Сараптама

Сүлейменовше сүйкеу статистиканың ел білмейтін сыры қай тұста?

Сүлейменовше сүйкеу статистиканың ел білмейтін сыры қай тұста?

Фото: akorda.kz / depositphotos

Жуырда ғана Қазақстан қаржыгерлерінің XIV конгресінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ел экономикасының оң динамикасын көрсететін бірқатар макроэкономикалық деректерді жариялады. Бас банкирдің ресми мәліметіне сүйенсек, жылдық инфляция 12 ай қатарынан баяулап, 9,2 пайызға дейін төмендеген. Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 9 айда 4,2 пайызға өскен, ал жылдық болжам 4,5-5,5 пайыз деңгейінде. Бизнеске 16,6 трлн теңге көлемінде жаңа несие де беріліпті.

Осылайша Ұлттық банк төрағасы "сүйкімді" көрсеткіштерді бірінен соң бірін мәлімдеді. Алайда бас банкир осылай дегенмен, қарапайым халықтың күнделікті тұрмыстағы күйі бөлек. Қазір жұрттың көпшілігі "халық бір жақта, үкімет қай жақта" деген де ойға бой алдырып жүр. Себебі Үкімет мүшелері мен Ұлттық банк өкілдері әр тоқсан сайын экономиканың өскенін, инфляцияның төмендегенін қайта-қайта жарыса жариялағанымен, қарапайым көпшілік мұны сезінер емес. Керісінше, "инфляция төмендеген жоқ, азық-түліктің бағасы әлі де удай, тұрмыстық қызметтердің де ақысы шарықтап тұр" дейтіндер жетерлік.

Фото: ашық дереккөз/ұлттық банк

Сүлейменовтің статистикасы не дейді?

Сонымен "майын" тамызып, "сүп-сүйкімді" етіп жариялаған Сүлейменовтің статистикасы дұрыс па? Ұлттық банк тіпті 2028 жылға қарай инфляцияны 5 пайызға дейін түсіруді мақсат етіп отыр. Сонда біз екі жылдан кейін арзан дүниеге қарық боламыз ба? Осы уақытқа дейін Ұлттық банк "қымбатшылықты жүгендедік" деп қайта-қайта есеп берсе де, қарапайым халық неге мұның шарапатын сезінбей отыр? Макростатистика мен шынайы өмір арасында қандай алшақтық бар?

Бұл сауалды біз "Аналитик" талдау және сараптау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан ШАЯХМЕТОВАҒА қойып көрдік. Маманның пайымдауынша, Ұлттық банктің статистикасы былайынша дұрыс. Дегенмен бұл жерде қарапайым халық түсіне бермейтін, білмейтін мынадай бір құпия бар. Экономист-сарапшының сөзінше, негізінде инфляцияның төмендеуі – бағаның арзандауы емес. Қоғамдағы ең үлкен түсінбеушілік осы жерден туындап жатыр.

"Инфляцияның 12,6 пайыздан 9,2 пайызға түсуі – тауарлар мен қызметтердің арзандағанын білдірмейді. Бұл тек бағаның өсу қарқыны бәсеңдеді деген сөз. Көпшілік "инфляция жоғарыдағы 12,6 пайыздан 9,2 пайызға түсті" дегенді естігенде, 1 000 теңгелік тауар енді 1 126 теңге емес, 1 092 теңге болады деп ойлайды. Бірақ өмірде олай емес.Мысалы, былтыр 1 000 теңге тұратын тауар биыл жыл басында 12,6 пайызға қымбаттап, оның бағасы 1 126 теңгеге жетті делік.Ал жыл соңында инфляция 9,2 пайызға төмендеді. Енді осы 9,2 пайыз бастапқы 1 000 теңгеге емес, сол жыл басында өсіп кеткен 1 126 теңгенің үстіне қосылады. Нәтижесінде, тауардың бағасы арзандаудың орнына, тағы 103 теңгеге өсіп, 1 229 теңгеге жетеді. Міне, бұл жердегі құпия – осы. Мұны Ұлттық банк те, Үкімет те халыққа ашып айтпайды. Осыдан барып, жұрт "өтірік есеп беріліп жатыр" деп ойлайды. Шындығында, жағдай осылай. Осыдан барып қанша жерден қымбатшылық бәсеңдесе де, халық оны сезбейді. Бұл арадағы түсінікті нәрсе, бұрынғы ескі баға енді қайтіп келмейді. Тек жаңа бағаның өсу қарқыны сәл баяулайды. Осыны нақты-нақты халыққа түсіндіру керек", – дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова.

Ортақ есептің де құпиясы бар

Бұдан бөлек, бізде Ұлттық статистика бюросы инфляцияны есептегенде, 500-ден астам тауар мен қызмет түрі кіретін "ортақ тұтыну себетіне" сүйенеді. Ол себеттің ішінде біз күнделікті алатын нан, сүт, еттен бастап, бірнеше жылда бір алынатын тоңазытқыш, жиһаз, құрылыс материалдары, тіпті ұшақ билеті мен зергерлік бұйымдарға дейін кіреді. Ұлттық статистика бюросы 500 ортақ тауардың бағасын қосып, ортақ бір есеп шығарады. Нәтижесінде, осы соңғы айлардағы ресми дерек бойынша азық-түлік 7,6 пайызға, киім-кешек пен техника 10,4 пайызға, ал түрлі қызметтер 10,3 пайызға қымбаттап, жалпы инфляция 9,2 пайыз болып шыға келеді. Ал шынайы өмірде жағдай басқаша. Шынайы өмірде қарапайым қазақстандық отбасы ай сайын теледидар немесе диван сатып алмайды. Орташа жалақының басым бөлігі тек ең қажетті нәрселерге ғана кетеді. Күнделікті дастарқанға керегі – нан, сүт, ет, көкөніс. Ай сайынғы жарық, су, жылу сияқты коммуналдық төлемдер және күнделікті жолақы, дәрі-дәрмек пен баланың керек-жарағы. Дәл осы ең қажетті тауарлар мен қызметтердің бағасы ресми көрсеткіштен әлдеқайда тез өседі.

"Сондықтан ресми статистикадағы "9,2 пайыз" деген әдемі цифр мен қарапайым халықтың қалтасы сезінетін "жеке инфляцияның" арасы жер мен көктей.Біреулер ет жесе, біреулер қырыққабат жейді, ал статистика бойынша бәрі "голубцы" жеп отыр деген әзіл дәл осы жағдайды сипаттайды", – деді сарапшы Тоғжан Шаяхметова.

Фото: ашық дереккөзден/ақша

Сауатты есеп түзу үшін не істеу керек?

Салалық мамандардың пайымдауынша, инфляцияны неғұрлым шынайы әрі әділ есептеуге болады. Ол үшін бағаны бақылау әдістерін жаңартып, әлеуметтік топтарға бөлу қажет. Себебі қазіргі "орташа себет" әдісі халықтың нақты жағдайын толық ашып көрсете алмайды. Бұл ретте қаржыгер Арман МУСИН мынадай ұсыныстарды бөліседі.

Маманның ойынша, біріншіден, табыс деңгейіне қарай "бөлек себеттер" жасау қажет.

 "Мәселен, қазір Ұлттық статистика бюросы миллионердің де, ең төменгі жалақы алатын зейнеткердің де шығынын бір себетке салып есептейді. Мұндайды қойып, халықты табысына қарай бірнеше топқа бөліп, "кедейлер инфляциясы" мен "ауқаттылар инфляциясын" бөлек есептеу қажет. Төмен табысты отбасылар ақшасының 60-70 пайызын тек тамаққа жұмсайтындықтан, олар үшін бағаның өсуі әлдеқайда ауыр тиеді", – дейді маман.

Екіншіден, "жасырын инфляцияны" да есепке алу керек. Мысалы, өндірушілер бағаны өсірмеу үшін тауардың салмағын немесе көлемін азайтады. Мысалы, 1 литр сүт 900 миллилитр болып қалады, ал бағасы сол күйі тұрады. Қағаз жүзінде инфляция жоқ сияқты, бірақ шын мәнінде халық сол ақшаға азырақ өнім алып жатыр. Сондықтан Ұлттық статистика бюросы тек қаптаманың бағасын емес, тауардың 1 келісі немесе 1 литрі қанша тұратынын қатаң бақылауға алуы тиіс. Үшіншіден, инфляцияны есептегенде, супермаркеттер мен онлайн-дүкендердің чектерін тікелей пайдалану қажет. Елдегі барлық ірі сауда желілерінің кассалық чектері мен онлайн-платформалардың деректерін (Big Data) тікелей статистика жүйесіне қосу керек. Сонда халықтың нақты нені және қаншаға сатып алып жатқаны секунд сайын көрініп тұрады. Төртіншіден, жеңілдіктер мен акцияларды бөлек сүзгіден өткізіп отырған жөн. Сауда желілеріндегі (уақытша жеңілдіктер) ресми инфляцияны жасанды түрде төмендетіп көрсетуі мүмкін. Акция біткен соң баға қайта шарықтайды. Мұндайда тұрақты баға мен уақытша науқандық бағаларды ажыратып, тек нақты нарықтық бағаны негізге алу маңызды.

 "Ең алдымен мынаны мойындауымыз керек, инфляциямен күресу үшін үкіметтегілер алдымен "инфляция деген не?" деген сұраққа дұрыс жауап тауып алуы тиіс. Ашығын айтсақ, шенеуніктердің басым бөлігі бағаны өсіріп отырған негізгі факторларды әлі күнге дейін дөп басып таба алмай жүр. Ешкім оның терең себебін зерттеп жатқан жоқ. Себебін білмей, салдарымен ғана алысу, жел диірменмен күрескенмен тең. Үкімет пен Ұлттық банк бос есеп беруді қойып, экономикалық ахуалды және жоғарыда аталған төрт факторды шынайы таразылауға көшкені жөн. Нақты алгоритм сонда ғана түзіледі. Ал бүгінгі ұстанып отырған бағытты сауатты күрес деп бағалауға келмейді", – дейді сарапшы Арман Мусин.

Жалпы, "Жас Алашқа" пікір білдірген сала мамандарының ойынша, біз осы уақытқа дейін инфляцияны ауыздықтау міндетін Ұлттық банктің мойнына іліп қойдық. Ал банктің қолынан келетіні – нарықтағы ақша көлемін азайтып, ақша-несие саясатын қатаңдату ғана. Бірақ Қазақстандағы қымбатшылық тек ақшаға тіреліп тұрған жоқ. Егер мәселе тек сонда болса, баға баяғыда-ақ тұрақтар еді. Өйткені Ұлттық банк қолындағы барлық тетікті іске қосты. Айналымдағы ақшаны қысқартты, базалық мөлшерлемені көтерді, оны қайтадан түсірді. Алайда инфляция бәсеңдеудің орнына, тіпті бой бермей кеткен сәттер болды. Демек, енді себепті басқа жақтан іздеу керек. Шын мәнінде біздегі қымбатшылықтың түп-тамыры – отандық өндірістің әлсіздігінде. Өз өнімімізді шығаратын зауыт-фабрикалардың саусақпен санарлық болуы бізді осындай күйге жеткізді. Енді Үкімет пен Ұлттық банк бұл жағдайды түбегейлі өзгертуі тиіс. Ол үшін қос ведомство міндеттерді нақты бөлісіп алуы қажет. Ұлттық банк неге жауап береді, ал Үкімет қай саланы реттейді? Екеуі тізе қосып, бір бағытта жұмыс істесе ғана нәтиже шығады.

"Әр салаға сауатты мамандар жасақталып, барлық салаға құрылымдық өзгерістер жасау қажет. Сонда ғана "үкіметтің инфляциясы басқа, қарапайым халықтың сезініп отырған инфляциясы басқа" деген сөздер желдей еспейді", – деді сала мамандары.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі