Сараптама

Дәрі қымбат, дау көп: Әлназарова басқаратын салада не болып жатыр?

Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы тағы да дау туғызды.

Фото ЖИ/ JasAlash

 Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Жапонияда 11 мың теңге тұратын препараттың Қазақстанда 463 мың теңгеге сатылатынын айтып, дәрі нарығындағы жағдайды сынға алды. Ал Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрі бағасын төмендету реформаларының арқасында бюджеттен миллиардтаған теңге үнемделгенін айтып жүр. Осы ретте "мемлекет дәрі нарығын қаншалықты бақылайды?"деген сауал туады.

Фото: ЖИ / JasAlash/Аймағамбетов

Жапонияда 11 мың, Қазақстанда 463 мың теңге

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетовтің әлеуметтік желідегі жазбасы дәрі-дәрмек бағасына қатысты ескі мәселені қайта қоздатты. Депутаттың қабылдауына келген азаматқа дәрігер Helicobacter pylori инфекциясын емдеу үшін вонопразан препаратын тағайындаған. Емдеу курсына 20 миллиграмдық 28 таблетка қажет болған. Алайда науқас бұл дәріні Қазақстандағы кәдімгі дәріханалардан таба алмаған. Аймағамбетовтің мәліметінше, Жапонияда Takeda компаниясы шығаратын Takecab препаратының 28 таблеткасы шамамен 11 мың теңге тұрады. Малайзияда 30 таблеткалық қаптамасы 27-30 мың теңгеге сатылады. Ал Қазақстанда осы препараттың 100 таблеткадан тұратын қаптамасы арнайы тапсырыспен 463 мың теңгеге немесе одан да жоғары бағаға сатылады.

Әрине, 28 таблетка мен 100 таблетканың бағасы әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ бір таблетканың құнын есептегеннің өзінде айырмашылық айтарлықтай. Жапонияда бір таблетка шамамен 393 теңге болса, Қазақстанда 4 630 теңгеге жетеді. Яғни айырмашылық – 11,8 есеге жуық. Оның үстіне науқас өзіне қажетті 28 таблетканы ғана сатып ала алмай, 100 таблеткалық қаптамаға ақша төлеуге мәжбүр болуы мүмкін. Депутаттың айтуынша, мәселе тек қымбатшылықта емес. Қазақстанда халықаралық тәжірибеде қолданылатын кейбір заманауи дәрілер мүлде жоқ. Оларды қарапайым дәріханадан сатып алу мүмкін болмағандықтан, азаматтар шетелден іздеуге немесе арнайы тапсырыспен алуға мәжбүр. Аймағамбетов дәрілерді тіркеуді жеңілдететін заң қабылданғанын еске салып, оның нәтижесі науқастарға сезілуі керек екенін айтты.

Дәрі бағасы неге ұшып тұр?

  Қазақстан дәрі-дәрмек нарығы шетелдік өндірушілерге қатты тәуелді. Жоғары аудиторлық палатаның дерегінше, 2024 жылы еліміздің фармацевтика нарығының көлемі 1,2 трлн теңге болған. Оның 84 пайызы шетелде өндірілген өнімдерге тиесілі. Бұл көрсеткіштің өзі Қазақстандағы дәрі бағасына халықаралық нарықтың қаншалықты ықпал ететінін аңғартады.

Импорттық препараттың бағасына өндірушінің сату құнынан бөлек валюта бағамы, тасымалдау, сақтау, кедендік рәсімдер, тіркеу шығындары, дистрибьютор мен дәріхананың үстемеақысы әсер етуі мүмкін. Шағын нарыққа жеткізілетін дәрі партиясының аз болуы да бір таблеткаға шаққандағы шығынды арттырады. Алайда мұның бәрі кез келген баға айырмашылығын ақтай бермейді. Әсіресе препарат бірнеше компания арқылы қайта сатылып, әр делдал өзінің пайдасын қосатын болса, соңғы баға одан әрі өсуі мүмкін. Осы тұста мемлекеттік бақылаудың маңызы артады. Дәрілердің бағасын негізсіз көтеруге жол бермейтін жүйе болуы керек. Бірақ Қазақстанда бұл тетіктің өзі бірнеше рет сынға ұшырады.

"СҚ-Фармацияның" құпиясы

Қазақстандағы дәрі-дәрмек саласына қатысты ең үлкен дау "СҚ-Фармация" компаниясымен байланысты. Бұл ұйым – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды орталықтандырылған түрде сатып алатын бірыңғай дистрибьютор. 2024 жылғы шілдеде Жоғары аудиторлық палата Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық ұйымдарының қызметіне жүргізілген аудит нәтижесін жариялады. Тексеру қорытындысы көңіл көншітпеді. Ең маңызды деректердің бірі – "СҚ-Фармацияның" кейбір дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40-365 пайыз жоғары бағамен сатып алғаны. Аудиторлардың есебінше, баға айырмасының жалпы көлемі 8 млрд теңгеден асқан. Мұнымен мәселе бітпейді. Сапасыз жоспарлау салдарынан медициналық ұйымдар 2,8 млрд теңгеге сатып алынған дәрілерден бас тартқан. Ал қоймаларда жиналып қалған препараттардың бір бөлігі жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты есептен шығарылған. Оның құны 279,5 млн теңгеге жеткен. Бұдан бөлек, аудит барысында баламалары тіркелгеніне қарамастан, 3 млрд теңгеге дәрілердің бір көзден сатып алынғаны анықталған. Сондай-ақ 182 млрд теңгеден астам сатып алуда жергілікті қамтуды растайтын тиісті сертификат болмаған.

  "СҚ-Фармацияға" қатысты күмән тек аудиторлық тексерулермен шектелмеген. 2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет компания жұмысындағы жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізді. Антикордың мәліметінше, 2020-2023 жылдары дәрі-дәрмек сатып алу аукциондарының жартысынан астамы бәсекесіз өткен. Кейбір сатып алу рәсімдерінде делдалдық тізбектер қалыптасып, нақты бәсекеге кедергі келтіретін жағдайлар туындаған.

Талдау барысында ұқсас техникалық сипаттамалары бар медициналық жабдықтарды сатып алу бойынша 13 келісімшарт қаралып, 6,7 млрд теңгеге дейін бағаны көтеру тәуекелі көрсетілген. Бұл сома дәлелденген жымқыру емес, талдау кезінде анықталған ықтимал тәуекел ретінде бағаланған.

Ал фармацевтика нарығындағы бәсекелестікке қатысты бірқатар заңбұзушылық сотта да дәлелденген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, "СҚ-Фармация" сатып алатын дәрілерді сақтау және тасымалдау қызметтері бойынша "КФК Медсервис плюс", "Ақниет" және "Стофарм" компаниялары картельдік келісімге қатысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот олардың сатып алу рәсімдерінде лоттарды алдын ала бөлісіп, жасанды бәсекелестік қалыптастырғанын растаған. Үш компанияға жалпы көлемі 342 млн теңге айыппұл салынған.

2025 жылғы қазанда "СҚ-Фармация" төңірегіндегі дау жаңа деңгейге көтерілді. Қаржы мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов компанияға қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Ол тергеу жүргізіліп жатқанын айтып, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа мәліметтерді жарияламаған. 2026 жылғы мамырда "СҚ-Фармация" басшылығы аудит қорытындыларындағы 741 млн теңге көлеміндегі қаржылық бұзушылықтар туралы мәліметпен келіспейтінін білдірді. Компания басшысы Нұрлыбек Асылбеков сатып алу жүйесінде цифрлық бақылау тетіктері енгізіліп жатқанын айтты.

Фото: Жас Алаш/Қайырғали Көнеев

Қайырғали КӨНЕЕВ, невролог: Фармацевтика нарығында бәсекелестік жоқ

– 2022-2024 жылдары дәрі-дәрмек сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілді. Сол талдаулардың нәтижесінде "СҚ-Фармация" жүйесінде жемқорлық тәуекелдерінің өте жоғары екені анықталды. Алайда содан бері екі жылға жуық уақыт өтсе де, айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Кейбір қажетті препараттар уақытында сатып алынбайды немесе "СҚ-Фармация" арқылы медициналық ұйымдарға дер кезінде жеткізілмейді. Соның салдарынан дәрі тапшылығы туындайды. Менің ойымша, мұндай жағдайларда "СҚ-Фармацияның" өзі жасанды тапшылықтың пайда болуына себепші болып отыр.

 Жапонияда 11 мың теңге тұратын дәрінің Қазақстанда әлдеқайда қымбат болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, егер бұл Жапонияда өндірілетін түпнұсқа препарат болса және оның генерикалық баламалары әлі шықпаған болса, ішкі нарықтағы бағасы салыстырмалы түрде төмен болуы мүмкін. Ал шетелге экспортталған кезде оған тасымалдау шығындары, кедендік төлемдер және басқа да қосымша шығындар қосылады. Мұның бәрі түпкілікті бағаға әсер етеді.

Екіншіден, дәрі-дәрмектердің Қазақстанға жеткізілуінде делдалдық тізбектердің ықпалы бар. Мәселен, кейбір препараттар алдымен Ресей нарығына әкелініп, содан кейін Қазақстанға жеткізіледі. Ресейлік импорттаушы компания өз үстемеақысын қосады, ал оны сатып алған қазақстандық компания тағы да пайда табуды көздейді. Осылайша, дәрі бірнеше қолдан өткен сайын бағасы өсе береді.

Үшіншіден, Қазақстанның фармацевтика нарығында бәсекелестік өте әлсіз. Бәсеке жеткіліксіз болғандықтан, фармацевтикалық компаниялардың баға саясатына ықпал ететін нарықтық тетіктер дұрыс жұмыс істемейді. Оның үстіне мемлекеттік бақылау да тиісті деңгейде емес. Меніңше, бұған денсаулық сақтау жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдерінің жоғары болуы да әсер етеді. Әрине, Қазақстанның географиялық аумағы үлкен, ал халық саны салыстырмалы түрде аз. Бұл да дәрі-дәрмектерді тасымалдау мен өңірлерге тарату шығындарын арттырады. Логистикаға кететін қаражат та препараттардың бағасына қосылады. Дегенмен мұның бәрі шетелде әлдеқайда арзан сатылатын дәрінің Қазақстанда бірнеше есе қымбаттауын толық ақтай алмайды.

 Меніңше, бұл мәселені шешудің негізгі жолдарының бірі – дәрі-дәрмектерді өндірушілерден тікелей сатып алу жүйесін қалыптастыру. Мәселен, мемлекет "СҚ-Фармацияны" шетелдік фармацевтикалық зауыттардан препараттарды тікелей сатып алуға міндеттесе, дәрінің құны едәуір төмендеуі мүмкін. Қазір кейбір препараттар бір компаниядан екінші компанияға, одан үшінші компанияға өтіп, бірнеше делдал арқылы жеткізіледі. Әр компания өзінің пайдасын қосады. Егер осы аралық тізбектер қысқартылса, дәрі-дәрмектердің бағасы да төмендер еді. Алайда "СҚ-Фармацияның" қазіргі жүйені өзгертуге мүдделілігі жеткіліксіз. Өйткені фармацевтика нарығында орасан зор қаржы айналады және бұл салада ықпалды адамдардың мүдделері болуы мүмкін. Сондықтан дәрі-дәрмек сатып алу жүйесін реформалау оңай емес.

Фото: Жас Алаш коллаж/Ақмарал Әлназарова

Әлназарова жағдайдан хабардар ма?

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл проблемалардан хабарсыз емес. 2024 жылғы шілдеде Жоғары аудиторлық палатаның дәрі-дәрмек жүйесіне қатысты аудит қорытындылары талқыланған жиынға министрдің өзі қатысты. Сол кезде Әлназарова дәрі бағасын қалыптастыру жүйесіне қатысты сұрақтардың көп екенін мойындаған. Ол 6,5 мыңнан астам препараттың бағасы қайта қаралатынын, жұмыс тобы құрылғанын және жыл соңына дейін мемлекеттік сатып алу мен көтерме-бөлшек сауда сегментіндегі бағаларды толық талдау көзделгенін мәлімдеген. Содан бері екі жылдан астам уақыт өтті. Алайда дәрі-дәрмек төңірегіндегі дау әлі басылар емес.

Фармацевтика нарығындағы мәселе тек қымбатшылықпен шектелмейді. Дәрі-дәрмектің қозғалысын бақылау жүйесіне де қатысты сұрақтар бар. 2026 жылғы қыркүйекте Денсаулық сақтау министрлігі цифрлық таңбалау жүйесі арқылы тегін берілуге тиіс 26 мыңнан астам дәрі қаптамасының дәріханаларда сатылғанын анықтады.

Министр миллиардтаған теңгенің үнемделгенін айтып келеді. Дегенмен денсаулық сақтау жүйесінің жетістігі министрдің есебіндегі миллиардтармен ғана өлшенбеуге тиіс. Ең басты өлшем – науқастың қажетті дәріні қолжетімді бағамен алуы, дәрігердің еңбегіне лайық ақы төленуі және бюджеттен бөлінген әр теңгенің мақсатты жұмсалуы. Әзірге министрлікке тағылатын мін мен айтылатын сын тоқтар емес. Былтыр ғана министрліктің дәрігерлерге жалақы төлей алмай, қаржылық міндеттемесі 700 млрд теңгеден асқаны белгілі болды. Алайда дәрі-дәрмектің қымбаттығы мен қол астындағы қызметкерлерінің жалақы ала алмауы министрдің өзіне аса көп салмақ салмағандай әсер қалдырды. Өйткені қоғам саладағы қордаланған мәселелердің шешімін күтіп жүргенде, министр мүлде басқа себеппен жұрт назарына ілікті. Олай дейтініміз, денсаулық сақтау саласында миллиардтаған теңгенің тиімсіз жұмсалғаны анықталып, жемқорлық туралы дабыл қағылып жатқанда, министр Ақмарал Әлназарова қымбат брендті киімімен қоғам назарын өзіне аударды. Естеріңізде болса, былтыр қазан айында әлеуметтік желі қолданушылары министрдің Ұлытау облысына жұмыс сапары кезінде Valentino Garavani брендінің шамамен мың еуро тұратын аяқкиімін кигенін талқылады. Кейін Нью-Йоркте түсірілген суретінен құны 6 мың доллар шамасындағы Fendi сөмкесіне ұқсас аксессуар мен Ferragamo аяқкиімін байқағандар болды. Журналистер министрден қымбат киімдері туралы сұрағанда, үкіметтегі брифингтің модераторы мұны жеке мәселеге жатқызып, сұрақты тоқтатты. Ал министрдің өзі нақты түсініктеме берген жоқ.

Тұрсынбек БАШАР

Т. РАУШАНҰЛЫ