Оқиғалар

Қайыршақты алтын кеніндегі дау: Компания өкілдері"заңды жұмыс істеп жатырмыз" дейді

"Жас Алаш" бұған дейін Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Қайыршақты өзені маңында жүргізіліп жатқан алтын барлау жұмыстары туралы арнайы репортаж жариялаған еді.

Фото ЖИ / JasAlash

 Ауыл тұрғындары жайылымның қоршалғанын, өзенге қатысты мәселе туындағанын, ауыр техникалардың нөмірсіз жүргенін айтып, редакциядан көмек сұраған. Осыдан кейінгі тексерулер барысында бірқатар шара қабылданып, кен орнында жұмыс істеген Қытай азаматтарының депортацияланғаны, бірнеше көліктің айып тұрағына қойылғаны белгілі болды. 

Материалдар жарық көргеннен кейін кен орнында жұмыс істеп жатқан компания өкілдері "Жас Алаштың" Алматыдағы кеңсесіне арнайы келді. Олар бұған дейін жарияланған мәселелерге қатысты өз уәждерін айтып, бірқатар құжаттарын көрсетті.

"Қайыршақтыда алтын барлап жатқан "КЕН ӨЗЕН" компаниясы емес"

  Осы кездесуде тағы бір маңызды жайт нақтыланды. Қайыршақтыдағы қазіргі барлау жұмысын бұған дейін біз сөз еткен "КЕН ӨЗЕН" компаниясы емес, Aurum Mining компаниясы жүргізетіні белгілі болды. Компания өкілдерінің айтуынша, "КЕН ӨЗЕН" бұл аумақтағы басқа учаскеде бұрын жұмыс істеген. Ал Қайыршақтыдағы қазіргі жұмыстарға жауапты – Aurum Mining компаниясы.

Редакцияға ұсынылған құжаттардың арасында қатты пайдалы қазбаларды барлауға берілген лицензия, 1000 текше метрден артық тау массасын алуға және топырақты жылжытуға арналған рұқсат, экологиялық және су пайдалану құжаттары, сондай-ақ жер учаскелерін пайдалануға байланысты сервитут келісімдері бар.

Aurum Mining компаниясы директорының орынбасары Азатбек АБДРАХМАНОВ компанияның жұмысы заңда көзделген рұқсаттар негізінде жүргізіліп жатқанын айтады.

"Біздің компанияның алтын барлауға да, соның нәтижесінде өндіруге де лицензиясы бар. Қайыршақты өзенінде алтын барлау жұмысына қатысты Түлкібас ауданы әкімшілігімен меморандум жасалған. Оның аясында жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту қарастырылған. Одан бөлек жер қойнауын пайдаланған соң оны орнына келтіру бізге міндеттелген. Бұл жұмыстар да барлау аяқталған соң жасалады.

Бізде жер иелерімен де келісім бар. Сервитут жасалған. Сондай-ақ атқарылған жұмыстар жайлы Геология комитетіне есеп береміз. Аудит, тағы басқа мәселелерді есебімізде көрсетеміз. Жұмыс кезінде барлық талаптарды сақтаймыз.

"Жас Алашта" суға қатысты да мәселе көтерілді. Біз суды да таза ұстауға тырысамыз. Әрине, алғашында ауылға таза су жібереміз деп жанама арық қазғанбыз. Әрекетімізді су инспекциясы тексерді. Қателіктеріміз анықталды, оны мойындаймыз. Айыппұлын төледік. Оның бәрін қалпына келтіреміз. Одан бөлек алтын барлау кезінде химиялық қоспалар мүлдем пайдаланылмайды.

Ауыл халқының келісімін алу туралы мәселеге тоқталатын болсақ, біз алтын барлау басталар кезінде ауылда жиналыс өткізгенбіз. Тұрғындардың келісімін алдық. Ал "жайылымды қоршап алды" дегенге келер болсақ, біз барлау жұмысын бастағанда қазған жерімізді көріп, ауыл әкімі бұған мал түсіп кетуі мүмкін екенін ескертіп, "қоршаңдар" деді. Содан кейін қоршадық", – дейді Aurum Mining компаниясы директорының орынбасары Азатбек Абдрахманов.

"Ақша бопсалаған белгілі бір топ бар"

Компания өкілдеріне біз: "Егер барлық құжаттарыңыз заңды болса, ауыл тұрғындары неліктен сіздерге қарсы шығып, "Жас Алаштан" көмек сұрады?" деген сауал қойдық. Олардың бұған қатысты өз түсіндірмесі бар. Компания ауылдағы қазіргі қарсылықтың басталуын бұрын болған қаржылық келіспеушіліктермен байланыстырады.

 "Алғаш жұмысымызды бастағанда біз ауылға үнемі демеуші болып келдік. Ауылда бітпей қалған, кім салғаны белгісіз спорт кешені бар еді. Соған жасанды газон төседік, жарығын тартып бердік. Қоршауын жасадық. Мұның бәрін ауыл тұрғындарына көрсеттік. Алайда ауылдағы 3-4 жігіт бізден ақша сұрады. Қысқаша айтқанда, бопсалады. Жасыратыны жоқ, біраз қаражат бердік. Сөйтіп келістік. Алайда ол соманы азсынды ма, кейіннен тағы да ақша сұрады. Осыдан соң біз құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болдық. Бопсалаушыларды ұстап алып кетіп, үстінен іс қозғады. Іс қозғалып, тергеу басталғанда ауыл ақсақалдары бізді әкімшілікке шақырып, істі болғандарға сауға сұрады. "Келісіп жұмыс істейік" деді. Сосын біздің басшылық "арызымызды қайтып аламыз, бірақ бұдан кейін мұндай әрекет қайталанбасын" деген талап қойды. Соған келіскенбіз. Арызымызды қайтарып алған соң, оларды босатты. Біраз уақыт тынышталып, жұмыс істей бастағанбыз. Бірақ тыныштық ұзаққа созылған жоқ. Дау қайтадан басталды", – дейді компания директорының орынбасары.

Компания өкілі айтып отырған нысан – Керейіт ауылындағы құрылысы аяқталмаған спорт кешені. Ауыл тұрғындары алғашында сол нысанды аяқтап беруді сұраған екен. Aurum Mining тарапы бұл ұсынысты қабылдағанымен, кейін жер телімінің құқықтық мәртебесіне байланысты мәселе туындаған. Сондықтан да компания спорт кешеніне жұмсалатын қаражатты тұрғындардың қолына бермей, жұмысты жергілікті әкімдікпен бірлесіп ұйымдастыруды көздеген.

  "Ауыл тұрғындарына "алдымен жұмысты бастайық" дедік. Себебі бізге келіп жатқан қытай инвесторларына "мына жерде жұмыс істеу үшін мына ғимаратты салып беруіміз керек" деп айта алмаймыз. Олар мұндайды түсінбейді. Тұрғындарға "сол үшін жұмысты бастай берейік, сосын инвесторларға "жұмыс істеп жатырмыз, халыққа көмектесуіміз керек" десек қана олар түсіністікпен қарайды" деп айттық.

Жөндеу жұмыстарына 5 млн теңге сұраған. Біз бұған келіскенбіз. Сосын әкімдікке бардық. Әкімдік бұл ғимараттың заңсыз салынғанын түсіндірді. Себебі ол жер орман шаруашылығына тиесілі екен. Оны қандай да бір мақсатта пайдалана алмайсыз. Жекеменшікке де берілмейді. Тек мектеп сияқты әлеуметтік ғимараттар салынса ғана заңдастыра аласыз. Сондықтан ғимараттың құрылысын жалғастырсақ, біз кінәлі болып шығамыз. Әкімдік егер мемлекеттік актіні заңдастырсақ қана құрылысты бастай беруге болатынын айтты. Бірақ бізде ондай құжат жоқ", – дейді компания өкілдері.

Aurum Mining өкілдері ауылға демеушілік көрсетуді бұдан кейін де жалғастырғанын айтады. Олардың сөзінше, ауыл тұрғындары пайдаланатын екі көпір салып берген. Сондай-ақ олар "ауыл халқының бәрі барлау жұмысына қарсы" деген пікірмен келіспейді.

  "Ауылдағылардың барлығы бізге қарсы деген уәжбен келіспейміз. Бізге қарсы белгілі топ қана бар. Ол топтың да қазір қатары азайды", – дейді компания өкілдері.

Техникалардың мемлекеттік нөмірі қайда?

Бұған дейін "Жас Алашта" жарияланған материалда кен орнында мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген ауыр техникалар туралы айтылған еді. Компания өкілдері көліктердің мемлекеттік нөмірі бар екенін, бірақ кен орнындағы жұмыс кезінде зақым келмеуі үшін уақытша алынып тасталғанын айтады.

"Барлау жұмысы кезінде жер 12-13 метр тереңдікте қазылады. Оның ішіне көлік кіреді, ары-бері жүреді. Сондай кезде қазылған орға көлік бамперін соғып алады, кейде нөмірлері түсіп қалады. Оны қайта қалпына келтіру – үлкен мәселе. Әйтпесе, көліктерде мемлекеттік нөмір бар. Біз үлкен жолға шықпағаннан кейін нөмірді әдейі алып тастадық. Ешқандай заңсыз жұмыс істеп жатқанымыз жоқ. Компанияның аты белгілі, барлық рұқсат қағаздарымыз бар. Заңды тіркеуіміз де тұр. Көліктеріміз арасында жалға алынған техникалар да жүр. Олардың иелері де "жұмыс істегенде жоғалтып алмау үшін нөмірді алып тастаңдар" дейді. Қазір нөмірлерді көлік ішіне салып қойдық. Сұраған кезінде көрсете алады", – дейді А.Беглашұлы.

Кен орнында қанша алтын болуы мүмкін?

Компания өкілдерінің айтуынша, бұл аумақта алтын бар екені Кеңес одағы кезіндегі геологиялық зерттеулер кезінде анықталған. Aurum Mining қазіргі барлау жұмыстарын сол болжамды нақтылау мақсатында жүргізуде. Олардың айтуынша, геологтардың алдын ала болжамы бойынша, зерттеліп жатқан аумақта жарты тоннаға жуық алтын қоры болуы мүмкін. Алайда бұл әзірге болжам ғана. Оның нақты көлемі барлау жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ғана нақтыланбақ. Компания алтын табылған жағдайда жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту жөнінде аудан әкімдігімен жасалған меморандум бар екенін де алға тартады.

Бұған дейін ауылдағы 48 тұрғынға 100 мың теңгеден қаражат берілгені тұрғындар арасында түрлі пікір туғызған еді. Компания өкілдері бұл көмекті Қайыршақтыдағы дау-дамаймен байланыстырмайды. Олардың түсіндіруінше, әлеуметтік қолдау мен оқу жылы қарсаңындағы көмек – бұрыннан жалғасып келе жатқан демеушілік жұмыстың бір бөлігі. Биыл оны ашық жариялауының себебін компания ауылдағы басқа кәсіпкерлерді де әлеуметтік бастамаларға ынталандыру ниетімен түсіндіреді.

  "Жоғарыда айтқанымыздай, әуел баста жұмысымыз жүріп, алтын табылса, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етеміз деп әкімдікпен меморандум жасадық. Демеушілік жасап, қолдан келген көмегімізді аямай келеміз. "Дау кезінде 48 адамға 100 мың теңгеден көмек көрсетілді" деп "Жас Алашта" жаздыңыздар. Біз бұған дейін де жыл сайын осындай көмекті тұрақты көрсетіп келеміз. Оқу жылы басталғанда балаларға жәрдем беру де – жыл сайынғы дәстүріміз. Биыл сол дәстүріміз бойынша 100 мың теңгеден бердік. Тек мұндай істі жұртқа жария етпейтінбіз. Тек биыл ғана көрсете бастадық. Себебі ауылда басқа да кәсіпкерлер бар. Біздің мақсат – олар да жұртқа көмектессе екен деген ниет қана. Алдағы уақытта ауылда мешіт салу жоспарымыз бар. Жақында құрылысын бастауды қолға аламыз", – дейді олар.

Компания өкілдері алтын барлау оңай әрі бірден байып шыға келетін кәсіп емес екенін айтады. Олардың сөзінше, геологиялық барлауға инвестор табу, қажетті құжаттарды рәсімдеу және зерттеу жүргізу бірнеше жылға созылуы мүмкін.

 "Көпшілік "алтынмен айналысқандардың ақшасы көп" деп ойлайды. Олай емес. Алтын барлау машақаты көп жұмыс. Екінің бірінің қолынан келмейді. Инвестор тарту да оңай емес, тәуекел етуге инвесторлардың да батылы бара бермейді. Оның үстіне үнемі бізді тексереді. Екі рет үстімізден негізсіз қылмыстық іс қозғалды. Екеуінен де сотта жеңіп шықтық. Егер біздің құжатымызда қандай да бір шикілік болса, мүлдем жұмыс істеткізбейтін еді. Жерді жалға алған кезде барлау жұмыстарын жүргізу туралы әкімнің шешімі болды. Барлау жұмысына 6 жылға мұрсат алғанбыз, соның жартысы құжаттарды реттеумен өтіп кетті. "Табиғатты бүлдіреді, жерді қазып тастады" деп жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай, ол жерлер қайта тегістеледі, ағаш егіледі. Біз де сол халықтың арасынан шықтық. Өз жерімізге жаманшылық ойламаймыз. Одан бөлек, зиянды химия пайдаланып жатқанымыз жоқ. Болашақта ол жерді гүлденген ауылға айналдырғымыз келеді. Жоспарымыз көп", – дейді компания өкілдері.

P.S.Aurum Mining компаниясы өкілдерінің редакцияға келіп, өз ұстанымын түсіндіруі Қайыршақтыдағы жағдайға қатысты бұған дейін белгісіз болған бірқатар жайтты нақтылауға мүмкіндік берді. Олар қажетті құжаттарының бар екенін және жұмысты заң талаптарына сай жүргізіп отырғанын мәлімдеді. Ал оның нәтижесі мен кейінгі міндеттемелердің қалай орындалатыны жұмыс барысы мен тиісті мемлекеттік органдардың бақылауы арқылы айқындалмақ.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: алтын дауы