Сараптама

"Үш дәу" келісе алмады. Украинаның ендігі тағдыры не болады?

Украинаның ендігі тағдыры не болады?

Фото Sputnik / Sergey Bobylev /

Өткен аптада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей президенті Владимир Путин және Қытай төрағасы Си Цзиньпин бір үстел басына жиналды. Әлемдік саясаттағы үш ықпалды тұлғаның кездесуі халықаралық дипломатиядағы тарихи оқиға ретінде бағаланды.

Алайда бұл басқосуда Украинадағы соғысты тоқтату туралы келісім жасалған жоқ. Тіпті үш ел қабылдаған "бейбітшілік декларациясында" Украинаның аты да аталмады. Соған қарамастан, саммиттен кейін дипломатиялық келіссөздер жандана түсті. Уашингтон соғысты қаңтарға дейін аяқтауға асығып отыр. Мәскеу бұрынғы талаптарынан қайтар емес. Ал Киев Еуропаның көмегімен өз мүддесін қорғауға тырысып жатыр. Шетелдік басылымдар АҚШ-тың асығыстығы Зеленскийді Ресейге тиімді келісімге көндіру қаупін күшейткенін жазды.

Украина неге декларациядан тыс қалды?

 Қытайдағы кездесудің әлем назарын аударуы заңды. Өйткені АҚШ, Ресей және Қытай – ядролық қаруы бар, жаһандық қауіпсіздікке тікелей ықпал ететін мемлекеттер. Олардың арасындағы қатынас әлемдік экономиканың да, халықаралық саясаттың да бағытын айқындайды. Ал осы үш мемлекеттің басшыларының бір үстелге отыруы кейінгі жылдардағы геосаяси текетірес жағдайында ерекше оқиға болды. Кездесудің алдында Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтату үшін АҚШ пен Қытай бірлесіп әрекет ете алатынын мәлімдеген. Бұл ұсыныс, ең алдымен, Бейжіңнің Мәскеуге ықпал ету мүмкіндігіне байланысты айтылды. Себебі Батыстың санкцияларына ұшыраған Ресейге Қытай аса маңызды экономикалық серіктеске айналған еді.

Трамп Путинмен де жеке кездесті. Ресей президентін өзінің досы деп атаған АҚШ басшысы келіссөздер арқылы ірі мәселелерді шешуге болатынын бірнеше мәрте қайталады. Алайда үш мемлекет басшысының жабық есік жағдайындағы келіссөзі шамамен 70 минутқа созылып, одан кейін жарияланған құжат көпшілік күткендей болмады. Кездесу барысында Уашингтон, Мәскеу және Бейжің БҰҰ жүйесін реформалау, ядролық қауіп-қатерді азайту, энергетикалық ынтымақтастық және халықаралық соттардың өкілеттігіне қатысты ортақ ұстанымдарын білдірген. Үш ел ядролық соғыста жеңімпаз болмайтынын және мұндай соғысқа жол бермеу қажеттігін айтқан. Бірақ ядролық қаруды қысқартудың нақты көлемі мен мерзімі белгіленген жоқ. Жаңа халықаралық шарт та қабылданбады. Ең қызығы, әлем назарын аударып отырған Украинадағы соғыс қорытынды декларацияда мүлде айтылмады. Үш елдің басшылары кездесуге дейін Украина мәселесін талқылайтынын мәлімдеп, қорытынды құжатқа келгенде неге үнсіз қалды? Мұның себебін тараптардың соғысқа қатысты мүдделерінің бір-бірінен алшақ болуынан іздеуге болады. Трамп соғысты тоқтатып, халықаралық дипломатияда нақты жетістікке қол жеткізуді көздейді. Путин болса, Ресейдің басып алған аумақтарына қатысты талаптарын сақтап, Украина мен Еуропаның қауіпсіздік саясатына ықпал етуге ұмтылады. Қытай халықаралық келіссөздерді қолдайтынын мәлімдегенімен, Ресейге қысым жасау жөнінде нақты міндеттеме қабылдаған жоқ. Осылайша үштік бейбітшілік туралы ортақ мәлімдеме жасағанымен, Украина бойынша ортақ шешім қабылдай алмады.

Қытайдағы кездесуден кейін Дональд Трамп Берлинде жиналған Украина мен Еуропа басшыларына өз ұшағының бортынан телефон соқты. Бұл уақытта Берлинде Украинаны қолдайтын мемлекеттердің "Еріктілер коалициясы" бас қосып жатқан-ды. Жиынға Украина президенті Володимир Зеленский, Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эмманюэль Макрон және басқа да еуропалық басшылар қатысқан. АҚШ атынан президенттің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер келді. Трамп еуропалық әріптестеріне Путиннің соғысты аяқтауға ниетті екенін жеткізіп, Ресей президентінің соғыстан шаршағанын және келісім жасауға дайын екенін айтқан көрінеді. Сонымен бірге Еуропа мемлекеттеріне Украинаға жұмсап отырған миллиардтаған қаражатын өз елдерінің қажетіне пайдалану мүмкіндігін еске салған. Бұл сөздер еуропалық саясаткерлер арасында әртүрлі қабылданды. Төрт жылдан астам уақытқа созылған соғысты тоқтату Еуропа үшін де маңызды. Бірақ Киевке көрсетіліп жатқан әскери көмекті азайту Ресейдің келіссөздегі ұстанымын күшейтуі мүмкін. Мәселе Трамптың бейбітшілікке ұмтылуында емес, оған қандай шартпен қол жететінінде болып отыр. Оның үстіне АҚШ пен Ресей басшыларының саммиттен кейінгі мәлімдемелері бір-біріне томпақ шықты. Трамп Путиннің келісімге дайын екенін айтқанымен, Ресей президенті Қытайдағы баспасөз мәслихатында Украинаға қатысты бұрынғы талаптарынан бас тартқанын мәлімдеген жоқ. Керісінше, Қырым көпіріне жасалған украиналық соққылардан кейін энергетикалық нысандар мен Қара теңіздегі тасымалдарға қатысты шектеулі атысты тоқтату мәселесін қайта қарастырмайтынын айтты.

Фото: Iori Sagisawa/Pool via AP/Трамп, Си және Путин

Ақ үй неге асығыс?

 Кейбір шетелдік ақпарат көздерінің жазуынша, Дональд Трамп әкімшілігі Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісімге келесі жылғы қаңтардың басына дейін қол жеткізгісі келеді. Бұл мерзім кездейсоқ таңдалмаған. АҚШ-та қараша айында өткен аралық сайлау нәтижесінде демократтар Конгрестегі бақылауды қолға алмақ. Жаңа құрам 3 қаңтарда жұмысқа кіріседі. Ал Конгрестегі саяси күштердің арақатынасы өзгерген жағдайда Ақ үйдің Украина мен Ресейге қатысты саясатын жүргізуі күрделене түсуі ықтимал. Демократтар Украинаға әскери және қаржылық көмекті күшейтуге, Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдатуға және Трамп әкімшілігінің сыртқы саяси шешімдерін мұқият бақылауға ұмтылуы мүмкін. Сондықтан Уашингтонның асығыстығын осы саяси оқиғамен байланыстыруға болады.

Ал Киевтегі шенеуніктер Уашингтонның қысымы Украина президенті Володимир Зеленскийді Мәскеудің талаптарына көнуге мәжбүр етуі мүмкін деп алаңдайды. Ресей тарапы әзірге өз ұстанымынан бас тартқан жоқ. Сондықтан Ресей алдағы уақытта Украинаға әуе шабуылдарын күшейту арқылы келіссөздердегі өз позициясын нығайтуды жоспарлап отыр. Бұл Мәскеудің жақын арада бейбіт келісімге келуге асықпайтынын көрсетеді.

Фото: Жас Алаш/Сайын Борбасов

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы: Еуропаның өз мүддесі бар

 Қытайда өткен үшжақты кездесуден айтарлықтай нәтиже шықпады. АҚШ, Ресей және Қытай басшылары әлемдік мәселелерді талқылағанымен, нақты қайшылықтарды шешетін келісім қабылдаған жоқ. Бұл кездесудің саяси астары да бар. Үш держава әлем тағдырын өздері шешетіндей, қалған мемлекеттер, соның ішінде Еуропа елдері олардың шешімімен санасуға тиіс деген ұстанымды байқатты. Алайда қазіргі әлемді үш мемлекеттің өзара келісімімен басқару мүмкін емес. Басқа елдердің де өз мүддесі, өзіндік саяси ұстанымы бар.

Украина мәселесіне келсек, Дональд Трамптың түпкі мақсаты – соғысты мүмкіндігінше тез аяқтау. Ол үшін Украинаның Донбасс пен Қырымға қатысты Ресей талаптарына көнгенін қалайтын сияқты. Бірақ Трамп Украинаны Ресейдің айтқанына толық көндіре алмайды. Өйткені АҚШ-тың өз ішінде де бұған қарсы саяси күштер жеткілікті. Демократтар да, республикашылдардың бір бөлігі де мұндай шешімді қолдамайды. Еуропа мемлекеттерінің ұстанымын да ескеруге мәжбүр. Сондықтан Трамптың әрекет ету мүмкіндігі шектеулі.

Меніңше, Зеленский қазіргі майдан шебі бойында соғысты тоқтатуға келісуі мүмкін. Себебі Украина өте қиын жағдайда тұр. Ресей энергетикалық инфрақұрылымға соққы беруді жалғастыра берсе, елде электр жарығы мен жылу мәселесі күрделене түседі. Мектептердің, балабақшалардың және басқа да әлеуметтік мекемелердің қалыпты жұмыс істеуі қиындайды. Мұндай жағдайда Украина басшылығы халықтың жағдайын да ойлауға мәжбүр. Бірақ атысты қазіргі майдан шебінде тоқтату мен Донбасты Ресейге біржола беру – екі бөлек мәселе. Зеленский екіншісіне келіспейді деп ойлаймын. Ресей басып алған аумақтар уақытша Мәскеудің бақылауында қалуы мүмкін. Алайда Киев оларды өзінің заңды жері деп есептеуін тоқтатпайды. Яғни уақытша бітімге келуге болады, бірақ бұл аумақтардан түпкілікті бас тарту деген сөз емес.

Ал Донбастың орнына Украинаны НАТО-ға қабылдау туралы ұсынысқа Ресейдің келісуі екіталай. Өйткені Мәскеу соғысты бастағанда алға тартқан негізгі талабы – Украинаны демилитаризациялау, НАТО-ға кіруіне жол бермеу еді. Егер Украина альянсқа мүше болса, Ресейдің осы уақытқа дейінгі саяси ұстанымы мәнін жоғалтады. Оның үстіне Украина қазірдің өзінде әскери тұрғыдан айтарлықтай күшейді. Сондықтан Путин мұндай айырбасқа барады деп ойламаймын.

Трамп пен Путин арасындағы экономикалық уағдаластықтар да ел күткендей болмады. Соның ішінде мұнай саласындағы ықтимал келісімдерге қатысты түрлі кедергілер туындады. Екі басшы ірі нәтижелерге қол жеткізетінін айтқанымен, әзірге оны нақты келісімдерден көріп отырған жоқпыз. Бұл олардың саяси беделіне де әсер етпей қоймайды.

Енді алдағы келіссөздерге Еуропаның бес мемлекеті қатысуы мүмкін екені айтылып жатыр. Бірақ олардың Украина пайдасына шешуші ықпал ете алатынына күмәнім бар. Себебі Еуропаның өз саясатында да қайшылық көп. Мәселен, экономикалық мәліметтердің бірінде Батыс елдері Украинаға шамамен 231 млрд еуро көмек көрсеткені, ал осы кезеңде Еуропаның Ресейден 233 млрд еуроға мұнай мен газ сатып алғаны айтылды. Еуропа, бір жағынан, Украинаға қаржы мен қару-жарақ берсе, екінші жағынан, Ресейдің энергетикалық өнімдерін сатып алу арқылы оның экономикасына ақша құйып отыр. Меніңше, Батыс мемлекеттерінің бұл соғыста өзіндік стратегиялық мүдделері бар.

Фото JasAlash / ЖИ/Путин, Трамп, Зеленский

Украина екі оттың ортасында тұр

Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерде тағы бір маңызды мәселе пайда болды. Уашингтонда қазір бейбіт келісімнің екі түрлі сценарийі қарастырылып жатыр. Бірінде Украина жерден бас тартып, НАТО-ға мүшелікке өтуі қарастырылса, екіншісінде қазіргі майдан шебін сақтай отырып, соғысты тоқтатуды көздейді.

Бұл ұсыныстардың саяси салмағы әртүрлі. Бірінші нұсқа – Украина үшін күрделі таңдау. Киев Донбастағы бақылауындағы аумақтарынан бас тартқан жағдайда, оның қайтарымына ұсынылмақ НАТО мүшелігі іс жүзінде жүзеге аса ма? Өйткені альянсқа жаңа мемлекетті қабылдау тек Уашингтонның шешіміне байланысты емес. Ол үшін ұйымға мүше барлық елдің келісімі керек. Демек, Украина өз жерінің бір бөлігінен бас тартып, оның орнына жүзеге асуы әлі белгісіз саяси уәдеге алданып қалуы мүмкін.

Екінші сценарийдің де осал тұстары бар. Майдан шебі бойында атысты тоқтату адам шығынын азайтып, соғыстың белсенді кезеңін аяқтауға мүмкіндік беруі мүмкін. Бірақ әскери қимылдардың тоқтауы аумақтық даудың шешілгенін білдірмейді. Ресей басып алған жерлер бұрынғыша Мәскеудің бақылауында қалуы мүмкін. Ал Украина ол жерді заң жүзінде Ресей аумағы ретінде мойындамайды. Мұндай жағдайда соғыс тоқтағанымен, қақтығыс жалғаса бермек.

Уашингтонның бұл ұсыныстары бейбітшілікке қол жеткізудің жолын іздестірумен қатар, келіссөздердің қаншалықты күрделі екенін де көрсетеді. Оның үстіне Ресейдің Украинаны НАТО құрамында көргісі келмейтіні белгілі. Сондықтан Донбасс пен альянс мүшелігін өзара айырбастау туралы ұсыныстың Мәскеу тарапынан қабылданатынына ешқандай кепілдік жоқ. Басқаша айтқанда, АҚШ соғысты тоқтатудың бірнеше жолын қарастырғанымен, олардың қайсысы іс жүзінде орындалатыны белгісіз. Ал Украина үшін мәселе – қандай ұсыныстың тезірек келісімге жеткізетінінде ғана емес, оның қайсысы елдің ұзақ мерзімді қауіпсіздігін 

 

Сайт Әкімшілігі