Базалық мөлшерлеме қалай өзгерді?
Қазір біраз жұрт еліміздің бас банкінің қас-қабағын бағып, айтылуы ықтимал әрбір сөзін күтіп отыр.
Бұл үрдіс 23 қазанға дейін жалғаспақ. Себебі сол күні Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты жаңа шешімін жариялайды. Ал базалық мөлшерлеменің төмендеуі немесе өсуі – бүкіл экономиканың жағдайынан хабар беретін аса маңызды дүние.
Ставканың сырын білеміз бе?
Жалпы, көзі ашық, көкірегі ояу адамның дені қазір "базалық мөлшерлеме" деген сөздің салмағын түсіне бастады. Өйткені Ұлттық банк базалық ставканы көтерсе де, төмендетсе де, бұл шешімнің экономикаға ғана емес, қарапайым халықтың күнделікті өміріне де әсер ететіні белгілі. Себебі базалық мөлшерлеме – елдегі ақшаның өзіндік "бағасын" айқындайтын негізгі құралдардың бірі.
Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме жоғарылаған сайын ақша қымбаттайды, ал төмендеген кезде ақша біртіндеп арзандайды. Ұлттық банк осы тетік арқылы инфляцияны бақылауға және экономикадағы ақша қозғалысын реттеуге тырысады. Мысалы, базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде тұр делік, банкке ақша тартудың да, яғни екінші деңгейлі банктердің өздеріне қаражат тартудың да өзіндік құны өседі. Сондықтан банк тұтынушыға және кәсіпкерге несие берген кезде несиеге жоғары пайыз белгілейді. Мұндайда қымбат несие алғысы келмеген кәсіпкер бұл ойынан бас тартуы немесе жобасын кейінге қалдыруы мүмкін. Яғни қымбат ақша бизнестің де белсенділігін төмендетеді.
Негізінде, базалық мөлшерлеменің түсуінің халық үшін де жақсы әсері бар. Мысалы, бір отбасы 25 млн теңгелік пәтер алуды жоспарлап жүр дейік. Ипотеканың пайызы төмендесе, ұзақ мерзімді несие бойынша артық төленетін сома азаюы мүмкін. Бірақ нақты ипотекалық мөлшерлемеге базалық ставкадан бөлек банктің шарттары мен мемлекеттік бағдарламалар да әсер ететінін ескеру керек. Ал депозит нарығында жағдай, керісінше, өйткені базалық мөлшерлеме төмендеген жағдайда банктердің депозит бойынша ұсынатын пайызы да төмендейді. Біз бұл туралы "Жас Алаштың" өткен сандарында нақтылап жаздық. Бұған қатысты сарапшылар енді қымбат депозиттер бола қоймайтынын, себебі бас банктің базалық мөлшерлемені одан әрі түсіретінін айтқан болатын.
Болжам дұрыс па? Конец формы
Жалпы, еліміздің қаржы нарығындағы қазіргі болжамдар ақша-несие саясатының біртіндеп жұмсара бастайтынын көрсетіп отыр. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары "Ұлттық банк 23 қазандағы отырысында базалық мөлшерлемені төмендетеді" деп күтеді. Сарапшылардың 85 пайызы мөлшерлеменің төмендеуін болжаса, сол 85 пайыздың 71 пайызы базалық мөлшерлеменің ең төменгі шегімен, яғни 0,25 пайыздық тармаққа қысқарып, 16 пайызға түсуі мүмкін екенін айтады.
Сарапшылардың бағалауынша, алдағы 12 айда инфляция 9,7 пайыз деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 10,4 пайыз деп болжанған. Егер инфляциялық қысым төмендесе, базалық мөлшерлемені де кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік пайда болады. Қаржыгерлер тіпті "алдағы жаңа жылда базалық мөлшерлеме 14,5 пайызға дейін түсуі ықтимал" деп есептейді. Алайда ұзақ мерзімді болжам бойынша теңгеге қысым сақталады. Сарапшылар бір жылдан кейінгі доллар бағамын 502,6 теңге деңгейінде болады деп болжайды. Сонымен қатар "Brent маркалы мұнайдың бағасы бұрынғы 83,7 долларлық болжамнан төмендеп, 79 доллар шамасында болуы мүмкін" деп бағаланған. Соған қарамастан, қаржыгерлер Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты оптимистік көзқарасын сақтап отыр. Алдағы 12 айда елдің жалпы ішкі өнімі 4,4 пайызға өседі деген болжам да бар.
Базалық мөлшерлемені түсіріп-көтеру не берді?
Соңғы үш жылда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 10 рет өзгерткен. Оның сегізінде мөлшерлеме көтерілсе, екі рет төмендеген. Мәселен, 2022 жыл базалық мөлшерлеме ең көп өзгерген кезең болды. Ұлттық банк сол жылы мөлшерлемені алты рет көтерді. Қаңтарда ол 10,25 пайызға дейін өссе, ақпанда 13,5 пайызға жетті. Сәуірде 14 пайызға, шілдеде 14,5 пайызға көтерілді. Ал қазан айында мөлшерлеме 16 пайызға дейін артты. Жыл соңында, яғни желтоқсанда Ұлттық банк оны тағы көтеріп, 16,75 пайыз деңгейіне жеткізді. Бұл шешімдердің негізгі мақсаты – инфляциялық қысымды бәсеңдетіп, теңгенің құнсыздану қаупін тежеу. Яғни Ұлттық банк экономикадағы ақша айналымын шектеу арқылы сұранысты төмендетіп, бағаның шамадан тыс өсуіне жол бермеуге тырысты. 2023 жылы жағдай біршама тұрақтала бастады. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені екі рет төмендетіп, қазанда 16,5 пайыздан 16 пайызға, ал қарашада 15,75 пайызға дейін түсірді. Бұл кезде инфляцияның баяулауы және экономикалық белсенділіктің біртіндеп қалпына келуі мөлшерлемені жұмсартуға мүмкіндік берді. Алайда бұл үрдіс ұзаққа созылған жоқ. 2024 жылдың қарашасында базалық мөлшерлеме қайта көтерілді. Бұған инфляция қарқынының жеткілікті деңгейде төмендемеуі және баға тұрақтылығын сақтау қажеттілігі себеп болды. 2025 жылы да Ұлттық банк мөлшерлемені көтеру бағытын жалғастырды. 7 наурызда базалық мөлшерлеме 16,5 пайызға дейін артты. Кейін ол 18 пайыз деңгейіне дейін көтерілді. Қазір базалық мөлшерлеме 16,25 пайыз деңгейінде тұр.
Ұлттық банктің бұл қадамы дұрыс па?
Мұндай динамикаға қарап, "Ұлттық банкте ақша-несие саясатын реттеуге қатысты базалық мөлшерлемені көтеруден басқа тиімді жолы жоқ па?" деген заңды сауал туындайды. Біз пікірлескен "Аналитик" талдау және сараптау орталығының маманы, қаржыгер Марал ТӨРТЕНОВАНЫҢ пікірінше, Қазақстанда инфляциямен күресетін басқа құралдардың мүмкіндігі шектеулі. Сарапшы келтірген деректерге сүйенсек, былтыр Ресейдегі инфляция шамамен 8-10 пайыз, Әзербайжанда 5,7 пайыз, Беларусьте 5,5 пайыз, Қырғызстанда 7 пайыз, Молдовада 8 пайыз, Өзбекстанда 8,8 пайыз деңгейінде болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 12 пайыздан асты. Қазақстандағы инфляциялық қысымның негізгі себебі тек ішкі сұранысқа байланысты емес. Бағаның өсуіне сыртқы факторлар да айтарлықтай ықпал етеді. Оның ішінде теңге бағамының өзгеруі, импорт бағасының қымбаттауы, шикізат пен жанармай құнының өсуі бар. Әсіресе айырбас бағамының әсері жоғары. Себебі Қазақстан көптеген тауарды сырттан импорттайды. Теңге әлсіреген сайын импортталатын өнімнің өзіндік құны қымбаттайды. Бұл өз кезегінде дүкен сөрелеріндегі тауар бағасына да әсер етеді.
"Демек, базалық мөлшерлемені көтеру арқылы сұранысты тежеуге болады, бірақ сырттан келетін инфляциялық қысымды тек осы құралдың көмегімен тоқтату қиын. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан үшін инфляциямен күресте базалық мөлшерлемені көтеріп, түсіріп әрекет етуден бөлек, импортқа тәуелділікті азайту, отандық өндірісті күшейту және жанармай мен логистика шығындарын бақылау сияқты шаралардың да маңызы зор", – дейді қаржыгер.
Экономист-ғалым Атамұрат ШӘМЕНОВТІҢ пікіріне сүйенсек, базалық мөлшерлемені көтеру инфляцияны бірден тоқтататын тікелей құрал емес. Бұл – Ұлттық банктің инфляцияны тежеу үшін қолданатын тетіктерінің бірі ғана. Ал бағаның өсуін тежеудің бұдан бөлек көптеген жолы бар. Базалық мөлшерлемені көтерудің негізгі мақсатының бірі – несиені қымбаттатып, халық пен бизнестің қарыз алуға деген сұранысын азайту. Яғни Ұлттық банк мөлшерлемені көтеру арқылы экономикадағы ақша айналымын бәсеңдетіп, халықтың қолындағы еркін қаражаттың жұмсалуын шектеуге тырысады.
"Алайда бұл тәсілдің Қазақстан жағдайында қаншалықты тиімді екені туралы сұрақ туындайды. Себебі соңғы жылдары базалық мөлшерлеме бірнеше рет көтерілгеніне қарамастан, халықтың несиеге деген сұранысы айтарлықтай төмендеген жоқ. Мысалы, 2025 жылғы наурыздағы дерек бойынша, халыққа берілген кредиттер көлемі бір жылда 1,3 пайызға өсіп, 21,4 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде тұтынушылық несиелердің көлемі 1,9 пайызға артып, 14,4 трлн теңгеге жеткен. Демек, несие қымбаттағанымен, халық одан бас тартып отырған жоқ. Бұл Қазақстанда несиеге деген тәуелділіктің қаншалықты терең екенін көрсетеді. Несие беру мәдениеті мен халықтың қаржылық сауаттылығы туралы көп айтылғанымен, мәселе әлі толық шешілген жоқ", – дейді экономист-ғалым.
Маманның ойынша, мөлшерлемені көтеру отандық өндіріс пен бизнестің дамуына кері әсер етуі мүмкін. Өйткені базалық мөлшерлеме өскен сайын кәсіпкерлер үшін несие де қымбаттайды. Әсіресе арзан қаржыға тәуелді шағын және орта бизнес үшін бұл үлкен проблема. "Сондықтан алдағы уақытта базалық мөлшерлеме төмендейді деген болжамда жан бар", – дейді маман.
Үкімет пен Ұлттық банк не істеуі керек?
Экономист-ғалым Атамұрат Шәменов экономикалық саясатты жүргізуге қатысты Үкіметтің де, Ұлттық банктің де ұстанып отырған бағыттарына көңілі толмайтынын айтады. Маманның ойынша, Үкімет пен Ұлттық банктің экономикалық саясатты жүргізуге байланысты жыл сайын бірлескен мәлімдемелері даяр тұруы керек. Ол мәлімдемелер әр жылдың басында қаңтар-ақпан айларынан қалмай жарияланып отыруы тиіс. Осылайша Үкімет пен Ұлттық банк сол бірлескен мәлімдемеге байланысты елдің экономикалық саясатын жүзеге асыруы тиіс.
"Мен жуырда осы тақырыпқа қатысты ғылыми мақала жазып отырып, Үкімет пен Ұлттық банктің соңғы 20 жылдағы бірлескен мәлімдемелерінің барлығын зерттеп шықтым. Сонда байқағаным, әуелгі кезеңде мұндай мәлімдемелер жасалып, онда экономиканың әр саласын дамыту мәселелері кеңінен қамтылған. 2004-2006 жылдары және 2011 жылы осындай бірлескен мәлімдемелер болған. Ал одан кейін экономикалық даму саясатына арналған мұндай құжаттар мүлдем жоқ. Қазір Үкімет пен Ұлттық банк жасайтын мәлімдемелерде негізінен макроэкономикалық көрсеткіштер, елдің экономикалық жағдайы, ЖІӨ өсімі, инфляция, жұмыссыздық және бюджет тапшылығы сияқты мәселелер айтылады. Бірақ сол проблемаларды шешудің нақты жолдары көрсетілмейді. Бұл Үкімет пен Ұлттық банктің экономикалық саясатты реттеуге бағытталған сауатты әрі жүйелі тұжырымдамалары жоқ екенін көрсетеді. Қазір президенттің Жолдауы барлық басылымда кеңінен жарияланады. Сол сияқты Үкімет пен Ұлттық банктің экономикалық саясатты реттеуге қатысты бірлескен мәлімдемелері де қоғамға кеңінен ұсынылып, барлық жерде жариялануы керек. Оның орындалуын ел болып қадағалап отыруымыз қажет. Ал бізде мұндай мәлімдемелер жасалмайды. Экономикалық тұрғыдан сауатты әрі нақты мәлімдемелер жасалмаса, онда ұсыныстар да ескерілмейді, берілген тапсырмалар уақытында орындалмайды, сауатты жоспарлар құрылмайды. Сондықтан бірінші кезекте базалық ставка және басқасынан бұрын осы мәселеге мән беріп, соны ескеру қажет", – деп ой түйіндеді экономист-ғалым Атамұрат Шәменов.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ