жинаған депозитінің пайызы түсіп барады. Бұл арада тағы да сол қарапайым халық ұтылып қалмақ. Бұған қатысты елдегі банктердің ұяты мазалай қоятынына, депозиттің пайызын түсірген банктердің несие пайызын қоса түсіретініне күмән көп.

"Салықты қымбат төлейтін банктер енді қосымша шығынды жабудың жолын іздейді. Оның салмағы, әдеттегідей, тұтынушыға түседі. Міне, алғышарты елдің жинаған депозиті арзандай бастады. Енді несие де, ипотека да қымбаттауы мүмкін. Себебі салықты қымбат төлей бастаған банктер халыққа осындай қымбат өнім ұсына бастайды", – дейді маман.

Сала мамандарының пайымдауынша, Ұлттық банк 2023-2024 жылдары базалық ставканы аспандатып көтерді. Соның арқасында банктер мол табысқа кенелді. Мәселен, 2024 жылы банктердің таза табысы 2,2 трлн теңгеден асты. Ал активтері 15 пайызға өсіп, 59 трлн теңгеге жеткен. Депозиттерінің базасы да 14 пайызға ұлғайып, 40 трлн теңге болған. Ал кредиттік қоржын 35 трлн теңгеге жетті. Бірақ осы кредиттердің басым бөлігі жеке тұлғаларға берілген де, бар-жоғы 12 трлн теңгесі ғана экономиканы дамытуға тартылған. Сала мамандарының ойынша, мұндай шешім де әділ емес.

"Кредиттік портфель 35 трлн болса, оның 12 трлн теңгесі ғана экономиканы дамытуға берілген, бұл – өте ойланатын жайт. Сонда қалған 23 трлн теңге жеке тұлғаларға ипотекаға, тұтынушылық несиеге жұмсалып отыр деген сөз. Қазір жұмыс істеуге қабілетті 8,5 млн адам бар болса, солардың 90 пайызы банктерге қарыз. Біздегі екінші деңгейлі банктер бюджетке салық төлеуге келгенде де белсенді емес. Ал халыққа жоғары пайызбен несие беруге келгенде өте белсенді. Сондай-ақ олар ел бюджетіне салық төлеуге келгенде де әділ шешімдер қабылтамайтын тәрізді. Мысалы, елде екінші деңгейлі 21 банк бар десек, 2023 жылғы дерек бойынша олар бюджетке бар-жоғы 600 млрд теңге салық төлесе, 2024 жылы 700 млрд теңге салық төлепті. Бұл "экономикаға үлес қосу" деп саналмайды. Сондықтан нақ осы схемалар бойынша әділеттілік орнауы керек", – дейді Марал Төртенова.

Арзан несиелердің өзі қымбат

Жалпы, мамандардың ойынша, депозиттік салымдардың пайызынан бөлек, осы несие саласын дереу реттеген абзал. Себебі осы салада нақты тәртіп пен бақылау орнаса, қарапайым халықтың да, бизнестің де қалтасы қағылмас еді.

Фото: ашық дереккөз/Бейсенбек Зиябеков

"Жас Алаштың" тұрақты спикері, экономист-ғалым Бейсенбек ЗИЯБЕКОВТІҢ сөзіне сүйенсек, еліміздегі банктердің несие беру бағытына назар аударсақ, қаржының басым бөлігі сауда, құрылыс, көлік және ауыл шаруашылығы салаларына бағытталады. Оның өзінде "арзан несие" деп отырғанымыз – шамамен 7-14 пайыздық мөлшерлеме. Ал өнеркәсіп саласына берілетін қаржының көлемі жоқтың қасы.

Экономистің пікірінше, Қазақстандағы банктер үшін қарапайым халыққа 28-30 пайызбен несие беру әлдеқайда тиімді. Өйткені банктердің қазіргі бизнес-моделі көбіне осы бағытқа бейімделген. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі де төмендеудің орнына жылдан-жылға өсіп барады.

"Республика халқының шамамен 40 пайызы ауылдық жерде тұрады. Алайда банктер ауылмен қалай тиімді жұмыс істеу керектігін әлі де толық меңгерген жоқ. Олигархтардың иелігіндегі банктер ауылға бармады, ауыл шаруашылығын қолжетімді әрі арзан несиемен қамтамасыз етуге жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеді. Керісінше, ауыл тұрғындарының қарыз жүктемесін арттырды", – дейді экономист.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор, банк саласындағы директорлар кеңесін басқарған Бейсенбек Зиябековтің пікірінше, Үкімет екінші деңгейлі банктерге талап қоймас бұрын, ең алдымен Ұлттық банктің өз саясатын қайта қарауы керек. Сарапшы халықтың қарызға белшеден батуын елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың маңызды индикаторы деп санайды. Сондықтан бұл мәселенің түп-тамырына үңілгенде, жауапкершіліктің бір ұшы Ұлттық банкке келіп тіреледі.

Маманның сөзінше, 1995 жылдары Ұлттық банк Мәжіліске бағынып, Үкіметке жиі есеп беріп отырған. Алайда сол жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында Ұлттық банктің қызметін тексеруге қатысты жаңа заң қабылданды. Заңның 68-бабында Қазақстан Ұлттық банкін тексеру президенттің келісімімен немесе президенттің тапсырмасы бойынша ғана жүзеге асырылатыны жазылды.

"Осылайша Ұлттық банк іс жүзінде тек президентке есеп беретін институт ретінде бекітілді. Содан бері Ұлттық банк жеке адамдардың мүддесіне қызмет етіп келді деуге негіз бар. Бас банк белгілі бір топтың мүддесіне жұмыс істейтін құрылымға айналды. Оның жұмысында жүйелілік жетіспейді. Егер жүйе дұрыс құрылған болса, халық та, банк те табыс табар еді. Ал қазір халық қарызға белшесінен батты. Екінің бірі банкке борышкер", – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Профессордың айтуынша, егер Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерді экономиканы дамытуға шын мәнінде жұмылдырып, халықтың қарыз жүктемесін азайтуды көздесе, оның қолында нақты тетіктер болуы керек.

"Халыққа жоғары пайызбен несие беретін банктерге қатаң талап қойылуы қажет. Қажет болса, заң талаптарын бұзатын банктердің лицензиясын қайтарып алу тетігі де жұмыс істеуі тиіс. Алайда бүгінгі таңда Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктердің ірі акционерлеріне талап қоя алмайды. Мұны банктердің өздері де жақсы біледі. Сондықтан екінші деңгейлі банктер мемлекеттен алған қаражатын қайтаруға да, экономикаға белсенді араласуға да асықпайды. Олигархтар басқаратын банктердің негізгі мақсаты – өз пайдасын көбейту. Демек, ең алдымен Ұлттық банктің ұстанымын өзгерту қажет. Қажет болса, Ұлттық банк туралы заңнаманы да қайта қараған жөн", – дейді сарапшы.

Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, әлемдегі көптеген орталық банктердің қызметі тек ақша-кредит саясатын жүргізумен шектелмейді. Олар жұмыспен қамтуды және экономикалық өсімді қамтамасыз ету сияқты міндеттерді де ескереді. Ал Қазақстан Ұлттық банкінің негізгі басымдығы – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, ақша-несие саясатын бақылау.

"Сондықтан Ұлттық банктің атқаратын функцияларын қайта қарау керек. Қарапайым халыққа берілетін несиелердің пайыздық мөлшерлемесіне белгілі бір шек енгізу қажет. Әйтпесе, шектен шыққан банктердің әрекетін реттеу қиын. Олар елдің жинаған депозитін түсіріп, несиенің пайызын өсіріп, қызмет құнын өсіріп, әрбір комиссиядан пайда тауып отыра береді. Мұны реттеу қажет. Халық қашанғы банктерге жем болады. Мұны доғару қажет. Ұлттық банктен бастап, екінші деңгейлі банктердің саясатына өзгеріс енгізетін кез жетті", – деп ой түйіндеді Бейсенбек Зиябеков.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі