Axios: АҚШ пен Иран бір-біріне шабуыл жасамауға қайта келісті
АҚШ пен Иран кем дегенде 30 маусымға дейін бір-біріне шабуыл жасамауға келісті. Бұл күні Катарда Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру мәселесіне арналған келіссөздер өтеді.
Бұл туралы Axios басылымы Вашингтондағы дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Басылым мәліметінше, тараптар 30 маусымда Катарда кездесіп, Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасын қайта бастау мәселесін талқылауға ниетті екенін растаған.
Қазір бұғаз тек ішінара ашық. Иран барлық кемеден бағыттарын елдің әскери басшылығымен алдын ала келісуді талап етіп отыр.
Сонымен қатар Тегеран Батыс елдеріне Ормуз бұғазын толық минадан тазартуға әлі рұқсат берген жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, осыған байланысты кемелер тек екі тар теңіз дәлізімен ғана жүріп өтуде. АҚШ президенті Дональд Трамп бұғаз толық ашылды деп мәлімдегенімен, қазіргі тасымал көлемі АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциялары басталғанға дейінгі деңгейдің жартысынан да төмен.
АҚШ пен Иран қайтадан соққы алмасты
26-27 маусым күндері жарияланған бітімге қарамастан, АҚШ пен Иран арасында қайтадан қарқынды соққылар жасалды.
АҚШ Иранның жағалаудағы бірнеше әскери базасына соққы берген. Бұған дейін Иран екі күн ішінде Ормуз бұғазы арқылы өткен екі коммерциялық кемеге шабуыл жасаған еді. Тегеран бұл әрекетін аталған кемелердің Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) белгілеген бағыттан ауытқығанымен түсіндірсе, АҚШ шабуылдарын Иранның бұғаздағы бақылауын әлсірету әрекеті деп бағалады.
Бұған жауап ретінде Иран Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ әскери базаларына соққы жасады. The Wall Street Journal газетінің мәліметінше, Бахрейндегі әскери нысан едәуір зақымданған.
Осы оқиғалардан кейін екі тарап та атысты тоқтату режимінен шығатынын ескерткен. Ресми түрде бітім 8 сәуірден бері күшінде болғанымен, содан бері бірнеше мәрте бұзылған.
Мұнай бағасы төмендеді
Трамп уәде еткен Ормуз бұғазының қайта ашылуын нарық бірнеше ай бойы күтіп келген. АҚШ пен Иран 17 маусымда өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғаннан кейін мұнай арзандай бастады.
24 маусымда Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 73,22 долларға дейін төмендеп, 27 ақпаннан бергі ең төменгі деңгейге жетті. Ал WTI маркалы мұнай барреліне 69,87 доллардан сатылды.
Сонымен қатар қазіргі бітім түпкілікті келісім болып саналмайды. Меморандумға қол қойылған сәттен бастап 60 күн ішінде тараптар Иранның ядролық бағдарламасы, АҚШ әскерін көрші елдерден шығару және Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден ақы алу мәселелері бойынша ортақ келісімге келуі тиіс. Әзірге бұл келіссөздердің барысы туралы жаңа ақпарат жарияланған жоқ.