Сараптама

"Атажұрттан қусаң да кетпеймін!" Пилоттық жоба қандастардың қалай "қанын ішті"?

"…Қара басың қанды сайда қалса да – Емшектегі баланы ел шетіне іліктір!" Т. Ешенұлы.

Фото JasAlash коллаж / ЖИ

Ақын Талғат Ешенұлы "Бауырға хат" өлеңінде шекараның арғы жағындағы ағайынға осылай деп үн қатқан еді. Атажұртқа жетуді аңсаған қаншама қазақ осы арманмен өмір сүрді. Мал-мүлкін сатып, атақонысынан аттанып, бар үмітін тәуелсіз Қазақстанға артты. Алайда бүгінде емшектегі баласын ел шетіне жеткізген сол қандастарымыздың кейбірі маңдайы тасқа соғылғандай күйде. Қазақша таза сөйлегенімен, кирилл әліпбиін білмегені үшін сынақтан өте алмай, тарихи Отанынан қайта кету талабына тап болғандар аз емес. Бірі көз жасын көл қылып, енді бірі президентке үндеу жолдап, атажұртта қалудың амалын таппай дал. Бір сөзбен айтқанда, қандастар мәселесі ушығып тұр. Әлеуметтік желіде елден қажетті құжатын ала алмай қайта көшкен қазақтардың видеосы, тіпті ҚАЗТЕСТ-тен өте алмай зар еңіреген 70 жастағы кейуананың жағдайы қоғамды бейжай қалдырмады.

 Елге келген қазақтардың тап болған мәселесі мынау: биыл жыл басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктері көші-қон саласына қатысты бірлескен пилоттық жобаны енгізді. Жаңа тәртіп бойынша қандастарға қазақ тілінен сынақ тапсыру, электронды сауалнамадан өту, арнайы балдық жүйе бойынша бағалану секілді талаптар қойылды. Жыл соңына дейін жалғасатын пилоттық жоба қандастардың "қанын ішіп" бітті.

Гүлзира БАҚЫТЖАН отбасымен бірге. Фото Гүлзира БАҚЫТЖАН/Гүлзира БАҚЫТЖАН

"Қытайға қайтпаймын!"

  Гүлзира БАҚЫТЖАН Қазақстанға 2025 жылдың қыркүйегінде көшіп келген. Биыл қаңтар айында Павлодар облысына қоныстанған. Бір жылдық визасы болған. Визасының мерзімі аяқталуға жақындағанда көші-қон қызметіне барып, екі баласының мектепте оқып жатқанын айтып, визасын ұзартуды сұраған. Бірақ көші-қон қызметкерлері оған ҚАЗТЕСТ-тен өтуі керек екенін айтқан. Г.Бақытжан тестті үш рет тапсырып, үшеуінде де өте алмаған. Себебі кирилл әліпбиін жақсы білмейді.

"11 қараша күні мені шақыртты. Екі ай бойы визасыз жүріп, заң бұзған екенмін. Айыппұл салды. Екі баламның барын ескеріп, айыппұлды 30 пайызға жеңілдетті. Шамамен 75 мың теңге төледім. Сотта да екі баламның мектепте оқитынын айтып, Қазақстанда қалуыма мүмкіндік беруді сұрадым. Бірақ маған шығу визасын рәсімдеп, Қытайға қайтуды міндеттеді. Содан көші-қон қызметіне тағы бардым. "Балаларым осында оқып жатыр. Мен Қытайға қайтпаймын. Біз өз елімізге көшіп келдік. Қытайдағы үйімізді сатып кеткенбіз. Ол жақта баспанамыз жоқ. Балаларымды Қытайдағы мектеп қабылдамайды" дедім. Бірақ олар менің заң бұзғанымды айтып, шығу визасын рәсімдеу үшін ақша төлеп келуімді талап етті. "Төлейтін ақшам жоқ" дедім. Егер шығу визасымен кетпесем, 15 күннен кейін заң бойынша елден күштеп шығаруға тура келетінін ескертті. Мен өз елімнен, өз жерімнен кетпейтінімді айттым", – дейді Гүлзира Бақытжан.

Қандастың айтуынша, сот шешіміне он күн ішінде шағымдануға мүмкіндігі болған. Алайда адвокат жалдау туралы сұрағанында, оған қорғаушының қажеті жоқ екенін айтқан. Содан амалсыз әлеуметтік желіге шығып, президенттен көмек сұраған. Видео жарияланғаннан кейін Павлодар облысының көші-қон қызметі Гүлзираны қайта шақыртып, үш айлық виза рәсімдеп беруге уәде еткен көрінеді. Алайда екі күннен кейін бұл уәдеден айнып қалған.

"18 қараша күні бардым. Сол жерде бір қызметкер: "Мен ешкімге виза ашпағанмын. Сізге үш айлық виза ашып беремін. Екеуміз келісіп алайық, сіз ешкімге айтпаңыз" деді. Оның осы айтқан сөздерін телефоныма жазып алған едім. 20 қараша күні құжаттарымды дайындап келуімді, тіпті күйеуіме де виза ашып беретінін айтты. Қуанып, үйге қайттым. Бірақ 20 қараша күні барғанымда ол кісі сөзінен тайды. Күйеуімнің де визасы 9 қарашада аяқталғанын айтып, Успен ауданына барып, сотқа қатысып, айыппұл төлеп, шығу визасымен не Қытайға, не Ресейге өтуіміз керек екенін айтты. Сөйтіп, маған да, күйеуіме де, балаларыма да виза рәсімделмеді", – дейді ол.

"Телефоным өшіп, әлеуметтік желіге кіре алмай қалдым"

Гүлзираның отбасы қазір туыстарының үйінде тұрып жатыр. Күйеуі визасы бар кезде әртүрлі жұмыс істеп, отбасын асыраған. Қазақстан азаматтығы мен ықтиярхаты болмағандықтан, тұрақты жұмысқа орналаса алмаған. Енді визасының мерзімі аяқталып, күндік жұмысқа да шыға алмай қалған. Ерлі-зайыптының екеуі де жұмыссыз.

 "Біз – қазақпыз, өз еліміз, өз жеріміз деп келдік. Көші-қон қызметкерлеріне де осыны айттым: "Сүйреп шығарамын десеңіз де, мен шықпаймын. Алсаңыз, басымды осы жерде алыңыз. Мен өз елімнен ешқайда кетпеймін!" дедім. Қолымда қандас куәлігім бар. Үкіметтің көшіп келуге берген қаражатын да алдым. Енді осы елде тұрғым келеді. Биліктен сұрайтыным – осы пилоттық жобаны алып тастаса екен. Біз қазір осы пилоттық жобаның құрбанына айналдық. Мен сияқты жағдайға тап болған қандастар өте көп. Басқаларға да жағдайын ашық айтып, ашық жариялауды ұсынамын. Бірақ олар қорқады", – дейді Гүлзира.

Ол 20 қараша күні көші-қон қызметінен шыққаннан кейін телефонының кенеттен сөніп қалғанын айтады. Салдарынан WhatsApp пен TikTok желілеріндегі мәліметтері, сондай-ақ көші-қон қызметкерлерінің айтқан сөздерін жазып алған жазбалары жоғалып кеткен. Бұрынғы TikTok аккаунтына да кіре алмай қалған. Алайда мұның неден болғаны белгісіз.

 "Қазір үйде отырмыз. Не істерімізді білмейміз. Журналистерден, телеарналардан көмек сұраймын. Біздің жағдайымызды ел басшылығына жеткізсе екен деймін. Біз өзге елге емес, өз елімізге, атамекенімізге көшіп келдік. Осында қалғымыз келеді", – дейді Гүлзира Бақытжан.

Фото Жаслан Мәдиевтің Instagram парақшасынан алынды/Жаслан Мәдиев пен Александр Машрабов

Қалталыға – төлқұжат, қандасқа – ҚАЗТЕСТ

Қандастар Қазақстанда қалу үшін биліктен көмек сұрап жүргенде, Үкімет шетелдік кәсіпкерлердің Қазақстан азаматтығын алғанын сүйіншілеп жүр. Мысалы, биыл 6 қарашада вице-премьер – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ресейлік кәсіпкер, Higgsfield компаниясының негізін қалаушылардың бірі Александр Машрабовқа Қазақстанның төлқұжатын өз қолымен табыстап, елде тағы бір миллиардер пайда болғанын айтып мақтанды. Бір қызығы, Мәдиев басқаратын ведомство – бүгінде қандастардың наразылығын тудырған пилоттық жобаны енгізген үш министрліктің бірі. 24 қарашада Үкімет брифингінде Мәдиев ресейлік кәсіпкерге арнайы жеңілдік берілмегенін мәлімдеді. Алайда оның азаматтық алу барысында қандай рәсімдерден өткені, қазақ тілінен сынақ тапсырған-тапсырмағаны туралы нақты айтпады.

Әрине, ел экономикасына үлес қосатын, жаңа технологияларды дамытатын шетелдік кәсіпкерлерді Қазақстанға тартудың еш сөкеттігі жоқ. Бірақ шетелдік миллиардерді елге тартуға мүдделі мемлекет атажұртына өз еркімен көшіп келген қазақтың осында қалуына неге мүдделі емес? Біріне министрдің өзі төлқұжат табыстап, сүйінші сұраса, екіншісі елде қалу үшін сот жағалап, айыппұл төлеп, еңірегенде етегі жасқа толып жүр.

Үкіметтің түсіндіруінше, ҚАЗТЕСТ Қазақстанға көшіп келген адамның мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау үшін қажет. Бірақ ана тілінде, яғни қазақ тілінде еркін сөйлейтін қандастың қазақ тілін білетінін дәлелдеуі қаншалықты қисынды? Оның үстіне қазақша сөйлеу қабілетін бағаламай, кирилл әліпбиімен жазылған мәтінді оқыту арқылы адамның тіл білу деңгейін анықтау қаншалықты әділетті? Ана тілін шекара сыртында жүріп сақтаған қазақтың атажұртына келгенде өз тілін білетінін дәлелдей алмайтындай талап қойғандардың ісін қалай бағалауға болады? Бұл Үкіметке қол жаймай-ақ, бала-шағасының болашағын ойлағаннан өз күшімен шекара асып, атажұртына келген қандастарды кері қуу үшін әдейі жасалған әрекет емес пе?       

Тұрсынбек БАШАР

Сайт Әкімшілігі