Bloomberg: Трамп Зеленскийге Мәскеуге барып, Путинмен кездесуді ұсынған
АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийге Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз өткізуді ұсынған.
Бұл туралы Bloomberg дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады. Алайда Украина президентінің кеңсесі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Bloomberg мәліметінше, Трамп бұл ұсынысты 22 қыркүйекте Нью-Йоркте өткен кездесу кезінде айтқан. Әңгіме Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған ықтимал келіссөз туралы болған.
Агенттік дереккөздері Зеленскийдің Мәскеуге барудан бас тартқанын жазды. Bloomberg Ақ үйден түсініктеме сұрағанымен, материал жарияланған сәтте жауап алмаған.
Алайда Украина президентінің кеңсесі Bloomberg таратқан мәліметті жоққа шығарды.
"Бұл – шындыққа жанаспайтын ақпарат", – деді Украина президентінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Дмитрий Литвин.
Украина тарапының мәліметінше, Трамп пен Зеленский кездесу барысында АҚШ, Украина және Ресей өкілдері қатысатын үшжақты келіссөз өткізу мүмкіндігін талқылаған. Бірақ Зеленскийдің Мәскеуге барып, Путинмен кездесуіне қатысты ұсыныс айтылмаған.
Осылайша, әзірге Трамптың Зеленскийге Мәскеуге баруды ұсынғаны жөніндегі ақпаратты Bloomberg дереккөздеріне сүйеніп хабарлап отыр, ал Киев оны ресми түрде жоққа шығарды.