Сараптама

Жемқордың қолы ұзын, заңның құрығы қысқа

Жемқордың қолы ұзын, заңның құрығы қысқа

Фото: из открытых источников

Бұрынғының қариялары ашкөз, жемір адамды көрсе, "құлқыны кең екен" деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндейтін. Бірақ бүгінгі кейбір лауазымды тұлғалардың тәбеті мен ындынын сипаттауға бабалардан қалған бұл теңеу де жеткіліксіз.

Жуырда Астанадан көк қағаз жаудырған оқиғадан кейін мемлекет басшысы жауапты тұлғалардың парақорлықпен жиі ұсталып жатқанын айтып, сыбайлас жемқорлық ахуалының күрделі күйде қалып отырғанын тілге тиек етті. Президент сөзінше, тек соңғы үш жылдың ішінде 3 168 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталса, соның 2 165-не мемлекеттік қызметшілердің қатысы бар. Ал қалған бөлігін квазимемлекеттік сектор өкілдері жасаған. Олардың мемлекет қазынасына келтірген жалпы залалы 248 млрд теңгеден асып жығылады. Тіпті биылғы он айдың өзінде 751 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы тіркеліп, оның 546-сын мемлекеттік қызметшілер, ал 205-ін квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасағаны белгілі болды.

Жалпы жемқорлықтың түпкі себебі, жалақының аздығы немесе тұрмыстық қажеттіліктен деп кесіп айту жөн болмас. Көбіне оның негізінде билік пен қызметке деген көзқарас, жеке пайдаға ұмтылу, жазадан құтылып кетемін деген сенім жатады. Саясаттанушылар мен заңгерлердің пікірі – осы. Әйтпегенде парақорлықпен істі болып жатқандардың дені қарапайым адамдар емес. Көбісі шенеуніктер мен олардың ізбасарлары.

Негізі елімізде жемқорлыққа қатысты қылмыстық істерді реттейтін бірнеше заң бар. Бұған сәйкес, қылмыстық жолмен алынған немесе сондай қаражатқа сатып алынған, сондай-ақ қылмыс жасау құралы болған мүлікті заңда белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп алып, мемлекет меншігіне айналады. Яғни мемлекет активтердің шығу тегіне қатысты негізді күмән туындаған жағдайда, заңда белгіленген рәсімдер арқылы олардың заңдылығын тексере алады. Бірақ  заңнамаларда жемқорлықпен сотталғандар арасында денсаулығы, жасы, тәртібі, отбасылық жағдайына байланысты жаза мерзімін қысқартатын һәм жауапкершілікті жұмсартатын арнайы баптар тағы бар.

 Мәселен, кезінде елді елеңдеткен Қуандық Бишімбаев, Мүсілім Өміряев, Бақытгүл Хаменовалардың жазасы жеңілдетіліп, кейбірі мерзімінен ерте босатылды. Бұрынғы қорғаныс вице-министрі Бағдат Майкеевтің ісі де қоғамда үлкен сұрақ туғызған. 2014 жылы үкімі оқылып, 2015 жылы сот оны денсаулық жағдайына байланысты жазасын өтеуден босатты. Тізбелей берсек, мұндай оқиғалар шаш етектен.

Фото ашық дереккөз/Нұрлан Ниетуллаев

Заңгер Нұрлан Ниетуллаевтың пікірінше, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ішінде қоғам мен мемлекетке аса қауіптісі –  пара алу, пара беру және парақорлыққа делдал болу. Бұл Қылмыстық кодекстің 366-368-баптары. Ал 2014 жылы қабылданған Қылмыстық кодекстегі басты жаңалықтардың бірі – пара сомасына еселенген мөлшерде айыппұл тағайындау тетігінің енгізілуі болған. "Қылмыстың саралануына қарай айыппұл пара мөлшерінен 20-дан 80 есеге дейін белгіленуі мүмкін еді. Есте болса, осы заңмен 2015 жылы елдегі бір жемқорға 1 млрд 146 млн теңге айыппұл тағайындалған. Алайда уақыт өте келе мұндай ірі айыппұлдарды сотталғандардың төлей алмау мәселесі туындады. Нәтижесінде соттар бас бостандығынан айыру жазасын жиірек қолдана бастады", – дейді заңгер.

Осылайша айыппұл негізгі жаза болғандықтан, оны бас бостандығынан айырумен қатар тағайындау мүмкіндігі шектелген. Сондықтан парақорлық үшін тек айыппұл салу кей жағдайда қылмыстың қоғамдық қауіптілігіне сай келмеуі мүмкін. Сол үшін заңгер айыппұлды бас бостандығынан айыру жазасымен ұштастыруды, сондай-ақ мемлекеттік қызметте және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыруды қарастыруды ұсынады. Мұндай тәсіл АҚШ пен Қытай тәжірибесінде де кездесетінін айтады.

Сондай-ақ Н.Ниетуллаев заңсыз активтерді тәркілеу кезінде заңдылық қағидатын сақтау маңызды екенін айтады. Қылмыстық жолмен алынған мүлік, параның өзі және заңда көзделген өзге де активтер тиісті дәлелдер мен құқықтық негіз болғанда ғана мемлекетке қайтарылуға тиіс. Адамның немесе оның туыстарының бүкіл мүлкін дәлелсіз тәркілеу құқықтық тәртіпке нұқсан келтіреді. Демек, сыбайлас жемқорлықпен күрес жазаның қатаңдығымен қатар, кінәсіздік презумпциясы мен құқықтық айқындық қағидаттарына сүйенуі қажет.

Ал заңгер Камиша Есмұхамбетқызының пікірінше, қылмыскерді жазалаумен шектелмей, оның заңсыз иемденген байлығын да анықтап, мемлекетке соңғы тиынға дейін қайтару қажет.

"Жемқорлықтан түскен қаражат көбіне қылмыскердің өз атына емес, жұбайы, балалары, туыстары, таныстары немесе түрлі компаниялар арқылы рәсімделіп, жылжымайтын мүлікке, көлікке, жер телімдеріне және өзге де активтерге айналуы мүмкін. Алайда мүліктің басқа адамның атына тіркелуі оны тәркілеуге автоматты түрде негіз болмайды. Оның заңсыз қаражатқа сатып алынғаны нақты дәлелденуге тиіс", – дейді заңгер.

Фото ашық дереккөз/Дос Көшім

Қалай десек те, жемқорлық белгілі бір адамның жеке басындағы кемшілік қана емес, оған мүмкіндік беретін басқару жүйесінің әлсіздігінен де жатыр. Бір лауазымды адам ұсталғанымен, оның орнын басқан адамның дәл сондай әрекетке баруына жағдай сақталып тұрса, күрестің нәтижесі уақытша сипатта қалуы мүмкін. Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірі осыған саяды. Ол жемқорлықпен күресу үшін ең алдымен мемлекеттік жүйені өзгерту қажеттігін айтады.

"Жемқорлықтың қайталануына жол бермеу үшін жекелеген адамдарды жауапқа тартумен шектелмей, ең алдымен мемлекеттің басқару жүйесін өзгерту қажет. Өйткені жемқорлық – белгілі бір деңгейде қоғамның және мемлекеттік жүйенің дерті. Егер жүйе өзгермесе, бүгін бір адам ұсталғанымен, ертең оның орнын басқа біреу басады. Сондықтан бірнеше маңызды институционалдық өзгеріс қажет", – дейді саясаттанушы.

Оның пікірінше, бірінші кезекте демократиялық институттарды күшейту керек. Ал демократияны тек халықтың билік өкілдерін сайлауымен шектеуге болмайды. Сайлау – азаматтардың билікке ықпал етуінің бір жолы ғана. Одан кейін де халықтың мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметін бақылауға мүмкіндігі болуы маңызды.

"Демократия – халықтың билікке адамдарды сайлап қана қоюы емес, сол адамдардың қызметін үнемі бақылап отыруы. Сол үшін басқару жүйесі өзгермесе, жемқорлық жалғаса береді", – дейді Д. Көшім.

Саясаттанушының пайымынша, бюджет қаражатын бөлу, мемлекеттік сатып алу, ұлттық компаниялардың инвестициялық жобалары мен кадрлық тағайындаулар қоғам назарынан тыс қалса, мүдделер қақтығысының туындау қаупі артады. Демек, демократиялық институттарды күшейту тек саяси жүйені жетілдіру емес, мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына ықпал ететін маңызды құрал.

Екінші мәселе, кадрлық тағайындаулар үшін саяси және моральдық жауапкершілікті күшейту маңызды. Жоғары лауазымды қызметке тағайындалған адам жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаса, оны сол қызметке ұсынған басшы да жауапкершілікті сезінуі керек.

"Бұл жерде мен Германияның бұрынғы канцлері Вилли Брандттың ісін мысалға келтірер едім. Оның үкіметіндегі министрлердің бірінің хатшысы Кеңес Одағының барлау қызметімен байланысы бар адам болып шыққан кезде, Брандт саяси жауапкершілікті өз мойнына алып, канцлер қызметінен кеткен. Міне, саяси жауапкершілік деген осы. Бізде де жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты осындай жауапкершілік мәдениеті қалыптасуы қажет. Біз мұны бұрыннан сұрап келеміз. Егер басшы өзі тағайындаған адамның әрекеті үшін жауап бермесе, онда кадрлық шешімдердің сапасына кім жауап береді?", – дейді Дос Көшім.

Сондай-ақ бұл тұрғыда Жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз етуде журналистердің еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалып, мемлекеттік органдарға жолдаған сауалдарына нақты әрі толық жауап берілу маңызды.

"Бір кездері Горбачев кезеңінде "жариялылық" деген ұғым кеңінен айтылды. Өкінішке қарай, қазір қоғам өміріндегі көптеген маңызды мәселе ашық талқылана бермейді. Жемқорлық фактілерін анықтауда журналистік зерттеудің рөлі ерекше. Депутаттық сауалдар да формалды жауаппен шектелмей, көтерілген мәселенің түп-төркініне дейін зерттелуі керек. Аудандық деңгейден бастап жоғарыдағы бюджет қаражатының жұмсалуы қоғамға ашық болғанда ғана, жемқорлықты жасыру әлдеқайда қиын болады",  – дейді ол.

Саясаттанушының сөзінше, салық жүйесін жетілдіру және азаматтардың табысы мен мүлкінің заңды шығу тегін бақылауды күшейту маңызды. Қазақстан дамыған демократиялық мемлекеттердің, соның ішінде АҚШ-тың табыстар мен мүліктің заңды шығу тегін анықтау тәжірибесін тереңірек зерттеп, тиімді тетіктерін енгізетін уақыт келді.  

"Мысалы, біреу қымбат үй немесе автокөлік сатып алса, оның ресми табысы мен төлеген салығы осы шығындарға сәйкес келуі керек. Егер адамның табысы мұндай мүлік алуға мүмкіндік бермесе, онда салық органдары оның кіріс көзін тексеруге тиіс. Бұл жерде мәселе ақшаның кімнің атында тұрғанында емес, оның қайдан келгенінде", – дейді Дос Көшім.

Сарапшылардың пікірінен түйеріміз, біздегі жағдайда жемқорлықпен күресте жүйелілік жетіспейді. Сол үшін заңсыз байлықты мемлекетке қайтартатын нақты қуатты заң, қылмысқа жол бермейтін жүйе, халық алдында есеп беретін билік болғанда ғана, бұл күрес шынайы нәтижесін бере алады. Әділетті мемлекеттің өлшемі – осы.

Жадыра МҮСІЛІМ

Сайт Әкімшілігі