Сараптама

Жасанды интеллект жазған ән музыка ма, математикалық есеп пе?

Қазір жасанды интеллект көмегімен жасалған әндер, танымал орындаушылардың дауысын қайталап жазылған каверлер, ескі әндердің ЖИ арқылы жаңартылған нұсқалары әлеуметтік желілерде кең

Фото JasAlash / ЖИ

 Кейбірі түпнұсқадан да танымал болып, миллиондаған қаралым жинап үлгерді. Бұл үдеріс музыка индустриясындағы шығармашылық жасампаздыққа ғана емес, тыңдарман талғамына, авторлық құқық мәселесіне және кәсіби музыканттардың еңбегіне қатысты мәселелерді туындатып отыр. Бұрын әннің жарыққа шығуы үшін композитор, аранжировка жасаушы, дыбыс режиссері мен орындаушының бірлескен еңбегі қажет болса, бүгінде жасанды интеллект көмегімен санаулы минут ішінде әуені, мәтіні және вокалы бар музыкалық туынды жасауға болады. Бір тарап мұны шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейтетін технологиялық жетістік деп бағаласа, енді бірі музыканың көркемдік сапасы төмендеп, өнердің жаппай әрі бақылаусыз өндіріске айналуынан қауіптенеді. Әсіресе белгілі әншілердің дауысын олардың келісімінсіз пайдалану, бұрыннан танымал шығармаларды қайта өңдеу және жасанды интеллект жасаған туындылардың авторын анықтау мәселесі өзекті бола түсті. Сонымен мұның салдары қандай болмақ, бұл өзі қаншалықты дұрыс дүние. "Жас Алаштың" сұрағына музыкатанушылар Мерей Сембай, Балнұр Сардарбек және өнертанушы Әсемай Аминова жауап берді.

– Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде жасанды интеллект көмегімен өңделген немесе толықтай жаңадан жасалған әндер қаптап кетті. Жалпы бұл қаншалықты дұрыс? Оның қандай артықшылығы мен кемшілігі бар?

М.Сембай: Менің ойымша, жасанды интеллекттің пайда болуымен біз музыка саласында ғана емес, жалпы шығармашылық әлемінде де үлкен өзгерістер кезеңіне қадам бастық. Ең қызығы, бұл өзгерістердің қарқыны жылдам, тіпті біз болып жатқан үдерістерді толық талдап, олардың мәнін түсініп, ғылыми тұрғыдан бағалап үлгермей жатырмыз. Өйткені адамзат тарихында алғаш рет кез келген адамға санаулы секундтарда күрделі шығармашылық өнім жасауға мүмкіндік беретін құрал қолжетімді болып отыр. Қазір адамдар жасанды интеллект арқылы ән шығарып, бұрыннан таныс шығармаларды басқа жанрда өңдеп, жаңа музыкалық нұсқаларын жасап, әлеуметтік желілерге жаппай жариялап жатыр. Мәселен, академиялық композитор, іргелі музыкалық білім алған Тасқын Жармағамбет жасанды интеллекттің мүмкіндіктері әлі толық ашылмағанын, оның бізді алда әлі талай таңғалдыратынын айтқан еді. Біз бүгін көріп жүрген нәтижелерді соңғы мүмкіндік деп қабылдамауға болмас. Анығында, бұл енді басталып жатқан үдеріс. Меніңше, мұндай мәселелерге біржақты жауап беруге әлі ерте. Қазір бізде нақты шешімдерден гөрі, сұрақтар, пікірталастар мен әртүрлі көзқарастар көбірек. Және осындай пікірталас керек-ақ.

Б.Сардарбек: Соңғы уақытта жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген әндердің көбейгені рас. Әсіресе балаларға арналған мультфильмдерде, тіпті айтарлықтай мән-мағынасы жоқ қарапайым бейнероликтердің өзінде мұндай музыкалар жиі қолданылады. Мәселен, кішкентай сүйкімді мысықтар немесе табиғат аясында ойнап жүрген балалар бейнеленген, көрерменнің назарын бірден аударатын видеоларды алайық. Қазір осындай кез келген тақырыптағы бейнероликтің фонында дайын музыкалық шығармалардан гөрі, жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген туындыларды жиі кездестіреміз. Ең алдымен, алаңдататын тұсы – тыңдарманның құлағы жасанды интеллект арқылы жасалған, өңделген әндерге біртіндеп үйреніп кетуі. Соның салдарынан уақыт өте келе адамдар шынайы композиторлар мен музыканттардың өз еңбегімен жазып, өңдеп шығарған туындыларын қабылдамай қалуы мүмкін. Яғни жасанды интеллект қалыптастырған музыкалық дыбыстау үлгілеріне бейімделу тыңдарманның табиғи музыканы қабылдауына да әсер етуі ықтимал. Ал жақсы жағына келсек, жасанды интеллект музыкалық шығармаларды жаңаша өңдеуге мүмкіндік береді. Әсіресе бұрыннан белгілі ескі әндерді жаңғыртып, оларды жас ұрпаққа жаңа қырынан таныстыру үшін мұндай технологияларды пайдалануға болады. Егер ән сапалы өңделіп, халықтың көңілінен шығып жатса, ешқандай әбестігі жоқ. Керісінше, бұл бұрынғы музыкалық мұрамызды қазіргі тыңдарманға жақындатудың бір жолы болуы мүмкін. Кейбір музыканттар жаңашылдықтан, тәжірибе жасаудан бас тартады да, бұрыннан қалыптасқан, үйреншікті үш аккордтың аясында жұмыс істей бергенді жөн көреді. Яғни шығармашылық тәуекелге барудың орнына өзіне таныс жолды таңдайды. Оның үстіне студия жағдайында жаңа музыкалық өңдеу жасау едәуір уақыт пен еңбекті талап етеді. Белгілі бір шығарманы жаңаша өңдеп шыққаннан кейін де оны көпшілікке ұсыну немесе ұсынбау жөнінде біраз ойлануға тура келеді. Мысалы, бір әннің аранжировкасын жасауға екі-үш күніңізді жұмсадыңыз делік. Бірақ жұмыс аяқталған соң оның ойдағыдай шықпағанын түсінуіңіз мүмкін. Бұрын үш күн уақыт жұмсалатын жұмысты енді үш сағатта, тіпті кей жағдайда жарты сағатта жасауға мүмкіндік бар. Бұл шығармашылық тәжірибе жасауға кететін уақытты айтарлықтай қысқартады. Ең бастысы, белгілі бір музыкалық шешім сәтсіз шыққан күннің өзінде оған бірнеше күндік еңбегіңді жұмсамайсың. Басқа нұсқаларды байқап көруге, әнді әртүрлі бағытта өңдеуге мүмкіндік көбейеді.

Ә.Аминова: Меніңше, жасанды интеллектінің музыка индустриясына енуін біржақты дұрыс немесе бұрыс құбылыс деп бағалау қиын. Өйткені музыка тарихына қарасақ, әрбір технологиялық жаңалық алғашында белгілі бір қарсылыққа тап болған. Кезінде электронды аспаптардың, синтезаторлардың, компьютерлік бағдарламалардың пайда болуы да дәстүрлі музыканың болашағына қатысты алаңдаушылық туғызған. Алайда уақыт өте келе олардың шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейткені белгілі болды. Жасанды интеллектіні де осы технологиялық эволюцияның жалғасы ретінде қарастыруға болады. Алайда мәселенің екінші жағы тағы бар, бұл  әлдеқайда күрделі. 2025 жылы Deezer музыкалық платформасы мен Ipsos зерттеу компаниясы сегіз елдегі 9 мың адамға зерттеу жүргізген. Нәтижесінде қатысушылардың 97 пайызы ұсынылған үш музыкалық үзіндінің қайсысы жасанды интеллект арқылы жасалғанын толық ажырата алмаған. Ал респонденттердің 64 пайызы жасанды интеллект музыкадағы шығармашылықтың әлсіреуіне әкелуі мүмкін деп есептеген. Авторлар мен композиторлар қоғамдарының халықаралық конфедерациясы – CISAC тапсырысымен жүргізілген 2024 жылғы зерттеуде, тиісті құқықтық қорғаныс қамтамасыз етілмесе, 2028 жылға қарай музыка авторлары табысының 24 пайызына дейінгі бөлігіне қауіп төнуі мүмкін екені болжанған. Бұл – жүзеге асып қойған шығын емес, нарықтың ықтимал даму сценарийіне негізделген болжам. Демек, жасанды интеллект музыканы өндіруді арзандатқанымен, кәсіби композиторлардың, аранжировщиктердің және орындаушылардың еңбегіне сұранысты төмендетуі ықтимал.

– ЖИ жасаған, өңдеген әндердің сапасы туралы не айтасыз?  Біреулер жаңашылдыққа қуанса, енді бір тарап мұны талғамсыздыққа балап жатады. Мұндай технологиялар кәсіби музыка өндірісінің қалыптасқан жүйесіне қалай әсер етіп жатыр?

М.Сембай: Екі көзқарастың да өз негізі бар, себебі қоғам, жалпы адамдар бұл технологияны әртүрлі мақсатта пайдаланып жүр. Сондықтан мен жасанды интеллектті тек қауіп немесе тек мүмкіндік ретінде қарастырудан гөрі, оның музыкадағы орнын байыппен зерттеу маңызды деп ойлаймын. Менің ойымша, ЖИ жасаған музыканың сапасын біржақты бағалауға болмайды. Оның арасында сәтті, қызықты шығармалар да, көркемдік тұрғыдан жұтаң дүниелер де бар. Мен композитор, аранжировщик, дыбыс режиссері немесе орындаушы секілді мамандықтар енді қажет болмайды деп кесіп айта алмаймын. Дегенмен енді бұл мамандарға өз еңбегімен табыс табу қаншалықты қиындайды деген экономикалық мәселе туындауы анық. Тапсырыс беруші шығынды азайтқысы келсе, кейбір жұмысты ЖИ көмегімен арзанырақ жасайтын адамға тапсыруы мүмкін. Мұндай жағдайда кәсіби мамандардың табысы азайып, кей жобаларда сапа да төмендеуі ықтимал. Сонымен бірге музыка өндірісінің құрылымы біраз өзгерері анық. Енді көркемдік идеяны қалыптастыра алатын, музыкалық материалды терең түсінетін, тірі орындаушылармен жұмыс істейтін және шығарманың тұтастығына жауап беретін мамандардың рөлі ерекше маңызды болады. Өйткені технология музыканы жылдам жасай алғанымен, оның көркемдік мақсатын айқындау мен сапасына жауап беру мәселесі әлі де маңызды. Бәлкім, жасанды интеллект дәуірінде біз кәсіби музыканттың шынайы құндылығын бұрынғыдан да тереңірек түсінерміз. Жасанды өнім көбейген сайын адамның дара қолтаңбасы, музыкалық талғамы, тәжірибесі мен тірі орындаудың ерекшелігі де жоғары бағалануы әбден мүмкін.

Б.Сардарбек: Қазір жасанды интеллект көмегімен бұрынғы әндерді қайта орындату кеңінен таралып жатыр. Әсіресе ескі әндерді қоңыр, төмен регистрдегі ер немесе әйел адамның дауысымен өңдеп, бірінен кейін бірін тізбектеп шығаратын музыкалық жинақтар көбейді. Оларды тыңдасаңыз, барлық әнді бір адам орындағандай әсер қалдырады. Дегенмен мұндай әндер жасы үлкен кісілерге ұнайтын секілді. Ал жастар арасында бұған наразылық көп. Әлеуметтік желілерде осы мәселеге қатысты жазбаларды жиі кездестіремін.

Мен мұндай наразылықты толық түсінемін әрі қолдаймын. Себебі жасанды интеллект арқылы осылай өңделген әндерде музыкалық талғамға әсер ететін ерекшеліктер, динамикалық және интонациялық өзгерістер, орындаушылардың өзіндік тембрлік айырмашылықтары байқалмайды. Барлығы бірсарынды естіледі. Бір тоналдық, ұқсас аккордтар жүйесі және бір ғана тембрдегі дауыс қолданылады. Әйел адамның дауысы болса, барлық ән сол бір дауыспен, ер адамның дауысы болса, сол бір орындаушының мәнерімен шырқалады. Нәтижесінде әр әннің өзіндік ерекшелігі мен орындаушылық даралығы жоғалып, шығармалардың барлығы бір-біріне ұқсап кетеді. Дегенмен жасанды интеллектінің пайда болуы кәсіби музыка саласына, әсіресе опера, симфония, симфониялық поэма, балетке арналған музыка секілді күрделі академиялық жанрларға айтарлықтай көмектеседі. Өйткені қазіргі композиторлардың барлығы бірдей фортепиано алдында отырып, шығармаларын қолмен жазбайды. Әрине, дәстүрлі тәсілмен жұмыс істейтіндер де бар. Бірақ көптеген композиторлар музыкалық шығармаларды арнайы компьютерлік бағдарламалар арқылы жазады. Мәселен, мен оқып жүрген кезде студенттердің көбі Sibelius бағдарламасын пайдаланатын. Бұл – музыкалық шығармаларды нотаға түсіруге, өңдеуге мүмкіндік беретін кәсіби бағдарлама. Қазір оның мүмкіндіктерінен де асып түсетін жаңа бағдарламалар пайда болған шығар. Қалай десек те, композиторлар бұрыннан осындай технологияларды шығармашылық жұмысында қолданып келеді. Ал жасанды интеллект бұл мүмкіндіктерді одан әрі кеңейтіп, күрделі академиялық жанрларда жұмыс істейтін композиторлардың еңбегін едәуір жеңілдеткен сияқты.

Ә.Аминова: Ең алдымен, музыканың техникалық сапасы мен көркемдік сапасын ажырата білуіміз керек. Қазіргі жасанды интеллект технологиялары дыбысты өңдеу, вокалды түзету, аранжировка жасау, түрлі музыкалық аспаптардың үнін үйлестіру жағынан едәуір жетілді. Тіпті кейбір шығармаларды кәсіби студияда жазылған әндерден ажырату қиын. Бірақ техникалық тұрғыдан сапалы жасалған музыканың бәрі бірдей көркемдік құндылыққа ие бола бермейді. Өйткені музыканың сапасы тек дыбыстың тазалығымен немесе әуеннің үйлесімділігімен өлшенбейді. Мұнда композициялық құрылым, орындаушылық шеберлік, музыкалық драматургия, жанрлық ерекшелік және авторлық қолтаңба маңызды рөл атқарады. Жасанды интеллектінің басты артықшылығы – музыкалық эксперименттерге жол ашуы. Мәселен, бұрыннан белгілі әнді басқа жанрда өңдеу арқылы оның мүлде жаңа қырын танытуға болады. Эстрадалық шығарманы джазға, халық әнін симфониялық музыкаға немесе рок жанрына бейімдеу кейде тыңдарманға күтпеген әсер сыйлайды. Тіпті кезінде кеңінен танылмаған әннің өзі жаңа аранжировка арқылы көпшіліктің ықыласына бөленуі мүмкін. Алайда мұндай нәтижеге жету үшін технологияны қолданушы адамның музыкалық талғамы мен кәсіби түсінігі маңызды. Жасанды интеллект көптеген нұсқа ұсына алады, бірақ олардың ішінен шығарманың табиғатына сәйкес келетін көркемдік шешімді таңдау – адамның міндеті. Ал талғамсыздық мәселесіне келсек, мен оны жасанды интеллектінің өзінен емес, технологияны пайдалану мәдениетінен іздер едім. Қазір кез келген адам бірнеше минут ішінде ондаған ән жасай алады. Бірақ музыкалық өнімнің көптігі өнердің дамығанын білдірмейді. Керісінше, дайын үлгілерге негізделген, бір-біріне ұқсас композициялардың шамадан тыс көбеюі музыкалық кеңістіктің бірсарынды болуына әкелуі мүмкін.

– Жасанды интеллект арқылы жасалған әндердің бір бөлігі музыкалық тұрғыдан қарапайым болғанымен, әлеуметтік желілерде жылдам танымал болып жатады. Тіпті әннің түп нұсқасына қарағанда бірнеше есе көп қаралым жинайды. Сонда мұның себебі неде?

Б.Сардарбек: Жасанды интеллект арқылы музыкаға жаңашылдық әкелуге толық мүмкіндік бар. Өйткені бұл технология шығармашылық ізденіске ешқандай шектеу қоймайды. Тіпті кезінде көпшілікке кеңінен танылмаған, тыңдарман назарынан тыс қалған әннің өзін жасанды интеллект көмегімен жаңаша өңдеп, бастапқы нұсқасынан бірнеше есе танымал етуге болады. Мұндағы басты артықшылық – жанрлық шектеулердің болмауы. Яғни музыкалық шығарманы өңдеуші адам жасанды интеллектке нақты әрі сауатты тапсырма бере алса, әнді мүлде басқа бағытта жаңғыртуға мүмкіндік туады. Нәтижесінде бастапқы шығармадан ерекшеленетін, тыңдарманға тосын әсер қалдыратын жаңа нұсқа пайда болуы мүмкін. Бұл жерде мәселе әннің жақсы немесе жаман өңделгенінде ғана емес. Меніңше, мұндай қарапайым бағалаудан гөрі шығарманың қаншалықты ерекше шыққаны, тыңдарманды баурап, көпшілікке ұнағаны маңызды. Кейде дәл осындай тың музыкалық шешімдер бұрын аса танымал болмаған әннің кеңінен таралуына ықпал етеді. Мысал ретінде, жасанды интеллект арқылы жаңаша өңделіп, көпшілік арасында танымал болған әндердің бірі Шизаның "Шымкенттің әні" шығармасын айтуға болады. Бұл әннің жаңартылған нұсқасы өте кең таралды және жеке өзіме де қатты ұнады. Оны кім өңдегенін білмеймін, бірақ жасанды интеллектке өте сауатты әрі нақты тапсырма бергені байқалады. Соның нәтижесінде әннің бастапқы нұсқасынан ерекшеленетін, тыңдарманды бірден баурап алатын жаңа музыкалық өңдеу жасалған.

Ә.Аминова: Мұның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, музыкалық шығарманың көркемдік сапасы мен оның әлеуметтік желідегі танымалдығы екі түрлі өлшем екенін түсінуіміз керек. Әннің миллиондаған қаралым жинауы оның музыкалық тұрғыдан сапалы екенін білдірмейді. Қазіргі цифрлық ортада шығарманың таралу жылдамдығына әуеннің сапасынан бөлек, оның жаңалығы, тыңдарманға әсері, әлеуметтік желі алгоритмдері және аудиторияның тұтыну ерекшеліктері ықпал етеді. Біріншіден, мұнда психологиялық жаңалық әсері бар. Адам бұрыннан таныс әнді күтпеген жанрда немесе өзгеше дауыспен естігенде оған еріксіз назар аударады. Мәселен, лирикалық әннің рок жанрында орындалуы немесе белгілі эстрадалық шығарманың джаз стилінде өңделуі тыңдарманның қалыптасқан музыкалық түсінігіне тосын әсер етеді. Психологияда мұны күту мен нақты нәтиженің арасындағы айырмашылық арқылы түсіндіреді. Адам таныс әуенді естігенде оның қалай жалғасатынын шамалап, болжайды. Ал жасанды интеллект арқылы өңделген нұсқа сол болжамды бұзып, қызығушылық тудырады. Сондықтан кейде жаңа өңделген ән түпнұсқадан да көбірек назар аудартуы мүмкін. Екіншіден, мұнда таныстық әсерінің ықпалы зор. Музыка психологиясында mere exposure effect, яғни қайта-қайта кездестірген нәрсеге жағымды көзқарастың қалыптасуы деген құбылыс бар. Оны психолог Роберт Зайонц 1968 жылғы зерттеуінде сипаттаған. Бұрыннан белгілі әннің жаңа нұсқасы тыңдарманға бір мезгілде әрі таныс, әрі тосын болып естіледі. Таныс әуен оны қабылдауды жеңілдетсе, жаңа аранжировка қызығушылықты арттырады. Бұл екі фактордың үйлесуі шығарманың жылдам таралуына қолайлы жағдай жасайды. Үшіншіден, қазір әлеуметтік желілердегі музыканы тұтыну мәдениеті өзгерді. Бұрын тыңдарман әнді толық тыңдап, оның мәтініне, композициялық құрылымына, орындаушылық ерекшелігіне назар аударса, қазір көпшілік музыканы бірнеше секундтық бейнероликтер арқылы қабылдайды.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі