Сараптама

Майдандағы соғыс, үстелдегі сауда. Ресейдің талабы орынды ма?

Майдандағы соғыс, үстелдегі сауда. Ресейдің талабы орынды ма?

Фото JasAlash / ЖИ

Әбу-Дәбидегі келіссөз соғысты тоқтатуға жасалған кезекті дипломатиялық қадам ретінде бағаланып жатыр. Алайда төрт жылдан астам уақытқа созылған қантөгістің тағдырын шешу оңай емес. Мәскеу Украинадан аумақ пен әскери-саяси шектеулер талап етеді. Киев жерінен бас тартпайтынын айтып, болашақта Ресейдің қайта шабуыл жасауына жол бермейтін кепілдік сұрап отыр. Вашингтон екі тарапты ортақ мәмілеге келтіруге тырысқанымен, Еуропаның қауіпсіздік жүйесін қайта қарау мәселесі келіссөзді одан сайын күрделендірді. Бір қызығы, дипломаттар бейбітшілік жайын талқылап жатқанда, майдандағы ұрыс та, Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына жасалған шабуылдар да тоқтаған жоқ.

Фото: Rula Rouhana/REUTERS/Украина-Ресей

Тоғыз айдан кейінгі кездесу

  10 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дәбиде Ресей, Украина және АҚШ делегациялары қайтадан бір үстел басына жиналды. Вашингтон бұл кездесуді Ресей мен Украина арасындағы келісімге қол жеткізудің жаңа мүмкіндігі деді. Алғашқы келіссөз төрт сағаттан астам уақытқа созылды. Тараптар соғыстан кейінгі қауіпсіздік кепілдіктерін, гуманитарлық мәселелерді, әскери тұтқындарды айырбастауды және болашақ бейбіт келісімнің шарттарын талқылады. Сонымен бірге басты дау – жер мәселесі де сөз болған. Украина президенті Ресей делегациясы аумақ мәселесін де көтергенін растады. Зеленский мұндай түйінді мәселе делегациялар деңгейінде емес, мемлекет басшыларының қатысуымен шешілуі тиіс екенін жеткізді.

Осы тұста келіссөздің сырткөзге байқала бермейтін бір қайшылығы көрінді. АҚШ соғысты тоқтататын ортақ шешім іздесе, Мәскеу мен Киев бейбітшілік сөзін әртүрлі түсінеді. Украинаға бейбітшілік – тәуелсіздігі мен қауіпсіздігі сақталған елде соғыстың тоқтауы. Ал Ресейдің жарияланған талаптарына қарағанда, Мәскеу әскери әрекеттерді тоқтатуды Украина мен Еуропаның болашақ қауіпсіздік құрылымына қатысты кеңірек келісіммен байланыстырғысы келеді. Демек, қазір келіссөз тек майдандағы атысты тоқтату емес. Келіссөз үстелінде соғыстан кейінгі Украинаның қандай мемлекет болатыны және Еуропадағы қауіпсіздік тәртібінің қалай құрылатыны да талқыланып жатыр.

Фото: ЖИ/Путин

Мәскеудің басты талабы Донбасс қана емес

Ресейдің Украинаға қатысты талаптары соғыс басталғалы бері бірнеше рет айтылды. Олардың ішіндегі ең қиыны – аумақ мәселесі. Мәскеу 2014 жылы аннексиялаған Қырымды және 2022 жылы өз құрамына қосылғанын жариялаған Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарын Ресей аумағы деп есептейді. Алайда бұл аннексияларды Украина да, халықаралық қауымдастықтың басым бөлігі де мойындамайды. Мәселенің күрделі тұсы – Ресей аталған өңірлердің бәрін толық бақылап отырған жоқ. Соған қарамастан, Мәскеу Украина әскерінің өзі бақылауында ұстап отырған кейбір аумақтардан да шегінуін талап етіп келеді. Ресей президенті Владимир Путин Донбасс аймағын түгелдей өз бақылауына алуды көздейді. Ал Киев мұндай шартты қабылдаудан бас тартып отыр. Донбасс – Ресейге территориялық олжа ғана емес, саяси, әскери және экономикалық маңызы бар өңір. Донецк облысында Украина қорғанысының маңызды бекіністері орналасқан. Краматорск пен Славянск сияқты қалалар және оларды байланыстыратын қорғаныс желілері соғыс барысында ерекше мәнге ие. Егер Украина өз бақылауындағы аумақтардан соғыспай шегінуге келіссе, бұл Ресейдің майданда толық қол жеткізе алмаған мақсатын дипломатиялық жолмен жүзеге асыруына мүмкіндік беруі мүмкін. Ал Киевке мұндай шешім қымбатқа түседі. Бұған келіссе, тек жерін жоғалтып қоймай, алдағы қорғаныс мүмкіндіктері де әлсірейді деген сөз.

Бірақ Ресейдің талабы мұнымен аяқталмайды. Мәскеу Украинаның НАТО-ға мүше болмауын, әскери әлеуетіне шектеу қойылуын және батыстық әскери құрылымдармен байланысының белгілі бір тәртіпке бағынуын да талап етіп келеді.

Ресей Украинаны Днепр арқылы екіге бөлмек пе?

  Дипломаттар Әбу-Дәбиде қауіпсіздік туралы сөйлесіп жатқанда, Украина президенті мүлде басқа қауіп туралы мәлімдеме жасады. 9 қарашадағы кешкі үндеуінде Зеленский Ресейдің Днепр өзені арқылы Украинаның шығыс және батыс бөліктерінің байланысын үзуге тырысып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Ресей әскері көпірлер мен энергетикалық инфрақұрылымға соққы беру арқылы елдің көлік жүйесін әлсіретуді, шығыс өңірлерді оқшаулауды және тұрғындардың тұрмысын қиындатуды көздейді. Бұл мәлімдеменің мәнін түсіну үшін Днепрдің Украинадағы орнына назар аудару керек.

Днепр – елдің орталық және шығыс аймақтарын кесіп өтетін ірі өзен. Оның үстіндегі көпірлер көлік өтетін жол ғана емес. Ол теміржол және автокөлік логистикасы, әскери жүктерді жеткізу, азаматтық тасымал мен экономикалық байланыстар үшін аса маңызды. Егер Ресей осы өткелдердің жұмысын ұзақ уақытқа тоқтата алса, Украина әскеріне шығыс майдандағы бөлімшелерді қажетті жабдықпен қамтамасыз ету қиындайды. Оған қоса елдің екі бөлігінің арасындағы азаматтық тасымал да зардап шегеді.

Фото: РИА Новости/АҚШ- ЕуроОдақ

Еуропа неге алаңдайды?

Әбу-Дәбидегі келіссөздің қайта жандануына Дональд Трамп әкімшілігінің дипломатиялық әрекеттері ықпал етті. Вашингтон Ресей мен Украинаны ортақ мәмілеге келтіріп, соғысты тоқтатуды көздейді. Тараптар аумақ мәселесіне қатысты белгілі бір икемділік танытқан. Алайда нақты қандай шарттар талқыланғаны белгісіз. Мұндағы басты мәселе – атысты тоқтату мен белгілі бір аумақтан заңды түрде бас тартудың екі бөлек ұғым екені. Украина соғысты қазіргі майдан шебінде тоқтатуға келіссе де, бұл Ресей басып алған жерлерді Мәскеудің меншігі ретінде мойындады деген сөз емес. Ресейге шекара талаптарын келісім арқылы бекіту маңызды болса, Киев егемендігін сақтап, болашақта жаңа шабуылға ұшырамайтындай кепілдік алуға мүдделі.

 Шетелдік БАҚ Украинаға НАТО жарғысының 5-бабына ұқсас қауіпсіздік кепілдіктерін беру мүмкіндігі де қарастырылғанын жазды. Бірақ мұндай кепілдік альянсқа толыққанды мүшелікті алмастыра алмайды. Киевтің бұған сақ қарауына тарихи негіз бар. 1994 жылғы Будапешт меморандумы да Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмады. Сондықтан Киевке кепілдіктің қағаз жүзінде берілуінен гөрі, оның іс жүзінде қалай орындалатыны маңызды.

Ал Еуропа елдерін келіссөздің өз қатысуынсыз аяқталу ықтималдығы алаңдатады. 10 қарашада Еуропалық кеңес жариялаған бірлескен мәлімдемеде Украина мен оның батыстық серіктестері болашақ келісім елдің егемендігі мен аумақ тұтастығын құрметтеуі тиіс екенін атап өтті. Өйткені Мәскеудің НАТО-ның кеңеюін шектеу және Еуропадағы қауіпсіздік тәртібін өзгерту жөніндегі талаптары бүкіл құрлықтың болашағына әсер етеді.

Фото: Andrii Marienko / AP Photo/украина

Украина 800 мың әскерге кепілдік сұрайды

11 қарашада үшжақты келіссөздің екінші күні басталды. Екінші күнгі келіссөздің негізгі тақырыптарының бірі – аумақ мәселесі. Дональд Трамптың өкілдері Донецк пен Луганск облыстарының әкімшілік шекараларын қайта қарауды ұсынған. Жоспардың мәні – қазіргі майдан шебіне сәйкес облыстардың шекарасын өзгертіп, Ресейге Донбассты толық бақылауға алғанын мәлімдеуге мүмкіндік беру. Ал Украина әскерінің бақылауындағы қалалар Киевтің қарамағында қала береді. Вашингтон осылайша екі тараптың да талабын ішінара қанағаттандыруға тырысқан. Алайда мұндай мәміленің астарында күрделі саяси қайшылық жатыр. Өйткені әкімшілік шекараны өзгерту арқылы халықаралық деңгейде мойындалған мемлекеттік аумақтың құқықтық мәртебесін өзгерту мүмкін емес. Басылым дереккөзінің мәліметінше, Киев бұл ұсынысты қабылдамаған. Украина Ресей басып алған аумақтарды Мәскеудің меншігі ретінде мойындамайтынын мәлімдеген.

 Сонымен қатар Украина соғыс аяқталғаннан кейін де қуатты армиясын сақтап қалуды көздеп отыр. Киев Батыс елдерінен 800 мың әскери қызметкері бар армияны кемінде 10 жыл қаржыландыруға кепілдік беруді сұраған. Киев мұндай қолдауды Ресей шабуыл жасай қалса маңызды қауіпсіздік кепілдігі деп есептейді.

    Зеленский бұған дейін де Украина қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 800 мыңдық армияны сақтау маңызды екенін айтқан. Алайда ел НАТО-ға қабылданған жағдайда әскер саны өзгеше болуы мүмкін екенін де жоққа шығармаған. Бұл талаптың саяси мәні бар. Мәскеу Украинаның әскери әлеуетін шектеуге ұмтылса, Киев, керісінше, соғыстан кейін де ірі әрі қаржыландырылған армияны сақтап қалғысы келеді. Демек, тараптар аумақ мәселесінде ғана емес, Украинаның болашақ қорғаныс қабілетіне қатысты да ортақ мәмілеге келе алмай отыр.

Фото: ашық дпреккөз/Урсула фон дер Ляйен

Мәскеу неге Еуропамен сөйлескісі келмейді?

Әбу-Дәбидегі келіссөздің тағы бір ерекшелігі – Еуропа елдерінің негізгі келіссөз үстелінен тыс қалуы. Франция, Германия, Ұлыбритания және Еуроодақ өкілдері Әбу-Дәбиге келгенімен, Ресей олармен тікелей кездесуге ниет білдірмеді. Кремль өкілі Дмитрий Песков та мұндай кездесу жоспарланбағанын айтты. Мәскеудің Вашингтонмен жеке келіссөзге басымдық беруінің саяси астары бар. Ресей Украинадағы соғысты тоқтатуды Еуропаның қауіпсіздік жүйесін қайта қараумен байланыстырады. Оның көздегені – тек Донбасс пен Қырым мәселесі емес, НАТО-ның шығысқа кеңеюін шектеу және Украинаның альянсқа қосылуына жол бермеу. Сондықтан Мәскеу АҚШ-пен тікелей мәмілеге келу арқылы Еуропаның ұстанымын айналып өтуге тырысуы мүмкін. Алайда Еуропасыз жасалған келісімнің орындалуы да күрделі. Өйткені соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіру, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық қолдау көрсету міндетінің елеулі бөлігі еуропалық мемлекеттерге жүктелмек. Оның үстіне Еуропа алдымен атысты тоқтатуды талап етсе, Мәскеу болашақ қауіпсіздік шарттары анықталмайынша, бітімге келуге асықпайды.

 Сондықтан екі күндік келіссөз де тараптардың ұстанымы әлі алшақ екенін көрсетті. Зеленский кездесуді нәтижелі деп бағалағанымен, негізгі мәселелер бойынша келісім жарияланған жоқ. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да түпкілікті шешімге бірден қол жеткізу қиын екенін мойындады.

Бұл жағдайда уақыт Ресейдің пайдасына жұмыс істеуі мүмкін. Мәскеу майдандағы жағдайды өзгертіп, келіссөздегі талабын күшейтуге ұмтылса, Украинаға соғыстың әр күні – жаңа шығын мен құрбандық. Дегенмен екі күндік кездесуде тұтқын алмасу, энергетикалық нысандарға шабуылдарды азайту және қауіпсіздік кепілдіктері жөнінде ілгерілеу бар екенін жоққа шығаруға болмайды.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт Әкімшілігі