Сараптама

Қала мен Ауылдың айтысы

Сайтанның ісі ғой, отау құрғандарына отыз жылдан асқанда, Ауыл мен Қаланың арасына жік түсіпті.

Фото : Ғалым Смағұлүлының карикаурасы

 Ауыл – ту бие сойып, табан қазыны кертіп жейтін көшпендінің баласы, ал Қала – аяқ артар мінісі болмаған соң, бұлақ басынан егін салып, күн көрген отырықшының қызы екен. Бірақ махаббатқа дауа бар ма, Ауыл ер-тұрманы күмістелген керқұласын ойнақтатып жетіп келгенде, етегімен дән теріп жүрген Қала жалаң аяқ, жалаң бас артына қарғып мінген екен деседі.

Аңыз ба, ақиқат па, кім білсін, сондағы тойды суреттегендердің сілекейі әлі күнге дейін шұбырады. Арқыраған асау өзеннің жағасына алты мың ақ боз үй тіктірген Дала құдасы Жатақты төріне оздырып, отыз күн ойын қылыпты. Мұндайды өңі түгілі түсінде көрмеген қалыңдық сол тұста сәл-пәл қымсынғандай түр байқатса керек. Оның жөнін келін алған жұрт сәл кейінірек түсініпті. Өйткені құдасына есік пен төрдей боз ат мінгізіп, алдына бес үйір жылқы, он отар қой салған Дала енді қонақтарын шығарып салуға бекінеді ғой. Сол кезде Жатақ әлдене айтқысы келгендей жалтақтай берсе керек.

–Айт, құда. Іркілме, – депті Дала. Жанарымен жер шұқығандай болған Жатақ сонда: – Құдеке, біздің де сіздерге әкелген сый-сияпатымыз бар еді…

Мұны естіген асаба "Құданың тартуын әкеліңдер, Құданың тартуын кіргізіңдер!" деп айғай салыпты. Сәлден кейін қара тірсек екі жігіт екі жағынан көтеріп, жарты қап бидайды ортаға әкеліп қойыпты да, дереу теріс айналып, сыртқа шығып кетіпті. Әйелдер бетін шымшып, еркектер бір-бірінің бетіне қарапты. "Атқа беретін дәнді атамызға әкелгені несі?", "Жарымағанмен құда болсаң, осы" деп келін-кепшік күбір-сыбырға көшіпті.

Даналығы ғой, ыңғайсыздау жағдайды Даланың өзі түзетіп, құдасын арқадан қағып тұрып, былай депті: – Жатағым, сенің ниет-пейіліңе разымын! Ұққан адамға, сенің сыйлығың менің құрметімнен мың есе жоғары. Себебі мен үйде отырып, алдыңа мал салдым, ал сен осы жарты қап бидайды сонша жерден жаяу арқалап келдің. Сондықтан бұл құрметің ескерусіз қалмауы керек.  Қалауыңды айт!

– Ойбай, керек емес. Бәрі бар… жетеді… рақмет!

Осы сәтте айласы бір басынан асып-жығылатын Шахар құдағи "Алла разы болсын, құда" деп сөз алыпты. – Жатақ құдаңыздың жасықтау екені рас. Сондықтан бұл сөзді мен айтпасам, кім айтады?! Қала – бетіне күн тигізбей өсірген жалғыз перзентіміз еді, оны да сіздерге бердік, мінеки. Құдаңыздың алдына мал салып жатырсыз, рақмет, бірақ мал бала болмайды, оны да білесіз. Ұсынысым – алты мың ақ боз үйді қайта жыққызып, қайтесіз, Қаланың отауы болып қала берсін. Ауыл да жалғыз балаңыз екен, бұйырса екеуінен рулы ел тарар, алты мың үйдің іші абыр-сабыр болып жататын күн де туар. Менікі – сіздің ұрпақтың қамы ғой. Әйтпесе қыздың қолына қарайын деген ойым жоқ, құдайға шүкір, өзіміздің де тіршілігіміз бар…

Міне, бұл баяғы той-томалақтың тұсындағы, екі жастың лапылдап тұрған кезіндегі әңгіме. Сондағы Шахар құдағидың тура келген бір сөзі – Ауыл мен Қаладан Аудан деген жалғыз бала тарапты. Ұқсамасаң тумағыр, Ауданның бір жері – әкесіне, енді бір жері – шешесіне ұқсайтын болса керек.

Құда-құдағиының бар арман-тілегін орындаған Дала қарт "жалғыз немерем нағашыларына тартыпты", болмаса "келінімнің кіндігі тартық екен" деп кесірленбепті. "Еее, өзім де атадан біреу ем, тағдырдың жазуы осы шығар, бұған да тәубе" депті де қойыпты.

Одан бері қанша заман өткені белгісіз, келе-келе Қаладан қылық шығады ғой. Баяғы егіншінің қызы енді күйеуінің бар тапқанын үстіне жапсыратын еркетотай әйелге айналыпты. Көйлегінен шұлығына дейін ең қымбат материалдардан арнайы дизайнерге тіктіреді екен. MonAmie-мен сыланып, iPhone-мен тілдеседі. Алтын жүзік, гауһар сырға, сирек кездесетін металдармен көмкерілген сәндік бұйымдар. Әрі олардың есебі жоқ. Ай сайын жаңарып, күн сайын өзгереді. Ал ақша жетіспей қалғанда, міндетті түрде ұрыс шығады. Ұрыстың шығуы оңай ғой, мысалы, Ауыл шұбат ішсе, Қала сhivas ішеді. Әркімнің әрнәрсе ішкенінде тұрған ештеңе жоқ шығар, бірақ шұбаттың литрі – 2 мың, сhivas-тің литрі – 20 мың теңге. Осыған күйінген Ауыл бір күні "Ана тоңазытқышты аш" депті әйеліне. Ашса, іші сықаған азық-түлік екен.

–  Бұл қайдан келді, депті отағасы.

–  Мамам әкелді.

–  Мамаң оны қайдан алыпты?

–  Дүкеннен алды.

–  Қай дүкеннен алды?

–   "Ауылдан".

–   Әне, көрдің бе, бәрі ауылдан келеді. Аруағыңнан айналайын ата-бабамның ырызғысы бүкіл халықты асырап отыр. Сені де жан бақтырып отырған – мен! Сондықтан тұштаңдамай тыныш жүр, бекерге таяқ жейсің!

– Пішту, депті Қала. – Ата-бабам, ата-бабам дейді ғой, сонда сенің ата-бабаң – ата-баба да, менің ата-бабам саған мал-қора ма? Тіліңді тартып сөйле! Біле-білсең, мыңдаған жұрт мамыражай күн кешіп жатқан осы құтты қоныстың іргесін шилібұлақтың түбінен менің әкем қалаған.

– Атаңның басы! Сен маған тимегенде, әкеңнен тараған ұрпақ шилібұлақта әлі кетпен шауып жүрер едіңдер. "Кедейдің алдына кебек қойса…" дегеннің керін келтірме. Қайтер екен десе, қара мұны!

Осы жерге келгенде Қаланың қаны басына шапқаны сонша, екі көзі қанталап кетсе керек. Байына албасты көргендей, аз қарап тұрыпты да: "Атың – жаман, аузың – сасық" депті. Басқаны күтсе де, әйелінен мұндайды күтпеген Ауыл жан-жағын қарманып, қолына әлдене түссе, ұрып жіберетіндей түр көрсетіпті. Бірақ қорқатын әйел қайда?!

–  Аузымды қышытқан өзің, әкең Даладан далиған даладан басқа не қалды? Жұртына бар да, жылқының тезегін же! Менің қалың малыма келген әкеңнің құрым киіз үйлері – қазір көпқабатты нысандарға өзгерді, бүкіл қоғамның ордасына айналды. Мұндай халге жеткізген – мен, менің пысықтығым, көркейткен өзім. Қызықтың бәрі осында, жақсының бәрі осы жерде. Мыңдаған жұрттың басын біріктірген бұл қастерлі мекенді ел менің атыммен "қала" деп атайды. Ал сен байғұс баяғы заманда әлі жүрсің. Жүр, солай… Жоқ, жүрме. Киіміңді жина да, кет! Мен сенімен ажырасам!

– Кетсем, кетем, қатынсыз қалсам да, енді көрмегенім сен бол!

Орнынан тұрған Ауыл "Нан мен ет, сүт пен май даладан келмегенде, аспаннан түсе ме? Мен саған тас жегізем, көресің" дейін деп бір тұрыпты да, "мұны сөзбен емес, іспен көрсеткенім дұрыс шығар" деп сыртқа беттепті…

Міне, осы кезде Құданың құдіреті, екеуінің құлағына тылсымнан бір дыбыс жетіп, былай деген көрінеді: "Ауыл – халқымыздың алтын бесігі дейміз. Расында, бұл – дұрыс. Бірақ қазір соны қайталап айта берудің қажеті бар ма? Бұгінде өмірдің қызығы – қалада. Бұл да – шындық. Сондықтан алдымызда тұрған өзекті міндет – қала өркениетін дәріптеуіміз керек".

Енді ажырасқалы тұрған Ауыл мен Қала бір-бірінің бетіне қарапты. Жаңағындай емес, сәл сабыр танытып, тылсымнан жеткен дауыстың айтпағын өз іштерінде саралапты. Негізі Төле бидің кесіміндей, тура сөзге ұқсай ма, қалай?  Әйтеуір, соңғы жағы Қаланың құлағына жағады. Күйеуі соны мойындаса ғана, мойнына асылып, үйге кіргізіп алуға даяр.

 Ал енді осы бір өліара шақта Ауыл не ойлады дейсіз ғой, айтайық. – Әттең, – депті Ауыл ішінен, "Жаратқан ием басын әдемі-ақ бастап еді, соң жағын сәл сұйылтыңқырап жіберді. Негізі бұлай болуы мүмкін емес-тұғын. Соған қарағанда, періштелер жолдан сәл түзетіп жіберген сияқты. Мейлі ғой, құрсын, қатынның сөзі – ол жақта сөз болса, қайтеміз енді?!".

Аңыз-әпсанаға жақындау әңгіменің аяғы немен біткені туралы дерек еш жерде кездеспейді. Соған қарағанда, ерлі-зайыпты ортақ мәмілеге келген шығар деп болжаймыз.

Сансызбай НҰРБАБА    

Сайт Әкімшілігі