Ресейдегі соғысқа күштеп қосылған қазақ "Жас Алаштан" көмек сұрады
Ресей мен Украина арасындағы соғысқа Қазақстан азаматтарын тарту мәселесі әлі де өзекті.
Бірі қомақты қаржы алам деп сенсе, енді бірі жұмыс іздеп барып, соғыстан бір-ақ шығады. Жақындарын елге қайтаруды сұрап, көмекке жүгінген отбасылар бар. Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бірнеше азаматты елге қайтаруға жәрдем сұрап, Ресейге нота жолдаған. Қазір 20 жастағы Айнабек Келдібектің отбасы да араша сұрап отыр. Туыстарының айтуынша, ол Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге барған. Алайда оны алдап, құжаттарға қол қойғызып, кейін соғысқа жібермек болған. Айнабек қандай құжатқа қол қойғанын білмеген.
Айнабек Келдібектің анасы соғыс жүріп жатқан елге барып жұмыс істеуіне қарсы болған. Алайда Айнабек досы екеуі Ресей жерінде өздері сияқты қазақ азаматтары 3 жылдан бері жұмыс істеп жүргенін айтып көндірген.
"Бас бостандықтарыңнан айырамыз" деп қорқытқан. Енді балам "мені алып кетіңіздер, әйтпесе, бізді соғысқа алып кетеді" деп көмек сұрап жатыр. Қасында менің ұлым сияқты қазақтың 8 азаматы бар. Олардың барлығы көмек сұрап, видео үндеу жолдады. Біз үкіметтің барлық жауапты органдарынан көмек сұрадық. Арыздандық", – дейді Перизат Елеусізова.
Айнабек жақында ғана әскери борышын өтеп келген, яғни әскери дайындығы бар. Әпкесінің айтуынша, ол орыс тілін білмейді, қандай келісімшартқа қол қойғанын түсінбеген. Қазір Луганск майданында Айнабек сияқты еліміздің бірнеше азаматы көмек күтіп отыр.
"Інім сияқты жігіттерді Ресейдегі бір қалаға жинаған. Қандай қала екенін айтпады. Сосын түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ол жерде соғыс туралы сөз болмаған. Тек күзет қызметі ғана айтылған. Содан соң бірнеше құжат берген. Қол қою керегін ескерткен. Айнабек орысша білмейтін болған соң жанындағы жігіттерден соғысқа тарту жайлы келісімшарт емес пе деп сұраған. Олар тек күзет қызметіне қатысты құжаттар екенін айтқан. Сосын інім қауіптенбей, құжаттарға қол қоя берген. Солай соғысқа алып кетіп отыр ғой. Анда-санда сөйлесіп қаламыз. Сол кезде әскери дайындықтан өтіп жатқанын айтты", – дейді Сымбат Еркінбек.
Айнабек алғашқыда соғысқа баратынына көзі жеткен соң Қазақстандағы әскери қызметтегі ағасына "құтқар" деп хабарласқан. Кейін ҰҚК қызметкерлері оның отбасына барып, болған жайды айтып, қандай құжаттар толтыратынына көмектескен. Алдымен Айнабектің туыстары өз беттерінше әрекет етіп, оны Ресейден алдырмақшы болған. Шымкенттегі құзырлы органдарға жүгінген. Алайда одан нәтиже болмаған.
"Біз алғашында есеңгіреп қалдық. Себебі елімізде бейбітшілік, соғыс болып жатқан жоқ. "Соғысқа алып кетті" дегенге психикамыз дайын болмады. Өзіміз әрекет етеміз деп уақыттан ұтылдық. СІМ-ге және басқа да органдарға арыз жазып, сұрау салдық. Олар да "ресми жауап күтіп отырмыз" дейді. Бірақ ол жауаптың қашан келетінін білмейміз. Мына жақта балалар шырылдап жатыр. Құдай сақтасын, майданға барған адамның аман қайтуы неғайбыл ғой. Таппай қаламыз ба деп қорқамыз. Тапқан күннің өзінде мүгедек боп қайта ма деп қауіптенеміз. Елге алдырған күннің өзінде бұл жігіттердің болашағы бұлыңғыр. Себебі Қазақстан заңнамасына сәйкес, өзге елдегі соғысқа қатысқан азаматтарымыз заң алдында жауап береді. Бірақ бізде олардың өз еріктерімен бармағаны туралы дәлелдеріміз бар. Сондықтан шырылдап, соғысқа алып кетпей жатып балаларды елге алдыруға әрекет етіп жатырмыз", – дейді Айнабектің әпкесі.
Ресейде жүрген бір топ қазақстандық видеоүндеу жариялап, өздерін Украинадағы соғысқа еріксіз тартып жатқанын мәлімдеді. Үндеу жасағандардың арасында Шымкент тұрғыны Айнабек Келдібек те бар. Видеоүндеудегі өзге жігіттер де Украинаға қарсы соғысқа өз еркімен бармағанын айтып, Қазақстан билігінен араша сұрайды. "Біз соғысқымыз келмейді" деген олар Қазақстан халқына, президентке, министрлер мен депутаттарға үндеу жасап, елге қайтаруға көмектесуді өтінген. Қазір олардың Луганск маңында болуы мүмкін екені айтылды. Алайда олардың нақты орналасқан жері ресми түрде расталған жоқ.
"5 минуттық видеоны мен де көрдім. Қатты әсер еткені – ішіндегі бір жігіт "басқа елде жүріп өлгенше, өз елімізден топырақ бұйырсын" деп қалды. Қандай ауыр сөз. Ертең олардың барлығы бір-бір отбасын құратын азаматтар. Бірі – үйінің жалғыз баласы, екіншісі – екі баланың бірі. Барлығы да қарапайым отбасының балалары. Өз арбаларын өздері сүйреп жүргендер. Қазір әлеуметтік желіде "соғыс болып жатқан елге неге жібересіңдер" деп бізді айыптап жатқандар бар. Әрине, айыптаулары орынды. Бірақ қателеспейтін адам болмайды. Мен сол жазып жатқандарға мұндай қасіретті көрмесін деп тілеймін. Адам шалыс басам десе, бір-ақ сәт екен. Айнабектің ата-анасы да байқамай жіберді. Әйтпесе, ешқандай ата-ана баласын соғысқа барсын деп тумайды", – дейді С. Еркінбек.
Айнабек ісі – дәл осы уақыттағы еліміздегі жалғыз жағдай емес. Бұған дейін Астана тұрғыны Гүлжан Тасжарғанова ұлы Мирас Тасжарғановтың Ресейге жұмыс іздеп барып, кейін Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасауға мәжбүр болғанын айтып, көмек сұраған. Кейіннен Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресей СІМ-іне бұл азаматтарды елге қайтаруға жәрдем көрсетуді сұрап, нота жіберген. Ал 2 қазанда Қазақстан СІМ басшысы Мұхтар Тілеуберді Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Александр Комаровпен кездесті. Ресми хабарламада тараптар соғыс аймағында қалған Қазақстан азаматтарының жағдайын талқылап, оларды Отанына қайтару жөніндегі бірлескен іс-қимылды әзірлеуге келіскені айтылды.
Қазір ресми түрде Қазақстанның қанша азаматы майданда жүргені белгісіз. Толық ресми статистика да жоқ. Қолда бар ең көлемді мәліметтің бірі – Украинаның "Хочу жить" жобасының дерегі. Жоба 2026 жылғы мамырдағы жағдай бойынша Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасып, Ресей әскері құрамында соғысқан немесе соғысып жүрген 2 420 Қазақстан азаматының жеке деректерін анықтағанын мәлімдеді. Жоба Қазақстанды Ресей армиясына адам тартылған 135 елдің ішінде азаматтарының саны жөнінен алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі деп көрсетеді. Бұған қоса, жоба қолындағы дерек бойынша кемінде 460 Қазақстан азаматы қаза болған немесе хабарсыз кеткенін айтады.
Мейірман Шекеев, заңгер: Келісімшарт болмаса, оларды елге қайтаруға мүмкіндік бар
– Қазір Айнабек сынды бірнеше жігіт майданға алданып барып отыр. Алмаз есімді жігітпен де сөйлестім. Заңгер болған соң алдымен келісімшарт, құжаттарын сұрадым. Бірақ ол ешқандай келісімшарт жоғын айтты. Мұны Айнабектен де сұрадым. Ол өзінде жоғын, қасындағы бір жігітте ғана барын, кейін жіберетінін айтты. Алдымен мен олардың құжаттарымен танысып алуым керек. Ар қарай не істеу керегімізді сосын жоспарлаймыз. Егер жігіттер келісімшартқа қол қоймаған болса, оларды бейбіт азамат ретінде елге қайтаруға мүмкіндік бар. Олар соғысқа қатыспаған болса, ешқандай жаза да қолданылмайды. Бірақ Қазақстанда өзге елдегі соғысқа қатысқандар ҚР Қылмыстық кодексінің 170-171-баптарымен жауапқа тартылады. Бұлардың жағдайы басқаша, бұлар алданып барған. Сондықтан осы жағдай сотта ескеріледі.
Мысалы, елімізде өзге елдегі соғысқа қатысу бойынша 100-ге жуық іс қозғалған. Бірақ оның үшеуі ғана сотқа жеткен. Егер азаматтарымыз алданып, келісімшартқа қол қойып жатса, ол да ескеріледі.
Қазір Ресейдегі соғысқа тартудың түрлі жолдары бар. "СВО Қазақстаннан" деген сияқты Telegram-арналар бар. Майданға еліміз азаматтарын ашық түрде тартып жатады. Кейбірі қомақты сомаға алданады. Басқа бірін алдайды немесе қорқытады да, майданға жібереді. Мұның түрлі жолдары бар. Жалпы, заңгер ретінде Ресейге жұмысқа баруға кеңес бермеймін. Иә, ресми түрде ресейлік компанияларда жұмыс істеп жатқандар бар. Бірақ қауіп бәрібір жоғары.
P. S. Мақала дайындалып жатқанда Айнабектің әпкесі Сымбат Еркінбек редакцияға қайта хабарласты. Оның айтуынша, жігіттердің бір бөлігін соғыс аймағына алып кеткен, ал қалғандары әлі де көмек күтіп отыр. Туыстары уақыт созылған сайын оларды да майданға жібере ме деп алаңдайды.
Тұрсынбек БАШАР