Кейіпкер

Ринат Зайытов, экс-депутат: Үш жылда кімнің кім екенін түсіндім

Дүйім жұртқа айтыскер ақын ретінде танылған Ринат Зайытов депутат болған тұста халықтың сөзін сөйледі ме?

Фото ашық дереккөз

Айтыс сахнасында ащы шындықты тайсалмай айтатын ақын Парламент мінберінде өткір мәселелерді ашық көтерді ме? Сахнадағы сөз бен Парламенттегі сөздің салмағы қандай? Үш жылдық саяси тәжірибе ақынның көзқарасын қалай өзгертті? Біз осы сауалдарды айтыскер ақын, мәжілістің VIII шақырылым депутаты Ринат Зайытовтың өзіне қойдық.    

"Мен үшін өліңдер!" деп айта алмаймын"

– Ринат, саясатқа алғашқы жасаған қадамыңыз бен әрекеттеріңіз көпшіліктің көз алдында. Сол 2019 жыл сіздің өміріңіздегі үлкен бетбұрыстардың бірі болды. Сол кезеңдегі таңдауыңыз бүгінгі көзқарас тұрғысынан дұрыс бағытқа бастады деп ойлайсыз ба?

– Оның қазір не қызығы бар? Сосын жұрт "Мынау мылжың басқа нәрсе айтпай ма?" дейді ғой. Бәрін біліп тұрсың ғой. Кезінде айтылды да. Жалпы, өзім саясатқа келетін адам емес едім ғой. Келгім де, депутат болғым да келген жоқ.   

Фото ашық дереккөз/Ринат Зайытов

– Сонда қалай келдіңіз? Ешкім қолқалап,  мәжбүрлемеген болар… 

– Мәжбүрлеу дегенді қалай түсінуге болады? Мысалы, сен әлдебір нәрсені қалай түсіндірсең де, оны ешкім түсінгісі келмесе, сол бір нәрсе үнемі алдыңнан шыға берсе, еріксіз "осыны істеу керек" дейсің еріксіз. Біздің қоғам қабылдағысы келмей ме, әлде өздері қалай қабылдағысы келеді, солай ете ме? Енді әр адам үшін жауап бере алмаймын. Жалпы, саясатқа келуге сол себеп болды. Әйтпесе, театрда тым жақсы жұмыс істеп жүрдім. Өзіме жұмысым ұнайтын.

 – Дегенмен өткенге сәл шегініс жасайықшы. 2019 жылы 10 маусымда сізді ұстап, Алматы қалалық полиция департаментіне жеткізгенде жүздеген адам жиналып, босатуды талап етті. Жағдай ушығып бара жатқан соң, халықтың талабы орындалды. Сонда полиция көлігінің төбесіне шығып: "Мені ұрған жоқ, бәрі жақсы, үйлеріңізге қайтыңыздар, арандатуға ермеңіздер", – деп тарауға шақырғаныңыз есте. Дегенмен сол кезде қандай да бір қысым жасалды ма, әлде біз білмейтін басқа да жайттар болды ма?

– Маған "тыныш жүр" деп айта алмайды. Себебі менің мінезімді жақсы біледі. Ол жерде мені де, басқаны да тоқтататын бір-ақ нәрсе. Сайлаудан бір күн бұрын студент жастарды жатақханаға қамап тастағанда біз бардық. Мені қаншалықты батыр десе де, біреудің баласының қанын мойныма алмаймын. Содан кейін "Мен үшін өліңдер!" деп айта алмаймын ғой, халықты барынша тыныштандыруға тырыстым. Тіпті жастардың Қосанов үшін арандап қалуын қалаған жоқпын. Ел-жұртты оған сендірген бірегей адам мен едім. Оны кім танитын еді? Біз екеуміз келіскенбіз. Ол ант еткен. Бірақ ант етті де, өзі қаңқ етті. Мен оның сенімді өкілі болған жоқпын, тек бақылаушы болдым. Дос Көшімнің "Ұлт тағдыры" ұйымы атынан "бақылаушы" деген тілдей қағаз берілді. Ең қызығы, мау­сымның 10-ы күні түнгі 12 жарымда штабқа полиция келгенде сол Дос Көшім: "Біз оларды танымаймыз. Олар біздің ұйымның мүшесі емес", – деп, көзді бақырайтып, лақтырып кетті. Бұл – болған факт. Бірақ мұның бәрін өзімнің ақымақтығымнан көрдім де, әрі қарай астарын зерттеген жоқпын.  

– Дегенмен ақын ретінде сізді ел-жұрт жақсы таныды, сөзіңізге сенім артты. Тіпті бір сөзіңізде "Партия құрамын" деп те айтыпсыз. Бұл сол сәттегі көңіл күйдің әсері ме, әлде қоғамға сырт­тай сын айтып қана қоймай, саяси ортаға араласуға бекіндіңіз бе?

– Өтірік айтпаңыз! "Партия құрамын" деген жоқпын. Енді қолдан келген барлық әрекетті істеп көру туралы айтасың ғой. Билікке келудің негізгі ресурсы қандай? Бірінші, партия арқылы келесің. 2019 жылы бір мандатты сайлау деген жоқ болатын. Ал соны контекстен жұлып алып, құдды мені 2019 жылда отырып, "ертеңгі күні партия құрамын, басқа ештеңе істемеймін" дегенге әкеп тірейді көбі. Бұл да қате. Жалпы, партия құрғысы келетін адамның екі нәрсесі болуы керек. Әскері және ақшасы. Екеуі де жоқ болса, қалғанының бәрі бос әуре. 
Ашығын айтайын, сайлауға әдейі бір мандаттықтан түсіп, "өтпей қалсам" деп ойлағанмын. Сөйтіп, тып-тыныш театрдағы жұмысымды жалғастыра берсем дегенмін. Ал халық бірдеңе десе, "Ағайын, міне мен келдім, бірақ өтпей қалдым" деп құтыламын деп түйдім. Сайлаудың әділетсіз өтетіні бесенеден белгілі ғой. Менің пайымымша, әу баста мені шулатып жібере ме деп қорыққан шығар. Бірақ бір жылдай бұрын "Алатау" театрымен Астанаға барғанда Ерлан Қошановпен кездесіп, танысып кеткенмін. Сол кезде бір-бірімізді жақсы түсіністік. Бәлкім, партия тізіміне содан кейін де кірген шығармын. "Жұмыс істеуге болады екен" деді ме, мені "Аманат" партиясына шақырды. "Біздің партияның ұстанымы осындай. Өзгеріс енгізіп жатырмыз. Соған қатысқың келе ме?", – деді. "Өзгеріс жасауға талпынсақ, қуана-қуана қатысамын", – дедім. 

Маған біреудің тарапынан мәжбүрлеу болған жоқ. Оны қалай түсіндіруге болады екен? Қазіргі кезде "кибербуллинг" деген сөз бар ғой. Меніңше, соның бір түрі сияқты. Келісім бо­йынша, барымды салам дедім, салдым. Баратын жеріне дейін бардым. Оған ешқандай өкініш жоқ.  

– Кибербуллинг деген цифрлық технологияларды пайдалана отырып, қорқыту, кемсіту, қудалау ғой…

– Менде ондай болған жоқ па не? Буллинг – аты-жөні бар белгілі бір адамның тарапынан жасалады. Ал тұтас қоғамның атынан болса, оны қалай айтады? Соны жеткізе алмай отырмын. 

"Жалғыз өзім қарсы дауыс берген сәттер де болды"

– Сонымен, депутат болдыңыз. Әу баста Парламентке барғанда "Халықтың аманатын арқалап келдім" дедіңіз. Үш жыл ішінде осы ұстанымнан таймай, сол үдеден шыға алдыңыз ба? Әлде, ақынның өткір сөзі мен депутаттың нақты мүмкіндігінің арасы алшақ екенін түсіндіңіз бе?

– Депутаттық сауал жолдамастан бұрын жан-жағыңды ойлап аласың. Басында бәрімізде эйфория болды. Келе салып, "бәрін түзетіп жібереміз" дедік. Содан бір-екі мәрте шекемізге тигеннен кейін, біз де қуланып, олар сылтауратып, өтірік жауап беріп, қашып кетпейтіндей әрекетке көштік. Яғни орындалуы мүмкін, өзіміз шешімін табуға көмектесетін жайттарды көтердік. 

Ал енді бағаны атқарған жұмысым бойынша берейін бе, әлде ұстанған позицияма байланысты ма? Мен халықтың үмітін барынша ақтадым деп ойлаймын. Себебі осы уақытқа дейінгі болмаған ашықтық мәжілістің VIII шақырылымында болды. Қарапайым тілмен айтсақ, саяси тұтқындар туралы бұрын-соңды сөз болмаған еді. Ал бұл біздің шақырылымда айтылды. Бұл – бір. 

Екіншіден, VIII шақырылымнан бастап тікелей эфирде халықпен байланысып отырамыз дедік. Әрбір жиналысты тікелей эфирге шығардық. Әрине, оның сәтсіздігі – көрермен тарапынан назар болмауы мүмкін. Егер сол кезде қоғам іліп әкетіп, реакция танытқанда мәжілістегі бірқатар заңның басқаша жазылуына әсер ететін бе еді. Бірақ ойлап көріңіз, YouTube-тағы тікелей эфирде өтіп жатқан мемлекеттің тағдыры шешіліп жатқан отырысты әрі кетсе қырық адам ғана көреді. Оның ішінде 98 депутаттың отбасы да жоқ. Міне, біздің қоғамның көзқарасы. Ал ұстанымға келсек, қайсыбір жерде позициямнан тайқып кеткен жерім болса, оны кез келген адам бетіме бассын. Үш жылдағы жұмысымды әріптестерім де, журналистер де біледі. Тіпті кейде жалғыз өзім қарсы дауыс берген сәттер де болды. Мемлекетке, қоғамға кері әсерін тигізуі мүмкін заң болса, соған күмән туса, оған қарсы тұруға тырыстым.

Парламент мәжілісіне келе салып, айналысқан мәселенің бірі – ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) Ұлттық тестілеу орталығына, яғни мемлекеттің құзыретіне қайтару. Тестілеу процесіне жекеменшік компанияның араласуына қарсы шықтым. Мұны депутаттық сауалда көрсеткішпен дәлелдеп бердім. Мәселен, 2019 жылы Ұлттық тестілеу орталығының шотынан 46 млн теңгеден астам қаражат  U-FUTURE компаниясына бағдарламаны қамтамасыз ету үшін тікелей бір көзден берілген. Бірақ қаражатқа сай бағдарламалық қызмет көрсетілмеген. Екіншісі, 15 жыл бойы сараптамадан өткен, мыңдаған оқытушылардың еңбегімен жасалған, кемінде жүздеген миллион теңге тұратын Ұлттық тестілеу орталығына тиесілі 21 мыңға жуық тест сұрақтары мен тапсырмалары өтеусіз негізде U-FUTURE  ұйымына тегін берілген. Үшіншіден, тест сұрақтары мен тапсырмаларының қауіпсіздігі, яғни құпиялылығы сақталмаған. Бұл түйткіл бойынша жанымнан қолдау­шы тапқан жоқпын. Қолдаған адам – министр Саясат Нұрбек қана болды. Бір жыл бойы қыр соңынан қалмай, екеуміз қайта-қайта кездесіп, әлгі компаниямен келісімшарт бұзылып, ҰБТ Ұлттық тестілеу орталығына өтті. Одан шыққан нәтиже қандай? Соңғы екі жылда "ҰБТ-дан өтпей қалдым" деген бала көрген жоқпын. ҰБТ – әр ұрпақтың болашағы. Осы жете ме, тағы мақтанайын ба? 

Одан бөлек мәдениет қызметкерлерінің шағымы мен талабы көп болды. Бізде "Мәдениет қызметкерлері" деген мәртебе жоқ. Ойлаңызшы, жедел жәрдем көлігі жүргізушісінде мәртебе бар, ал ұлттың руханиятына қызмет етіп жүргендерде ондай мәртебе жоқ. Міне, осы бойынша Аида Ғалымқызымен кеңесіп, ақырындап жұмысты бастап, "осыны ретке келтіріп кетеміз бе?" деген едік. Қазір министрлікке Арман Оразбайұлы келді, бәлкім, қолға алар, "үмітсіз – шайтан" дейді ғой.     

Ол ол ма, А.Жұбанов атындағы дарынды балалар интернатына қатысты ұсақ-түйек түйткілден бастап, "Маған атақ жетпей қалды, неге бермейді?!" деген мәселеге дейін шешуге тырыстық. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының қосымша репертуарына 50 млн теңге бөлгізіп беруге ықпалым тиді. Ең алдымен олардың жалақысын өсіруге атсалыстым. Мұны 25 пайыздан төрт кезеңге бөлгізіп, төрт жылда 100 пайызға көтеретін болғанбыз. Бірақ "мемлекетте ақша жоқ" деген желеумен тоқтатып тастады. Енді онымен әрі қарай Құрылтай депутаттары айналыса ма, жоқ па, бір Құдай біледі. Осы жерде тағы бір құпияны ашайын. Біз мәжілістен кетер кезде бір масқараға тап болдық. Шетелдіктер Қазақстанға "суррогат-ана" болуға көптеп тапсырыс береді екен. Оның саны шектелмеген. Тіпті бізде бір қытай азаматының жүздеген бала туып беруге ақша төлегені жайында ақпарат болды. Бірқатар депутат соған тыйым салу үшін жаға жыртысып, кеткенге дейін "Осы жерде өлсек, өліп кетейік" деп қабылдауға жанын салған соңғы норма еді. Қазір соны қайта қарайды деп жатыр. Неге? Мұны бізге кім түсіндіреді? Себебі ол жерде біз жоқпыз ғой. 

Фото: из открытых источников/Ринат Зайытов

"Көзқарасым өзгерді, бірақ қай жағынан екенін айтпаймын"

 – "Мәжіліс – жеке батырлық жасайтын жер емес" деген сөзіңіз бар. Мұны өз депутаттық тәжірибеңізге қатысты айттыңыз ба? 

– Неге десеңіз, нәтиже бермейді. Біз мемлекеттік активтерді қайтару комиссиясы кезінде бір-ақ дауыстан ұтылып қалдық қой. "Мұны үкімет емес, мәжіліс қадағаласын" дедік. Сол кезде 15 депутаттың 8-і үкіметті жақтады да, жеті дауыспен жеңілдік. Міне, сол тұста атын атамай-ақ қояйын, бүгінде Құрылтайға депутат болып барған бір азамат тайқып кетті. Бәлкім, сол "еңбегі" үшін Құрылтайға өткен шығар. "Мәжіліс – жеке батырлық жасайтын жер емес" дегенім сол. Себебі қанша жерден айтсаң да, жүздеген депутаттық сауал жолдасаң да, ол бюродан өтпей қалады. Ал сенің депутат ретінде салмағың көріну үшін, жаныңда сол позицияны қолдайтын кем дегенде 30 депутат болса, міндетті түрде қарастырылады, өтеді. 
Есіңізде ме, ЛГБТ-ға қарсы заңды біз бастадық қой. Олар "Бізді азғын деп айтты…" деп сотқа берді. Сонда депутаттық сауал жолдағанда "98 депутат­тың ішінен он төртің ғана қолдадыңдар, бұларың не?" деп әріптестерімнің намысына тигеннің өзінде 21 депутатқа әрең жетті. Бұл да мемлекеттік мәселе емес пе?! Табанының бүрі жоқ адамдар жетеді және олар барлық жерде бар. Бәлкім, кейбірі жеке жұмысынан айырылып қалғысы келмейді, бала-шағасын ойлайтын шығар, әркімнің ұстанымы әрқалай ғой. 

– Депутат ретінде ең көп сын айтқаныңыз – мемлекеттік тіл мен ұлттық мәдениет болды. Қазақ тілінің мемлекеттік басқару мен қоғамдық өмірдегі орны туралы мәселені депутат болып келгенде басқаша түсіне бастадыңыз ба? Бір жиында қазақ тілінде қойған сұрағыңызға жауап қазақша берілмей, өзіңіз орыс тіліне көшуге мәжбүр болып едіңіз. Бұл жағдай сізге нені көрсетті? 

–  Парламент қабырғасында мүлдем орысша сөйлеген жоқпын. Ал орыс тіліне көшіп кеткенім, сол кездегі министрлік өкілінің шала сауат­тылығын бетіне басқым келді, болды. Мен үшін лауазымы да, басқасы да маңызды емес, мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын кез келген адам – шала сауатты. Орысша айтқанда, "полуграмотный". 
Дегенмен 35 жылдың ішінде қазақтілді тұтынушының көбеюі қуантады. Бірінші фактор – қазақтардың саны өсті, екіншісі – ауыл тұрғындары қалаға ағылып, орыстілді ортаны еріксіз ығыстыра бастады. Үшінші – білім, ғылым, басқа салалар қазақша сөйлеуге көшті. Сондықтан эволюциялық өзгеріс – өте үлкен өзгеріс. 

Ал билік тізгінін ұстағандардың қазақ тілінде сөйлемеуі, тұшымды жауап бермеуі – екінші мәселе. Өйткені ол заңмен бекітілмеген. Біз оларға мүмкіндік беріп қойдық. Мәселен, мәжілісте бір депутат министрлік өкіліне "Қазақша сөйлеңіз!" деп сөзге келіп қалса, "Президент рұқсат еткен, өзім білемін, маған орыс тілінде сөйлеу – ыңғайлы" деп шыға келеді. Сол кезде онымен сөз таластырсаң, ол – сенің әлсіздігің. Себебі бұл жерде заң сөйлеп тұр. Сол кездегі Конституцияның 7-бабының екінші тармағында: "Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады" делінген. 

Енді "Тіл туралы" заңға келейік. Осы заңның 2-бабында: "Мемлекеттiк, мемлекеттiк емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қызметiнде тiлдердi қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заң реттейтiн мәселе" деген. Ал мәжіліс екеуіне де жатпайды. Бұл – заң шығарушы орган. Демек, мәжіліс қабырғасында орысша сөйлеу­ге заң рұқсат етпейді. Қазақ тілі – этностың тілі емес. Оның "Мемлекеттік тіл" деген мәртебесі, анықтамасы бар. Осы мәселені келе салғанда Қазыбек Иса екеуміз шегелеп бастадық. Сол кез­де Алтай Көлгінов уәде беріп, орындамай кетіп қалды. Сосын бұл жұмысты Тамара ­Дүйсеновамен де аяқтай алмадық. Әрі қарай ықылас та болмады. Бәрі "Ақорда не дейді?!" деп шығады. Әйтпесе, бізде "Мемлекеттік тіл туралы" заң дайын тұр. Бірақ ол заң жазылмағанның өзінде әрбір азамат­тың ұяты һәм қоғам, билік талап етсе, қазірдің өзінде заң қазақша сөйлеуге барлық мүмкіндікті ашып қойған. Тек нақты талап жоқ. 

– Ал жаңа Конституцияның 9-бабындағы қазақ және орыс тілдерінің қатар қолданылуына қатысты көзқарасыңыз қандай болды? Сіздіңше, "тең" мен "қатар" ұғымдарының құқықтық әрі саяси салмағы неде? 

– Біріншіден, қазақ тілі мен орыс тілі қоғам шулағаннан кейін ғана "қатар" тұратын болды. Бұл – қоғамның жеңісі. "Құқықтық актілер туралы" ҚР заңы бар. "Теңтүпнұсқалық" (эквиваленттілік) ұғымы бойынша, осы Заңның 24-бабына сәйкес, Қазақстандағы барлық нормативтік құқықтық актілер (заңдар, қаулылар, бұйрықтар) қазақ және орыс тілдерінде қатар әзірленеді. Заң бойынша екі тілдегі мәтін де теңтүпнұсқалы (яғни мағынасы бірдей, заңдық күші тең) деп есептеледі. Орыс тілінің қолданылуы құжаттың заңдылығын анықтайтын шарт емес, екі тілдегі нұсқаның да күші бірдей" делінген. Ал бұл жаңа Конституцияда "қатар" деген сөзге ауысып кеткеннен кейін әлгі құжат автоматты түрде күшін жояды. "Тең" тұру енді жоқ. "Тең" мен "қатардың" айырмашылығын сұрасаңыз, бұл жерде үкіметтің, яғни биліктің реакциясы ғана. Айырмашылық деген – осы. Қаңтар оқиғасынан кейін алғаш рет қоғамның көшеге шықпай-ақ дегені болды. 

– Сіз кей мәселелерде биліктің ұстанымын сынадыңыз, кейбір реформаларды қолдадыңыз. Депутат болған үш жыл сіздің билікке деген көзқарасыңызды өзгерт­ті ме? 

– Көзқарасым өзгерді, бірақ қай жағынан екенін айтпай-ақ қояйын. Белгілі адамдарға деген пікірім де өзгерді. Кезінде жақсы көретін азаматтарды сол жерге барғаннан кейін жақтырмай қалдым. Керісінше, сырт­тай түсініспей жүргендерді жақын тарттым дегендей. Сондықтан көзқарас жан-жақты өзгерді. Менің түсінгенім, жалғыз жортпасаң, үкіметтің ұстанымы сенің пікіріңе кереғар болмаса, мәжіліс – бүкіл елдің жағдайын реттеп қойып, рахатын көріп отыруға мүмкіндік беретін жер. Себебі біздің кезімізде мәжілістің қолында бірталай мүмкіндік болды. Мәселен, мәжіліс жаппай қолдаса, базалық пайыздық мөлшерлемені де түсіріп тастайтын едік. Айналдырған 4-5 депутат айтады, бәрібір дауысқа салғанда, қалғаны қолдамайды. 

– Айтыста қарсыласыңыздың әлсіз тұсын бірден байқайсыз. Парламентте де дәл сондай пікірталаста ең қиын қарсыласыңыз кім болды?

– Кім болады дейсің, әрине, бетсіздер ғой. Оларды жеңу мүмкін емес. Ондай адамдар жетеді. Солар маған қиын қарсылас болды.

– Сізді қолдағандар да, "популизмге салынып кетті" деп сынағандар да болды. Мұны қалай қабылдадыңыз?

 – Бұл сөзді жақсы қабылдаймын. Бірақ кез келген нәрсенің дәлелі болуы керек. Маған популизм не үшін керек? Популизм депутатқа келесі сайлау­ға түсу үшін, яғни елдің назарында болып, оның атын ешкім ұмытып қалмау үшін қажет. 2001 жылдан бері бүкіл қазақ атымды жатқа білетін маған популизм не үшін қажет екенін түсіндіріп беретін біреу бар ма? "Мына мәселені көтергенің нағыз популизм болды" деп айтсыншы. Шын мәнінде, популизм деген – бір сауал жолдап, артынан секіріп кету. Өзекті түйткілді уақытында қозғап, жеме-жемге келгенде тайқып шығу. Менің түсінігімде популизм деген – сол. Күнде Парламент мәжілісінің алдына шығып, "мен бүйт­тім, сөйттім" деп бейнежазба жазып, жариялайтын кейбір әріптестерім де болды. Бұл популизм емес пе? Бірақ ол заң жобасына кімдердің атсалысқанын біз білеміз ғой. Сондықтан менің тарапыма "популист" деп айтатын адам болса, ешқандай ренішім жоқ. Бірақ бір өтінішім бар, нақты дәлелмен айтсын.

"Мені жаңа партияға шақырған жоқ"

– Ал Құрылтайға енген кандидаттардың тізіміне неге ілікпедіңіз? 

– Себебі мен құрамында болған партия жоғалып, жоқ болып кетті. Жалпы, өзім командный адаммын. Егер белгілі бір ортада, мәселен, айтыста қызмет еттім бе, сол айтыстың абыройы үшін барымды саламын. Атақ, жеке бастың мүддесі үшін емес. Өмірімде алғаш рет "Аманат" партиясына саналы түрде кірдім. Сол кездегі бірге еңбек еткен кадрлар өте ұнады. Тіпті бөлімдегі, өңірдегі филиалдар мамандарымен энтузиазммен жұмыс істедім. Үш жылда "Аманат­тың" басы-қасында жүргенде "Нұр Отанның" иллюзиясын барынша алып тастап, жаңа партияны басқа жағынан көрсете алдық деп ойлаймын. Менің арман-тілегім осыны соңына дейін жеткізіп, атқарылмаған жұмыстарды іске асырып, бүкіл елге пайдасын тигізу еді. Ал осының бәрі бір-ақ күнде қирағанда "Мына үй өртеніп жатыр екен, ана үйге қашып кете­йін" дейтіндей әрекет маған тән емес. Ал "Жаңа партияға кіре қояйын…" деу менің принципіме кереғар. Мені шақырған жоқ, себебі ешкімнен шақырту күткен жоқпын. 

– Егер ұсыныс түскенде тағы да депутат болудан бас тартпас едіңіз ғой, солай ма?   

– Жоқ. Себебі Құрылтай және Халық кеңесі туралы заң жазылғанда басы-қасында болдым. Ішіндегі нормалардың қалай жазылғанын көрдім ғой. Бұрынғыдай жұмыс істеуге мүмкіндік болмайтынын білдім де, ұмтылғым да келмеді. Шыны керек, ой да болған жоқ. Жалпы, билікпен келісімге келген 2020 жылдардың аяғы мен 2021 жылдың басында үнемі айтатын бір-ақ нәрсем бар. "Ешкімнен қызмет сұрамаймын. Маған тек елдің сөзін жеткізуге мүмкіндік берсе, болды. Өзгесінде шаруам жоқ, басқа үмітім де, амбициям да жоқ. "Ертең Құнан­бай болсам, сосын Құдай боп кетейін" деген ой болған емес.     

– Мемлекет басшысы ­Қ.Тоқаев билікке келген сәттен бастап "Жаңа Қазақ­стан", "Әділетті Қазақстан" құру бағытын жариялады.  Сіздіңше, жағдай қалай өрбіп жатыр? Парламент ішінен қарағанда, бұл бастамалардың қайсысынан нақты өзгеріс көрдіңіз немесе қай мақсат пен нақты нәтиженің арасы әлі алшақ?

– Әркімнің әртүрлі пікірі бар. Мен ойымды айтпай-ақ қояйын, тек фактілерді сөйлетейін. Миллиардтаған ақша жегендер бостандықта жүр, ал фейсбук желісінде ашынып, комментарий жазғаны үшін бес-алты жылға сотталып жатқан қоғамда әділдік бар ма, жоқ па? Менің түсінігімде бұл әділдікті көрсетпейді. Кісі өлтіріп, мемлекет тонағандар әрі кетсе бір-екі жылда шығып кететін қоғамда қандай әділдікті айтуға болады?! 
  Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша сотталған тұлғаларға амнистия қолдануға көмектесуін қатаң түрде сұрадым. Тіпті "мына заң асығыс, кішкене тұра тұрайық. Бұл тек байшыкештерге, көшеде заң бұзып, айыппұл төлмегендерге ғана арналып жасалып жатқан сияқты. Мұның пайдасын күллі қазақ көрсін" деп өтініп, жалындым. Бұл мәселені экс-әріптестерім Абзал Құспан, Ермұрат Бапи бәріміз қанша шырылдап айттық. 

"Материалдық жағдайым әлдеқайда төмендеп кетті"

– Депутаттық мандат сізге не берді? Материалдық мүмкіндік пе, саяси тәжірибе ме, әлде халық алдындағы жауапкершілікті арттырды ма?

– Шынымды айтайын ба? Қоғам қалай қабылдайтынын білмеймін, бірақ мәдениет, өнер саласындағы біраз адамның еңбегінің бағалануына себепкер болғаныма қуанамын. Маған тигізген бір пайдасы – осы. Бүкіл халықтың демей-ақ қояйын, мені қолдайтын 300-500 мың адам бар шығар, солардың мүддесімен барынша күресуге тырыстым. Оның ішінде нақты атқара алмаған іс – Қаңтар оқиғасында қайтыс болған және сотталып кеткендерді толықтай ақтауға қол жеткізе алмадым. Олардың ата-аналары, туыстарымен әңгімелестім. Тек екеуі ғана ақталды. Не десек те, халық өмірінің өзгеруіне, жеңілдеуіне атсалыса алған жоқпыз. Мұны неге жасырамын? Қолдан келгенін істедік, мүмкіндік берілмегені қалды.
Ал тұрмысыма келсек, жалпы мені білетін таныстарыңыз болса, әлеуметтік жағдайымды жақсылап айтып береді. Астанада қызметтік пәтерде тұрдым, оны 1 шілдеде өткіздім. Қазір пәтер жалдап тұрып жатырмын. Көлігім сол баяғы. Бұл қалада бала-шағамның болашағы үшін қалуға тура келді. Үш жыл ішінде екі-үш кәстөм-шалбардан артық зат алсам, келіп бетіме бассын. Алайда осы уақыт ішінде материалдық жағда­йым әлдеқайда төмендеп кетті. Себебі бұрынғы табысым бұдан екі-үш есе көп болатын. Ол кезде той-томалақта жүрдім ғой. 

Фото ашық дереккөз/Ринат Зайытов

– Айтысты сағындыңыз ба? Саясат сахнасынан кейін айтыс сахнасына қайта оралу ойыңызда бар ма? Соңғы кездегі айтыстарға қарап, бүгінгі ақындар халықтың сөзін айтып жүр деуге бола ма? 

– Әрине, сағындым. Қатысқым келеді. Бірақ ең соңғы рет айтыстағы жағдайдан кейін қайта барсам, мүлдем жаман бола ма деп ойлаймын. Онсыз да қазір айтысқа шүйліккен адам көп. Мен айтысқан "Асыл домбырада" не болғаны есіңізде ме? Енді барсам, айтысты жауып тастай ма деп қорқамын. Үш жылда сөйлеу стилім өзгеріп кеткен жоқ қой. Сол баяғыдағыдай сөйлеймін, солай айтысамын. Сөз саптау стилім сондай. 25 жылда өзгермеген дүние үш жылда қалай өзгеріп кетеді? 

Ал бүгінгі айтысқа келсек, цензура бар. Керісінше, біздің кезімізбен салыстырғанда әлдеқайда қысып тастаған. Халықтың да айтыс десе, делебесі қозатын заманы өткен сияқты. Күткен, қалаған сөзін ести алмаса, ақын жұрттың көкейіндегісін айта алмаса, кім көреді? Мысалы, әзіл-сықақ театрына күлу үшін барасыз ғой, бірақ олар жылатып жіберсе, екінші рет жоламайсыз да. Бұл да сондай ғой. 

Енді айтысқа қашан рұқсат етеді, сол кезде келемін. Себебі 2024 жылы "Асыл домбырада" Балғынбек Имашев екеуміз айтысуымыз керек еді. Бірақ бізді қатыстырмады. Оны бір білсе, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Аманжол Әлтаев біледі. Себебі Жүрсін Ерман ағамыздың денсаулығына байланысты соңғы жылдары айтысты ұйымдастырып, басы-қасында жүрген сол кісі. 

– Таяуда ғана Маңғыстау облысында өткен айтыста сахнаға мас күйінде шығып, қарсыласына қарата былапыт және балағат сөздер айтқан ақын Мақсат Ақановтың әдепсіз әрекеті әлеуметтік желілерде қатты талқыланып, халықтың үлкен сынына ұшырады. Бұған не дейсіз? 

– Мақсат деген қазақта жалғыз ғой. Кезінде әріптесім болды. Оны кімнен қорғап, кімнің алдында ақтау керек? Сахнада мемлекеттік туды бұтына байлап алып, қыздарға қатысты былапыт сөз айтқан әнші кешірім сұрады ма? Сол сияқты Мақсат Ақанов та ешкімнің алдында кешірім сұрауға міндетті емес еді, ал сұраса өзі біледі. Жазушы Дулат Исабековтің "Тыныштық күзетшісі" повесінде "О несі-ай түге, өзі нақ бір етегіне намаз оқып жүрген адамдай…" дейтін жері бар еді, сол сияқты қоғамның қысымы болған шығар.  

Егер айтыста бұрын-соңды мұндай құбылыс болмаса, онда кешірім сұрауға міндетті. Ал 2001 жылдан бері үлкен айтыста жүрген ақын ретінде  шындығын айтайын, бұл менің көзім көрген жүзінші оқиға шығар. Мәселе, бір өнер адамына екінші адам көбірек жауапкершілік артуға болмайды. Олардың әлі күнге еркелеуге, қателік жасауға мүмкіндігі бар. Өкінішке қарай, менде жоқ. Қазір бір қателік жасайыншы, не болады деп ойлайсыз? Айтқан шындықтың өзін өтірік қылып шығарғысы келеді. Егер бір нәрсені өтірік айтсам немесе шалт басатын болсам, онда есекке теріс мінгізіп жібереді ғой.   

– Депутат болған үш жылда досыңыз көбейді ме, әлде кімнің жай ғана мүдде үшін жақын жүргенін түсіндіңіз бе?

– Біреумен дос болдым, біреумен ренжістік. Өмірдің өзі содан тұрады ғой. Жақсы достар таптым, қазір араласып жүрміз. Бәлкім, болашағым солармен байланысу үшін де Құдай осында әкелген шығар. "Дұшпан жоқ" деп тағы айта алмайсың. Шамасына қарамай, албаты балаққа жармасатындар көбейді. Екіншіден, үш жылда кейбір дос-жаран, туыспен ренжісіп болдым. Қоғамның бәрі әділетті емес қой. "Қолыңда тұр ғой, маған ананы істеп берші, мынаны шешуге көмектесші" дейді. Сондайдан шаршадым. 

– Халық сізді ақын ретінде таныды, кейін депутат ретінде көрді. Енді сіздің қоғамдық өмірдегі келесі рөліңіз қандай болмақ?

– Өмір бойы мәдениет саласында білім беру, ағартушылықпен айналысып келемін. 15 жасымнан бастап айтыс сахнасында жүрдім, сосын театр­ға келдім. Қазір де сол мәдениеттің айналасындамын.

Сұхбаттасқан 
Динара Мыңжасарқызы

Сайт Әкімшілігі