Жансейіт Түймебаев. "ДЕТОНАТОР"
Жансейіт Түймебаев. "ДЕТОНАТОР"
Детонатор десең, жұрттың көзіне қанқұйлы соғыс елестейді. Рас, жарылғыш зат атаулы осы бір "түймедей" құрылғы арқылы іске қосылады да, көзді ашып-жұмғанша гүрс ете түседі. Яғни бомба, мина, артиллериялық снаряд дегендеріңіздің бәрі детонаторсыз жарылмайды. Дегенмен осы "төңкергіш құрылғының" бейбіт мақсатта да қолданылатынын біреу білсе, біреу білмейді. Сонда қайда қолданылады? Қайда деріңіз бар ма, тау-кен өндірісінде және ескі нысандарды бұзуда таптырмайтын құрал – осы ғой. Қалтарыста құлағыңды басып тұрып, "түймесін түртіп" қалсаң болды, кез келген ғимаратыңның төбесін ортасына түсіреді.
Кеше – ассистент, бүгін – академик
Оқырман қауым "Шенеуніктің шинелі" айдарының кейіпкерлерін жақсы біледі. Кемі – министр, болмаса облыс әкімі. Вицелердің өзін "менсінбейтін" себебіміз, айдардың салмағын кеміткіміз келмейді. Ақыры шинелін шешіп, "алқымын ашатын" болған соң, кейіпкеріңнің де "қоңдырақ" болғаны дұрыс қой, тегінде. Міне, біздің осы ұстанымды сезетін кейбіреулер "бұлар ректорға дейін төмендепті" деп тон пішуі мүмкін. Алайда біз бұған келіспейміз. Себебі қызмет әртүрлі болғанымен, шинел – біреу. Ал Жансейіт Түймебаев киген "шинелдің жеңі" небір "майлы табақтарға" батқанын білуіңіз керек. Білмесеңіз, салыстыру үшін айтайық, жоғары билікте Түймебаевпен деңгейлесетін кіміңіз бар?
Мысалы, бұл кісінің ғылыми дәрежесі – филология ғылымының докторы деген атақпен шектелмейді. Түркиядағы Ниде университетінің құрметті докторы, Қырғызстандағы Ш. Айтматов академиясының құрметті академигі, Санкт-Петербург политехникалық университетінің құрметті докторы, Қытайдағы Сиань Цзяотун университетінің құрметті профессоры. Демек, кейіпкеріміз – әлем мойындаған ғұлама ғалым. Ал атқарған қызметтері – атан түйеге жүк. Майда-шүйдесін айтып, оқырманның уақытын "өлтірмей-ақ" қояйық. Жансейіт Түймебаев Ресей мен Түркияда және Албанияда Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі болды. Білім және ғылым министрлігін басқарды. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып барды да, өңірді Түркістан облысына "айналдырып" қайтты. Назарбаевтың тұсында президент протоколының басшысы, кейін кеңесшісі болғаны тағы бар. Әккі Назарбаевтың тегін адамнан "кеңес алмайтынын" ескеріңіз. Биліктің ұшар басындағы ауыс-түйістен соң, Ассамблеяның төріне барып отырды. Қызметі – төрағаның орынбасары. Төрағаның кім екенін өзіңіз білесіз. Ал ҚазҰУ-ге келгені – 2021 жыл.
Міне, осы тұста Түймебаевтың өмірбаянынан хабары бар жұрт "Кешегі ассистент академик болып оралды" десті. Расында, 1980 жылы кейіпкеріміз еңбек жолын осы университетте ассистент болып бастаған. Бірақ қанша жыл ассистент, яғни "барып кел, шауып кел" деңгейінде жүргенін білмейміз. Анығы, 13 жылда жеткен биігі – доцент. 1993 жылы Сыртқы істер министрлігіне ауысқан мұғалім араға отыз жылдай уақыт салып барып ректораттың есігін айқара ашты. Міне, әңгімені дәл осы тұстан тарқатсақ та, "татымды" дүние шығар еді. Бірақ біз айдардың "тастай талабын" ескеріп, кейіпкеріміздің жүріп өткен жолын тағы бір "айналып" шығамыз.
"Назарбаевтың адамы"
Тәуелсіздіктен бергі саясат тарихын жақсы білетін сарапшылар Түймебаевты Назарбаевпен "түйістіріп қоюға" құмар. Ал біз үшін мұның дұрыс та, бұрыс та тұсы бар секілді. Бұрыс жері – атылып, қуылып, жер ауып кеткендерді айтпасаңыз, үлкен саясатта Назарбаевқа "бөтен" адам болған жоқ. Дұрыс тұсы – Түймебаевтың өзгелерден "сүйкімділеу" кадр болғаны рас.
Енді дәлел келтірейік. 2010 жылы Түркиядан тараған жайсыздау хабар бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Кезінде Мұстафа Кемаль Ататүрікке тиесілі болған "Саварона" яхтасына арнайы операция жүргізген түрік полициясы 14 адамды "құлағынан сүйреп", жағаға түсірген. Олардың 10-ы – 16-18 жас арасындағы жеткіншек қыздар. Ал олармен көк теңіздің үстінде "көрпе лақтырысып" ойнаған "жетпегірлер" – Қазақстан, Ресей және Қырғызстанның шенеуніктері мен бизнесмендері. Яхтаны тәулігіне 50 мың доллар төлеп, бес күнге жалдаған адам – қазақстандық олигарх Александр Машкевич (бұл кісі 2025 жылы өмірден өтті – ред).
Сосын не болды? Намыстан жарылардай болған Түркия "Саваронаның" іші-сыртын "кір сабынмен" он қайтара жуды да, бұдан кейін яхтаны кім-көрінгенге жалға бермейтін тәртіп енгізді. Ал Қазақстан Түркиядағы елшісін орнынан алып тастады. Санаулы күннен кейін Ыстамбұлға Түймебаевтың табаны тиді. Міне, осы ауыс-түйістің себебін салмақтағандар "Әлемді шулатқан "секс-жанжалдың" Қазақстан "қанатындағы" жалынын сөндіру үшін Жансейіт Түймебаев таңдалды" дейді. Егер осы пайымның "жетегіне" ерсек, онда кейіпкеріміз Анадолыға "өрт сөндіру" үшін барған болып шығады.
Мұны бір деңіз, екіншіден, Назарбаевты білесіз ғой, қырына іліккендерді "ыстық табаға майсыз қуыратын". Ал Түймебаевты "бұрышқа тақағаны" туралы дерек жоқ. Керісінше, оған ең жауапты қызметтерді жүктеді. Соның ең маңыздысы – президент протоколының басшысы деген қызметі. Рас, кейіпкеріміз алдымен 1997-1999 жылдары бұл мекемеде консультант болған. Түркиядағы елшіліктен кейін президенттің протоколына басшы болып келді. Ал бұл мекеме не істейді? Мемлекет басшысының ресми іс-шараларын, кездесулері мен келіссөздерін ұйымдастырады. Келіссөздер мен бірлескен мәлімдемелердің және қол қою рәсімдерінің ретін айқындайды. Оны айтасыз, халықаралық нормаларға сәйкес, кімнің қайда отыратынын, тіпті дресс-код, яғни киім үлгісіне дейін қадағалайды. Бір сөзбен айтқанда, президентке "бүгін ақ көйлек киіп, көк галстук тағыңыз" деп "тапсырма" беретін – осы мекеме.
Үшіншіден, естеріңізде болса, бұрынғы президент – Назарбаев, сол кездегі облыс әкімі – Түймебаевқа хат жолдаған. "Президент әкімге хат жазыпты" деген мәлімет ақпараттық әлемнің "әлем-тапырығын" шығарды. Сөйтсе, не болған дейсіз ғой, "Өңірлердің Астанаға тартуы" жобасы аясында, Астанаға 56 шақырым веложол салып берген Түймебаевқа Назарбаевтың "құсы түсіпті". "Астананы көркейтуге зор үлес қосқан Сізге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін", – депті Назарбаев әлгі хатында.
Ал шындығында, Астананың 20 жылдығына "таңын жыртпаған" облыс бар ма? Атырау облысы Есіл өзеніне "Атырау" көпірін салып берді, Маңғыстау облысы "Достық үйін" күрделі жөндеуден өткізді. Қарағанды облысы "Қазақ еліне мың алғыс" ескерткішін тұрғызды. Шығыс Қазақстан облысы әр тамшысы аспанға шапшыған субұрқақ салып берді… Бірақ Назарбаев өзгеден ерекшелеп тұрып, Түймебаевқа алғыс айтты.
Төртіншіден, 2018 жылы Жансейіт Түймебаевтың командасы Шымкенттен Түркістанға көшкенін ұмытпаған шығарсыз. Құдай салмасын, сол кезде әкімнің аппараты, 28 департамент пен 24 басқарма басшылары артынып-тартынып, керуен түзеген. Сонда кейіпкеріміз бүй деді: "Кезінде Елбасы Астанаға көшер кезде "Алматыға сыймай емес, Алматыны қимай кетіп барамыз" деген екен. Біз де Шымкентке сыймай емес, оны қимай кетіп барамыз".
Байқадыңыз ба, салыстыру өте сәтті шыққан. Назарбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті болса, Түймебаев – Түркістан облысының тұңғыш әкімі. Кейіпкеріміз әдемі салыстыру арқылы осыны өзгелерге "сездіргісі" келген сияқты.
Келген сияқты деуіміздің мынадай да себебі бар. 2021 жылы Қырғызстанда Садыр Жапаровтың ұлықтау рәсімі өтті. Оған шетел басшылары қатысқан жоқ. Тек шет мемлекеттердің өкілдері барды. Қазақстан атынан сөз сөйлеген Түймебаев тек Назарбаевтың құттықтауын оқып беріп, Тоқаев туралы бір ауыз сөз айтпаған. Мұны сол кезде бірқатар БАҚ жазды. Ал неге айтпайды? Мұны да сол, Түймебаевтың "серкетану" тұрғысындағы көзқарасының әсері деп топшылауға болатын секілді. Демек, мұны "бесіншіден" деңіз.
Алтыншыдан, жетіншіден… оныншыдан ел тізгінін Тоқаевқа берген Назарбаев Түймебаевты "оң жағына" алып отырды. Барған сайын "тынысы тарыла" бастаған экс-президент Ассамблеяға анау-мынау адамды таңдамайтыны белгілі. Демек, тұңғыш президент "тұяқ серпитін" сәтке дейінгі сенімді серіктерінің бірі ретінде Түймебаевты "қасында ұстағысы" келген болуы ықтимал.
"Мәсімовтің досы"
Досы дегенде, екеуінің қолтықтасып, құшақтасып жүргенін көрген адам ақпар берді дейсіз бе? Мұндағы мәселе – Түймебаевтың "кең заманда" да кері кеткен қадамдары туралы әңгіме ғой. Кейіпкеріміз президентке жаққанымен, халықтың көңілінен шықты дей алмаймыз. Мәселен, Түркістан облысын басқарған жылдары әкімдер рейтингінің "артында" жүретін. Бір жылы 9-орын алса, тағы бір жылы 13-орынды місе тұтқанын білеміз. Ал Білім және ғылым министрі кезінде дау-дамай тіпті көп болды. Мектеп оқулықтарындағы өрескел қателер, аударма сапасының төмендігі және мазмұндық қайшылықтар қоғамда қызу талқыланды. Түймебаевтың тұсындағы "түйткілдің" бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты өрбіді. ҰБТ нәтижесін есептеуде техникалық қателіктер жиілеп, түлектер мен ата-аналар арасында үлкен наразылық туғызды.
Өзі білімді адам болғаннан кейін жастардың бәрі білімді болсын дей ме, әйтеуір бұл кісі министр кезінде ҰБТ-ның шектік балын 50 баллдан 60 баллға дейін көтерген. Бірақ министр көтерген межені мектеп түлектері "көтере" алмай қалды. Әр төртінші бала шекті деңгейге жете алмай, "омақаса" құлады. Түймебаевтың тұсында жоғары балл алған балалар да оңған жоқ. ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетіп, бірақ грантқа іліге алмаған жастарды кейіпкеріміз ақылы оқуға шақырып, пайызы төмен несиемен "жарылқамақ" болған. Түймебаев сөзінде тұрды. Дегенмен екінші деңгейлі банктерден 15 млрд теңге бөлініп болғанша, ата-аналар мен абитуриенттердің жарты шашы ағарып кетті.
Сол кездерде ғой, бұрынғы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов орнынан тұрған. Тұрған да, министрге қарата: "Жәке, сен менің досымсың, бірақ ақиқат бәрінен қымбат", – деген, Аристотельдің мақамына салып. Білесіз, ол заманда Мәсімовтің шынымен де "Аристотель тұрпатты" кезі. Платонға айтылған сөздің өзіне бағытталғанын "мәртебе" көрді деуден аулақпыз, бірақ кейіпкеріміз үндемеген. Осы оқиғадан кейін елдің есінде "Түймебаев пен Мәсімов дос болған екен" деген ой қалды. Қысқасы, Жансейіт Түймебаевтың жүріп өткен жолында осындай аздаған "тарсыл-гүрсілдің" болғаны рас. Алайда оның бірде бірі университеттегі "жарылыстардай" қоғамды дүрліктірген жоқ.
Дәретханадан Иорданияға дейін
Ең маңызды мәселе басқа болса да, әңгіменің жүйесін бұзбау үшін ретімен баяндайық. Кейіпкеріміз 2021 жылдың 5 ақпанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры болып тағайындалды. Бірер күннен кейін ақпараттық әлемде "алғашқы жарылыс" тіркелді. Ондағы мәліметтерге қарасақ, университет мемлекеттік сатып алулар порталына биодәретхана сатып алатыны туралы хабарландыру ілген. Екі биодәретхананың бағасы – 22 млн теңге. Хабарландыру 5 ақпан күні кешкі сағат 20:05–те жарияланған. Сол сол-ақ екен, шенділерді "аңдып" жүретін пысық журналистер "бөрінің артындай шулап" қоя берді. "Бұл кісі өзі университетті басқарғалы келе жатыр ма, әлде "түзге шыққалы" келе жатыр ма, деген сұрақтың да салмағы еселеп артты.
Ал Ассамблея сол кезде "араағайындық" жасап, Түймебаевтың әлі ректор емес, Ассамблея төрағасының орынбасары екенін айтқан болатын. Кім біледі, солай болса, солай да шығар. Дегенмен бұл оқиға қарапайым жұрт үшін тақ бір тамақ ішіп отырғанда, мұрнына дәретхананың иісі келгендей, тым жайсыз әсер етті.
Ең маңызды мәселе – мынау: 2022 жылы ҚазҰУ тарихында бұрын-соңды болмаған "қопарылыс" тіркелді. Олай дейтініміз, университте оқып жатқан Иорданияның сексенге жуық студенті өз елдеріне "қопарыла" көшті. Ал Иордания билігі ҚР Үкіметі мен Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдады. Неге? Неге екенін сол кезде бұл тақырып жайында сериялы мақала жазған NEGE порталынан оқып алсаңыздар болады. Қысқа қайырсақ былай: шетелдік студенттердің оқу ақысы ҚазҰУ-дың есепшотына емес, "Exellent Consult" деген компанияға "құйылған".
Қалайша? Не үшін? Университетке тиесілі қаржы неге өзге компанияның қоржынына түсуі керек? Осы сауалды NEGE порталы сол кезде Бас прокуратураға, Антикорға, Ғылым және жоғары білім министрлігіне және Сыртқы істер министрлігіне жолдаған. Сондағы прокуратураның жауабында мынадай жолдар бар: "Қазіргі уақытта Алматы қаласының Полиция департаменті (бұдан әрі – Полиция департаменті) ҚазҰУ-дың лауазымды тұлғалары тарапынан алаяқтық әрекеттер фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаймыз".
Көрдіңіз бе, полиция "алаяқтық әрекеттер фактісі" бойынша тергеу жүргізген. Бұл жай ғана алаяқтық емес, халықаралық дәрежеде шу тудырған, керек десеңіз, Қазақстанды бүкіл әлемнің алдында "жерге қаратқан" сойқан еді. Бұған кімдердің қатысы бар, оларға қандай жаза қолданылды? Бұл жағы белгісіз. Белгілісі, дәретхана дауындай емес, бұл кезде ректораттың "төбесіне" Түймебаев әбден орныққан болатын.
Міне, осыны ескергендер "Бір жағынан, бұл да дұрыс болды, "жарылыстың" соңы осы шығар" деп топшылаған. Қайдағы? ҚазҰУ – білім мен тәрбиенің ошағынан гөрі, дау мен қауіптің ошағына көбірек ұқсап барады.
"Пәк" қыздар мен "пәк емес" ұстаздар
Білесіз ғой, 2024 жылы механика-математика факультетінде білім алып жатқан студенттердің аты-жөні, ЖСН-і, жеке байланыс нөмірлері мен медициналық деректері әлеуметтік желілердің "көркіне" айналды. Мұндағы басты мәселе – аяқ асты жария болып кеткен құжатта қыздардың гинекологиялық мәліметтері, яғни жыныстық қатынаста болған-болмағанына қатысты деректер де бар. Бұл деректің кімге "керек болып", қағазға түскені қарапайым жұртты таңдай қақтырды.
Шыны керек, дәл осы дау – Иорданияның Қазақстанға жолдаған наразылық нотасынан кем болған жоқ. Әлгі құжаттан әркім өз қызын іздеп, "әуре-сарсаңға" түсіп жатқанда, университет басшылығы пікір білдірген. Алайда оқу ордасының уәжі "қысылғаннан қыз болдық" дегеннің керіне ұқсады. Өйткені университет бастапқыда айыпты есебінде жекеменшік емхананы меңзегендей болған. Дегенмен аяғында жеке серіктестіктің құрылтайшысы – ҚазҰУ-дың өзі екені анықталды. Айтып айтпай не керек, Түймебаевтың "бетін күйдіргендей" болған бұл оқиға "ҚазҰУ-дың "пәк" қыздар тізімі" тақырыбымен "тарихқа" енді.
Сонау 2022 жылы университеттің оқытушылары Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асыловтың атына арыз жазған. Ол арыз"Ж.Қ.Түймебаевтың жемқорлық және қылмыстық іс-әрекеті туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушыларының үндеуі" деген атпен тасқа басылды. Соған қатысы бар-жоғы белгісіз, соңғы уақытта басшылық пен оқытушылар арасында дау көбейді. Мәселен, биыл қыркүйек айында университет басшылығы Журналистика факультетінің төрт оқытушысын "желкелеп" отырып, жұмыстан шығарып жіберді. Олар – филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин, ақын әрі әдебиеттанушы, публицист Мұрат Шаймаран, жазушы-сатирик Ермахан Шайхы және журналистика факультетінде кафедра меңгерушісі, декан болған белгілі ақын әрі баспагер Темірғали Көпбай.
Көрдіңіз, сол кезде ел пікірі екіге жарылды. Біреулер "ҚазҰУ-дікі – дұрыс" деді, енді біреулер "Оқытушыларға – обал" деді. Университеттің уәжіне "қосыла шапқаны" белгісіз, кейбір журналистер де, кешегі ұстаздарын "қаралап" шықты. Міне, дәл осы тұста Темірғали Көпбай әлеуметтік желіге "Біз журфактан кеттік!" деген тақырыппен пост жазды. Сол жазбасында ақын факультетте бес жылда бес декан ауысқанын, бұл жағдай факультеттің академиялық беделіне нұқсан келтіргенін айтқан. Ақынның ең ащы пікірі – "Ашық айтқан ұстаздарды қудалау басталды. Кеңес заманындағыдай "Қара тізім" жасалды" дегені, әрі "қара қатын", "жалбыр шаш" деп әлдекімдерді меңзегені. "Қара қатын" мен "жалбыр шаш" – бір адам ба, әлде екеуі – екі бөлек кісі ме, бұл жағы бізге жұмбақ. Анығы, Темірғали Көпбайдың сол жазбасынан бүйіріне тық-тық басқан әйелдің темір өкшесі қадалғандай кейіп аңғарылды. Бұл жақсы ма, жаман ба, о жағын әркім өзі шамалар.
Жалпы, журналистика факультетіндегі "дауды" қаузап, тақырып арнамай-ақ қойсақ та, болар еді. Алайда Көпбайдың "Қара тізім" жайлы пікірі қайыра есімізге түсіп отыр. Өйткені ұстаздарға қатысты дау мұнымен бітпейді. Жуырда ғана филология факультетінің бұрынғы оқытушысы Гауһар Дүйсембиеваның жұмыстан босатылуына қатысты тараған видео да бұқараның көңілін "бұзды". Бұл жерде де, университет өзінікін, оқытушы өзінікін дұрыс санайды. Бастысы, бұл да емес. Бізге жеткен бейресми ақпаратқа қарағанда, дәл қазір ҚазҰУ үш бірдей белгілі оқытушымен соттасып жатқанға ұқсайды. Оның бірі – биология факультетіне ұзақ жыл еңбек сіңірген, биология ғылымдарының докторы, профессор Анатолий Иващенко болса, қалған екеуі – жоғарыда біз атын атаған оқытушылар болуы бек мүмкін. Ал енді осының несі жақсы? ҚазҰУ-ден басқа қай ЖОО өзінің ұстаздарымен соттасып-оттасып жүр?
Құлаған сарай, қайталанған қаза
Күні кеше ҚазҰУ-дің студенттер қалашығында тағы бір студент қайтыс болды. Тағы бір дейтініміз, 2025 жылдың тамыз айында ғана оқыс оқиға тіркелген. Шығыстану факультетінің студенті ректораттың 14 қабатынан секіріп, мерт болған. Сол кезде біраз жұрт "Терезеден секірсе, Түймебаев итеріп жіберген жоқ қой" дескен. Солайы солай ғой енді, бірақ жыл айналмай жатып, қайталанған қазаның сырын немен түсіндіруге болады? Түсіндіруге тырысқан Ulysmedia.kz тілшісінің "тұмсығы тасқа тиіпті" кеше.
Алғаны – ел естіп үлгерген аздаған ақпар ғана. Оқыс оқиға журналистика факультетінің жатақханасында болған. "Марқұм өзіне қол салып, асылып өлген болуы мүмкін" деген жорамал бар. Ал Журналистика факультетіне барып, ресми ақпарат алмақ болған тілші ешкімді таппаған. Тіпті студенттермен сөйлесуге тырысқанда, олардың көбі тіл қатудан бас тартқан. Неге? Себебі сол, студенттерге болған жайтты ешкіммен, әсіресе журналистермен талқыламау ескертілген көрінеді. Ulysmedia.kz осылай тұжырады.
Ал болашақ тілшілер журналистпен тілдесуден неге қорқады? Жыл сайын жүздеген журналисті ақпарат айдынына жөнелтіп отырған журналистика факультеті неге үнсіз? Басынан бәле арылмаған университеттің басшылығы неге ресми мәлімет таратпады?
Бұған нақты жауабымыз жоқ, есесіне, болжам бар. Түймебаев басқаратын оқу орны жайсыз жағдайларды құлаған сарайдың сыртын қоршағандай, "қоршап" қоюға құмар секілді.
Білесіздер ғой, Студенттер сарайының төбесі ортасына түскенде де, ҚазҰУ басшылығы бірдеңе деуге асықпаған. Ал кейінгі мәлімдемелері бір-біріне онша ұқсамаған. Анық дүние, тыныш тұрған сарайды "түртпектеп тексеру" мен "төбесін ортасына түсіруге" дейінгі кезең – Түймебаев "дәуірімен" тұспа-тұс келеді.
Түйін
Детонатор атаулының – капсюль-детонатор, электрдетонатор және механикалық детонатор аталатын үш түрі бар. Соңғысы, аты айтып тұрғандай соққы немесе үйкеліс әсерінен іске қосылады. Егер кейіпкеріміздің ҚазҰУ-ге келгелі болып жатқан "үйкелістер" мен "жарылыстарды" есепке алсаңыз, механикалық детонатор – біздің ректордың болмысын сипаттауға дәл келетін сияқты. Енді мұның қызық жері, детонатордың бұл түрін қауіпсіз етудің жолы бар. Әдетте басып қалсаң, аспанға "шашып жіберуге" дайын тұратын миналарды саперлер залалсыздандырады. Ендеше, мәселе неде? Мәселе – сол, жоғары биліктің біздің кейіпкерімізді қаншалықты "тани" алғанында! Яғни "залалсыздандыра" ма, жоқ па, оны өздері біледі…